Ермек Мұстафаұлы (1917-1990) – Шет ауданының қазіргі Бұғылы баурайында дүниеге келген.

Өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп, ел құрметтісі атанған жандардың бірі Ермек Мұстафаұлы - ақын, актер, әрі әнші—композитор. Өнерді биік мәреге көтеріп, рухани қазынаға айналдырған, Шет ауданынан шыққан ұлттық өнердің ұлықталуына өлшеусіз үлес қосқан өнерпаздардың бірі.

С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облысы драма театрында актер, әнші болып қызмет істеген (1941-1956). Қазақстан халық әртісі Мүлік Сүртібаевпен «Қозы Көрпеш-Баян Сұлудағы»  Қозының, «Қыз Жібектегі» Төлегеннің рөлдерін алмасып орындайды. Кеншілер сахнасында «Еңлік-Кебектегі» Кебектің, «Айман-Шолпандағы» Әлібектің, «Исатай Махамбеттегі» Махамбеттің, «Ер Тарғындағы» Сақанның образдарын сомдайды. Халық әндерін, ақын-жыраулардың жырын жұртшылыққа насихаттаған айтулы өнерпаз. Ермек Мұстафиннің орындауындағы  Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Үкілі Ыбырай, Әсет, Балуан Шолақ, Абай, Мәди әндері жаңа бір қырынан көрініп, жүрекке жылы тиіп  шырқалды. Сондай-ақ Мақтымұлы, Омар Һаям, Бұхар жырау, Шортанбай, Кемпірбай, Шөже, Зейнеп,  Қақпан, Маясар ақындардың мұраларын   насихаттауда көп еңбек сіңірген.  Ақын өлеңінің басты тақырыбы туған елге, жерге деген іңкәрлік сезімге құрылған. Әр жылдары жазған өлеңдері аудандық «Ильич туы», облыстық «Советтік Қарағанды», «Лениншіл жас» газеттері, «Жұлдыз» журналы т.б. басылымдарда жарияланған. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

#Шетаудандықмузейі

#сарыарқаақындары