1988 жылы ауданның 60 жылдық мерейтойына орай ашылды. 1988 жылдан 1997 жылға дейін Жезқазған облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлімі ретінде жұмыс атқарды. 1993 жылдан бастап 2006 жылға дейін аудандық тарихи-этнографиялық мұражай болып аталды. 2006 жылдан бастап Шет аудандық археологиялық- этнографиялық мұражай болып мемлекеттік тіркеуден өтті. 2008 жылдан Қарағанды облысы әкімдігі Қарағанды облысы мәдениет басқармасының «Шет аудандық археологиялық-этнографиялық мұражайы». Мұражай қорында 2911 экспонат бар. Мұражай көлемі 256,9 шаршы метр. Көрме залы - 183 ш.м. 2010 жылы «Жол картасы» бағдарламасы аясында мұражайда 12.866 тг.ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұражай – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, т.б.мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме.

 

Шет аудандық археологиялық-этнографиялық музейінде Шет өңірінде өмір сүріп, тарихта өшпес із қалдырған батырларымыз, ақындарымыз бен жырауларға, от ауызды орақ тілді би-шешендеріміз және де ауданның алғашқы құрылу кезеңі 1928 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі тарихынан толық мағлұмат беретін бес тұрақты зал жұмыс істейді.

 

Бірінші экспозициялық залҚазақ халқының этнографиясы залы –  этнографиялық материалдардан тұрады. Қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмысы мен бай рухани, материалдық мәдениетінен сыр шертеді. Залдан түпнұсқа фотоматериалдар, тұрмыстық және қолданбалы өнер бұйымдарын, сонымен қатар қазақ халқының киім-кешектері мен киіз басу өнерін көруге болады. Залдың төрінде қазақ мәдениетінің бірегей символы саналатын – киіз үй орналастырылған. Қазақтың киіз үйлері – ұлтымыздың мақтанышы. «Қасиетті киіз үй» экспозициясы ғасырдан  ғасырларға мұра болып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін тұрмыстық үй-жиһаздармен жасақталған. Киіз үйдің ішкі безендірілуі толықтай жаңарып, биыл басқаша сипат алды. Қазақтың ою-өрнегімен көркемделіп, киіз үй жабдықтары сәндік мағынаға ие бола түсті. Экспозицияда сәнді қазақы оюланған текеметтер, сырмақтар, басқұрлар, тақыр кілем мен түкті кілем, алаша, дәстүрлік қазақ қоржыны және де т.б.тұрмыстық заттар қойылған. Киіз үйдің төрінен  көздің жауын алар түскиіз орын алған. Ортада қазақы оюмен безендірілген жер үстел қойылған. Үстелге қолдан жасалған  ағаш ыдыстар, торсық қойылған. Керегеге қасқыр және түлкі, мәлін аңдарының терілері ілінген. Қамшы мен домбыра төрінен орын алып тұр.

 

 

«Қыран құстың қанаты талмас» көрмесі. Құсбегілік — қазақ ұлтының қанына сіңген көне дәстүр. Шет өңіріндегі ең алғашқы салбурын жарысын ұйымдастырушы, Австрия, Германия Франция мемлекеттерімен тығыз байланыста болып саятшылықты дамытып жүрген құсбегі Тілеуқабыл Есенбекұлының және ҚР танымал  құсбегі болған, кешегі жерлесіміз, саятшылық өнердің ізін қалдырған Бірлік Имановтың құсбегілік заттары көрмеге қойылды. Сүйектен жасалған бүркіт балдақ, ағаш бүркіт балдақ, сапты аяқ-2, томағалар, былғары биялай түрлері, түтік, бөлеу көрпе, жем қалта, шідер, аяқ бау және де кешегі күні бүркітшінің өзі баптаған үлкен қыран құсы- бүркіттің  муляжы  қойылған көрме жасақталған. Шет ауданында бүркітшілік өнерге ерекше көңіл бөлініп, салбурындар бірнеше рет ұйымдастырылған. Соның бірі, Шет ауданында ең алғашқы болып ұйымдастырылған құсбегілердің халықаралық «Салбурын-1995», «Салбурын-1998», «Салбурын-2013»  жарыстары. «Құсбегілік» атты толық мағлұмат беретін баннер орналастырылған.

