Амантай Рәшитұлы 1947 жылы 18 тамызда Шет ауданы, Ақсу-Аюлы селосы, Ақтөбе бөлімшесінде дүниеге келген. 1975 жылы ауданымызда «Ақсу-Аюлы» ән-би ансамбілінің құрылуына үлкен еңбек сіңірді. 1978 жылы «Ақсу-Аюлы» ән-би ансамбілімен Алматыға барып, сол жолы фестивальда лауреат атағына ие болып, алтын медальмен марапатталып қайтты. Осы жылдың күзінде Жезқазған қаласында бірінші Бүкілодақтық халық театры фестивалінің лауреат атағына ие болды. Әдебиетке құмар. Бала жасынан өлең жазады, әрі айтыскер ақын.
ҒАШЫҚ ЖҮРЕК
Еді ол бір жұлдызды ашық аспан,
Жазғандай ем сол бір шақ талай дастан.
Нәр алғандай сол бір шақ лебізіңнен,
Өтті талай сезімдер, шарлап бастан.
Айналайын көзіңнен, қарындасым,
От шашқандай қиылып қара қасың.
Ұшқын түсті сол бір аптап жүрекке,
Неткен өзің қиылған ару жассың.
Дауа бар ма тәңір-ау бұл жүрекке,
Жетектейді қиялым әр тілекке.
Амал нешік аяулым, арманым боп өтерсің,
Жазылмастай жара салдың жүрекке.
Ия жаным, ерекшесің басқадан,
Аймаласам алам ба деп ренжітіп, жасқанам.
Армандаймын, сағынамын, бір жаныма балаймын,
Қалайша мен қия аламын болса егер басқа жан...
ТУҒАН ЖЕРІМ – АҚТӨБЕ
Туған жерім – Ақтөбе, ыстық маған,
Таныс қой әрбір төбең, сай мен салаң.
Өтті өзіңде, балалық, жастық шағым,
Еркелеген бұлаңдап, мен бір балаң.
Ақтөбеде туған жерім,
Ақтөбеде думанды елім.
Ақтөбеде құрбы-дос, сырластарым,
Туған жерді еске алсам, жыр бастармын.
Бара қалсам елді аңсап, жерімді аңсап,
Тербелгендей келдің бе деп, үнсіз қарсы ап.
Қанбаушы едім самалыңа туған жер,
Теңгермеспін еш жерге мен тек жар сап.
Өсе бер, гүлдене бер, туған жерім,
Әнге қосар өзіңді талай серің.
Тілім жетпес айтуға сымбатыңды,
Мадақтамай кім өтер туған жерін.
АЮЛЫ – АУЫЛЫМ
Нұра бойын жайлаған,
Шетім міне бүгін қандай жайнаған.
Еңбекте озат, өнер сүйгіш қауымы,
Шаттық өмір бүгін міне айналам.
Аюлының баурайынан,
Ауылым менің қойылған.
Еркелеген самал есер,
Қырың менен ойыңнан.
Жан анамдай нәр алғанмын,
Өскен жерім бойыңнан.
Туған жері әркімге ыстық,
Мәңгі шықпас ойыңнан.
Осы жерден талай жан,
Ғарыштаған арманға.
Бұл мекеннен самғағандар,
Шарықтаудан талған ба?
Тілім жетпес айтуға сымбатыңды,
Бала кезден жаттаған бір атыңды.
Ақсу-Аюлы деп қойған бабаларым,
Көре берсем тояр ма екем ләззаттыңды.
https://www.shet-muzei.kz/kz/zhanaly-tar/402-a-su-ayuly.html#sigFreeId134d2bcd10