Оразаев Свет (1932-2001) белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ілияс топырағында туып, Сәкен топырағында тыныстады. Ол ұзақ уақыт бойы Ақадыр аудандық газетінде әдеби қызметкер болып істеді. Осы жылдары қарапайым еңбек адамдарының поэтикалық портреттерін жасады. Бірқатар жыр жинақтарын шығарған. Ақадырда жүріп «Өлеңім-өзім» кітабын жазды.
БАТЫР БАБА
(баллада)
Қызынан Қуандықтың,
Арқа жақтың,
Өнген Жақаң, өскен-ді жалындап тым.
Өз кезінде нағашы жұрты жаққа
Жолы түскен болатын Жарылғаптың.
Есейген,
Тани білген ақ, қараны,
Өз-өзін жүрген кезі баптап әлі,
Нағашы-батыр аға үйінде ол
Мынадай жағдайға бір тап болады:
Нағашы тұрмысты да,
Өмірлі екен,
Демалып жатты соның төрінде кең.
Жақаңның нағашысы Сатай батыр,
Сол кезеңде тұп-тура елуде екен.
Нағашы жиеніне тік тұрады,
Ал жиен көңіліне құт тұнады.
Бір күні осы үйдегі шайпау келін,
Батырды найза-тілмен сұққылады.
Айылын жинамай еш долы келін,
Қозғалса,
Кес-кестейді жолын оның.
Сонда Жақаң іштей бір тілейді тек:
«Басыма бермесінші соны менің!»
Жүзінде әлдеқандай бар мұңаю,
Дейді іштей жинақтай ғап барлық ойын:
«Көрермін бәлкім менде осындайды,
Мұңдайды көрсеткенше ал, құдайым!»
«Елу жастан асырма!» деп тілейді,
Өзін-өзі іштей бір «тепкілейді».
Тілегі орындалып ақырында,
Елуінде өмірден ол өтті дейді.
Осындай көріпкелі болған оны,
Келмеске аттандырған қолдан елі.
Түйтеұлы Жақаңның осылайша,
Елуде өз басына «қонған» едім.
(Неткен бір аянышты өлім еді!
Бұл сауал мазалайды тегі мені).
Жәнібектей би ұлы, ал сүйегін,
Түркістанға жеткізген көрінеді.
Өлімі әр жүректі елжіретті,
Елжіретті,
Қайғыдан ел жүдепті.
«Құдайдан» өзі сұрап алған сол бір
Өлімнен бері екі жүз он жыл өтті.
Мына бір жағдайды да айтам енді:
Кенелтіп бал-шаттыққа байтақ елді.
Араға екі жүз он жылда салып,
Ер Жақаң арамызға қайта келді.
Осынау бір у-шулы жарқын шақта,
Келмей қайтсін?
Қайтпекші тартыншақтап?
Бұл күнде оралған ол ортамызға,
Баяғы ер мүсінді қалпын сақтап.
Әнеки,
Болмысына қара да тұр:
Ер Жарылғап – дана би,
Дара батыр.
Ел-жұртының қолымен тұрғызылған
Төр-тұғырды бетке алып бара жатыр...
“Зілге толы көптен жүрек…”
Зілге толы көптен жүрек,
Шаттығымнан басым қайғым.
Күйінішпен өткен жүдеп,
Қарақайыс – Қасымдаймын.
Жасырайын қалай ғана,
Зейнетімді бейнет ұтты.
Күңіренген Абайға да
Ұқсай қалам кейде тіпті.
Көңілді бір көтермей де,
Кеудемдегі күйім кеміп.
Сияқтанып кетем кейде
Мәдиімше құйын болып.
Махамбетше өз басымнан
Айрылып та қала жаздап…
Күйік таптым көз жасымнан,
Шабыт оты шала маздап.
Біріндей боп бақсыз жанның
Азынадым әр уақта.
Балқашымдай бапсыз қалдым,
Аралымдай аңырап та.
Қалжыратты салмақтылау,
Сан алуан ой тым мені.
Қабағыма саулап қырау,
Қалғып кеттім кей күндері…
http://shet-muzei.kz/kz/zhanaly-tar/403-orazaev-svet-1932-2001-belgili-a-yn-aza-stan-zhazushylar-oda-yny-m-shesi.html#sigFreeIdc40b4243bf