 

 

«Шертпе күй домбыралары» көрмесі.  Ғасырдан-ғаcырға ауысып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан күйшілік өнерде күй мұрасын жалғастырушы, жеткізуші орындаушылардың  алар орны ерекше.  Шет өңірінде қалыптасқан күйшілік мектептің өкілдерін насихаттап орындаушыларға арналған  «ДОМБЫРА-ДАСТАН»   көрмесі. Бұл көрмеде ауданымыздан шыққан күйшілер   Тәттімбет, Тоқа, Қыздарбек, Әбди, Сембек сынды күйшілердің туындыларын кеңінен насихаттап орындаушы Әбікен Хасенов, Орал Исатайұлы, Дәулетбек Сәдуақасұлы, Қайролла Дәулетбекұлы, Зәрубай Сүйіндіков, Мұстафин Қайрат сынды шертпе күй шеберлеріне арналған материалдар, фотоматериалдар, альбомдар, видеороликтер көрменің маңыздылығын арттырады.  Және де көрме Арқаның асыл шертпе күйшілерінің домбыралары мен  музыкалық аспаптардан тұрады. Ерекше домбыра-Абай Құнанбайұлының домбырасының көшірмесі музейге қорға алынды. Сонымен қатар «Күй ғұмыры», «Аққыз» жинақ кітаптары, «Шертпе күй шеберлері»,   «Күйші- Дәулетбек Сәдуақасұлы», «Ыбыжан Төлегенұлы» фотоальбомдары көрме төрінен орын алған.

 

 

 

Екінші  экспозициялық зал Шет өңірінің этнографиясы  залы қазақтың дәстүрлік мәдениетіне байланысты 12 айналы витрина көрмелік заттармен таныстырады.

       1.Ат –ердің қанаты. Музей қорындағы ат әбзелдері коллекциясы ХІХ-ХХ ғасырлардағы шеберлер туындыларының әр алуандығымен және көркем безендірілуімен, бірегейлігімен және дәстүрлі ортада қолданыста болуымен ерекшеленеді. Ер-тұрмандар әшекейінің басты элементі әр түрлі пішіндегі күміс, металл шытыралар, тоғалар және күміс айылбастар болып келеді. Олар көбінесе соғу, құю, күміспен күптеу, кескіндеу, қырнау, бедер салу, қарала жүргізу сияқты техникалармен орындалып, әйнек және әр түрлі бағалы тастармен безендірілген.

Экспозицияда ат ер тұрмандарына қатысты заттар: күміс үзеңгілер, күміс тағалар, өрме жүгендер, шылбыр,қамшы, құйысқан, өмілдірік, шідер, тұсамыс, ноқта, қамыт, доға, божы сияқты заттар қойылған. 

 

 

 

2.Тұрмыстық бұйымдар. Айналы витриналарда ағаш Шет аудандық  музейінде ыдыс-аяқ пен жиһаздың  коллекциялары сақтаулы.  Бұл заттар музей қорына этнографиялық экспедициялар барысында жинақталған, сонымен бірге жекелеген адамдардың музей қорына өткізуімен толықтырылған. Аталған музейлік бұйымдардың барлығы дәстүрлі ортада қолданыста болғандығымен ерекшеленеді. Музей қорында:  дөңгелек пішінде келген жайпақ және шұңғыл ағаш  табақ және ағаш тегене түрлері, ағаш ожаулар түрлері-4, сүт құюға арналған ағаш ыдыс-топатай-3, шұбат, айран сияқты сусын тасымалдауға арналған торсықтар, күбілер,  темір кепсер, мыс шәйнек-2, шойын қазан-ошақ, жез самаурындар, тағанақ, насыбайкелі-2, ағаштан ойып жасалған тоғызқұмалақ ойынының тақтасы, т.б.заттар бар.

  1. Шет аудандық музейінде егін және мал шаруашылығында, тұрмыста, қолөнерде қолданылатын құрал-саймандардың бірнеше түрлері сақтаулы. Бұл құралдар музей қорына этнографиялық экспедициялар барысында жинақталды, сондай-ақ жекелеген адамдардың музейге сыйға тартуы барысында толығып отырды. Құрал-саймандар жасалған материалына, сонымен бірге заттардың қолданыс аясына қарай қорға бөлініп сақталынады. Аталған музейлік бұйымдардың барлығы дәстүрлі ортада қолданыста болғандығымен ерекшеленеді.

