«ШЕТ ӨҢІРІ АҚЫНДАРЫНЫҢ АНТОЛОГИЯСЫ» Сәттібайұлы Оқа/Әбдуақас/ (1863-1929) Қарқаралы уезі Ақшатау болыстығының 10-шы ауылында дүниеге келген. Ақсүйек ақындардың бірі. Жүйрік ат, алғыр құстарды топ-тобымен ұстаған. Абай сегіз аяқ жазса мен он алты аяқ жазам дейтін ақынымыз осы. Бүгінгі күнге жеткен өлеңдері көп емес. Заманында «Абылайхан» атты дастан жазыпты. Жаңа құрылысты жақтамаған.  Саяси көзқарасы үшін өкімет тарапынан қудаланады. 1928 жылы аудан орталығында «Мамыр» мерекесі кеңінен аталып, ақындар өлең оқиды. Сонда Оқа ақын өлең оқып бәйге алғанның орнына қамауға алынады. Халық жауы ретінде Жарас өзенінің бойында атылады (1929).

Бадырай Тірлік

Той – дүрмектен қалмадым,

Жабыдан айғыр салмадым.

Опалы бола алмадық,

Құс тістеген  сандалым.

Шәйірдің күні құрысын,

Сейістің күні құрысын.

Көзіңді сүзіп қотырға,

Иелік еткен ұрысың.

Қызуын – ай құшырдың,

Сақетерді ұшырдым.

Қотырға емес, шүйке емес,

Қаратасқа түсірдім.

Шәйір болар өр теңі,

Сейіс болар өр тегі.

Қызғыштаумен жайдақты,

Қала барам өртеніп.

Күлдір – күлдір ер түлік,

Бақ та, сорың – бір күлік.

Сорласын мені демесең,

Қала көрме мертігіп.

Сүріне көрме сандалым,

Тараулы шашам, шандалым.

Бадырай тұрған бүгінім.

Суқараң қалай алдағым?