       Еңбек құралдарынан: жер жыртуға қолданылатын соқа; шөп шабуға, оруға арналған - шалғы  сақтаулы. Сондай-ақ, көрмеде  күнделікті тұрмыста және қолөнерде пайдаланылатын құралдардан: ұстаның көрігі, төс, ағашты шауып, өңдеуге арналған түрлі шаппашот,  балға, қайла, бұрғы, қырғыш, темір қайшы, теріден  аяқ киім тігуге арналған аяқ қалыбы,  т.б.заттар қойылған.

Соңғы витринада қазба жұмыстары кезінде табылған аң тістері, қола моншақтар, қоладан жасалған жебе ұштары, қыш құмыралар, жез шәйнек,  минералды тастар шкатулкасы сақтаулы.

 

Үшінші  экспозициялық зал – Шет өңірінің тарихы залы берілген экспозиция барлық жастағы көрермендерге арналған. 

«Ашаршылық және репрессия жылдарында» көрмесі 30-шы жылдардың трагедиясын, қазақ елінің, оның ішінде Шет өңірінің де көрген қуғын-сүргін, зобалаңын суреттейді. «Зұлмат жылдар» қасіреті бірнеше мыңға жуық Шет өңірінің де халқының өмірін қиып,  қанды қара жазулармен тарихта қалды. 1926 жылы ауданда 48311 қазақ болса, 30-шы жылдардың орта шенінде 5021 ғана адам аман қалған. Жазықсыз репрессия құрбанына айналғандар- А.Тоқтаров, К.Бекболатов, алғашқы ұстаз А.Әбдірахимов, райисполком председателі Р.Жексенбаев, өңірлік газеттің алғашқы редакторы Б.Рсаев, ұстаз К. Жексенбин, халық соты С.Жақыпов, О.Жандығұловтар және т.б көптеген азаматтар. Экспозицияда жалпы репрессия құрбаны болып атылған 106 адамның тізімі қойылған.  Аштық күйреу жылдарында бас көтерген ауыл азаматтарын белсенділер атып тастап отырса, оларды тастаған шұңқырлар, төбелерге  қазіргі уақыттарда белгілер қойылып, ескерткіштер қойылған. Осы тұрғыда архивтік материалдар мен деректер, фотоматериалдар, заттары экспозицияда жасақталды.

 

 

«Шет ауданы ҰОС жылдары». Көрме панорамасында соғыс уақытындағы ауыл халқының қорқыныш пен үрей билеген жүздері, ана мен балалардың ауыртпалық халдері бейнеленген.  Планшетте ерекше ерлік үлгісін көрсеткен жауынгерлер-  «Даңқ»орденінің толық иегері Ботай Байзақовтың, Аманбай Тлеулиннің, Ахметов Қамидың, медицина майоры Гүлімжан Қарсыбекованың т.б. фотолары ілінген. Экспозицияға соғыста ерлік көрсеткен жауынгерлердің орден-медальдары, наградалары, жауынгерлік хаттары, открыткалары, күнделіктері, т.б. деректері мен өмірбаяндары қойылған.

 

 

«Шет өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштері»көрмесі. Қабырғалық-көркемдік панорамалық сюжет арқылы келесі мәдени ескерткіштер көрмеден орын алды: Қызылтаудағы (қола дәуірі)ежелгі металлургиялық зауыт, Кенесары ханның бекінісі,   Тайатқан-Шұнақтағы Ағыбай батыр кесенесі мен Таңбалы тастың суреті, Жидебай Қожаназарұлының кесенесі, Дербісалы батыр мазары, Қаражартас пирамидасы, Сеңкібай батыр мазары, Ақсу-Аюлы, Бұғылы қорымдары, Баян батыр ескерткіш тақтасы т.б. Шет өңірі бойынша республикалық және аймақтық «Қазақстанның географиялық киелі жерлері» проектісі боынша тізімге бірнеше нысаналар енген болатын.

 

 

 

Сонымен қатар,Жанғұтты Ботантайұлының бюсті залдың төрінен орын алған. 

Экспозиция «Тәуелсіздік жылдарындағы Шет өңірі». Бұл көрме ауданның ауылшаруашылығын, кәсібін, мәдениет және білім саласындағы ерекшеліктерін көрсетеді.

 

 

Экспозиция «Шет өңіріндегі жануарлар мен өсімдіктер. Табиғат» деп аталады. (панорамалық инсталляция). Көрме Шет өңірінің табиғатының жан-жануарлар мен өсімдіктерге қолайлығын, және де қазіргі кезде көптеген өңірді мекендеген аң-құстардың жойылып кеткендігін деректермен көрсетеді. Қабырғалық-көркемдік безендірілген көрмеде Шет өңірінде мекендеген аң-құстардың таксидермиялық коллекциясы жасалған. Олар: қасқыр, қоян, түлкі, елік, ақбөкен, фазан-3, борсық, үкі, бүркіт т.б.

 

 

 

Төртінші   экспозициялық зал - Шортанбай жырау Қанайұлына 200 жыл залы.

 

 

Шортанбай Қанайұлы (1818-1881ж.) Түркістан маңындағы Қаратауда туған.  Экспозицияда XIX ғасырдағы зар-заман поэзиясының бел өкілі, өз дәуіріндегі әлеуметтік қайшылықты, туған халқының отаршылдық езгідегі ауыр халін түсіне білген, ел-жұртын имандылыққа, адамгершілікке шақырған  Шортанбай Қанайұлының  портреті  қойылған.

Экспозицияның 1 бөлімінде Шортанбай жыраудың, Күмісбек Ханбатырұлының, Қақпан ақынның портреттері бой көтерген. Және де «Ақын-жыраудың ізбасарлары» атты планшет, сонымен қатар белгілі жазушы-ғалымдар С.Қирабаев, Т.Кәкішев, М.Мағауиннің, К.Жүністегінің  нақыл сөздері мен ақын-жырауға арналған өлең-сөздері көркемделіп, қабырғада панорамалық бағытта экспозицияның тақырыбын аша түскен.

Қарсы қабырғада Шортанбайдың халыққа аса танымал Қазан қаласында басылған  кітабы  «Қыйса-и Шортанбай, Шортанбайдың бала зары» атты дүниесі, 1991 жылы  «Бес ғасыр жырлайды» айдарымен шыққан «Ай, заман- ай, заман-ай» жинағы, т.б. жинақтары қойылған.

Экспозицияның 2-ші бөлімінде жыраудың қысқаша биографиясы жазылған.

Экспозицияның 3-ші бөлімінде  Қарабек деген кісінің пәуескесі қойылған.

Экспозицияның 4-ші бөлімінде XVIII-XIX ғ. кезеңіне тән дәуірлік заттар: қылыш, қамшы көрмені толықтырып  тұр. 

                                                                                    

 Төртінші   экспозициялық зал - Өнер залы   XIX-XXғғ. өмір сүрген  Шет өңірінің батырларына, ақындары мен жырауларына, от ауызды-орақ тілді би-  шешендеріне арналған. 

           Көрмеде қылқалам шебері, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР дизайнерлер одағының мүшесі, ҚР «Мәдениет қайраткері» Б.Е. Мұстафиннің майлы бояумен салынған туындыларынан портреттер галереясы құрылған. Тақырыптары «Маясар Жапақұлы», «Дербісалы батыр» «Күйші Әбікен Хасенұлы», «Абылай хан», «Жанғұтты би және Ағыбай батыр»,  және XIX ғасырда өмір сүрген өз заманының әділ биі, от ауызды, орақ тілді шешені Жақсы Жаңқұтты Ботантайұлының бюсті қойылған.

 Қабырғалық планшеттер. «Еңбек ардагерлері», «Ұлағатты ұстаздар», «Ғылым жолындағы ардақты азаматтар», «Ел тізгіні-ер қолында», «Ел ардағы-ер тұлға» атты тақырыптық фото-көрмелер.

1--6 витриналар. Көрмеде ауданымыздың өркендеуіне, дамуына атсалысқан, ерен еңбегі сіңген аға-апаларымыз, әкелеріміздің фотосуреттерімен қоса, қолжазбалары, наградалары, жекелеген заттары, құжаттары қойылған.

7-ші витринада атақты айтыскер ақын «Маясар Жапақұлының» шапаны, мәсісі және қамшысы қойылған.

8-ші витринада қазақтың ұлттық киімі –күзен  ішік қойылған.