Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының күйі  «Торы жорға».  Күйді  жазушы, журналист Шығыс Қазақстандық Ғайса Сармурзиннің (1904-1987) орындауында, күйші-зерттеуші, ғалым Уәли Бекенов 1983 жылы жазып алып, нотаға түсірген.

«Торы жорға» күйін  Ғ.Сармурзин 1923 жылы Оспан деген домбырашыдан үйренген. Оспан ақын ауылында жылқышы әрі Абайға атқосшы болған кісі.  Абайдың Жетісу елінен сыйлыққа келген Торжорға деген аты болған. Ақынның сүйікті ұлы Әбдірахман Верный (Алматы) қаласындағы ауруханада жатқан кезінде оны күтуге кенже баласы Мағауияны жібереді. Мағауия Верныйдың базарында ұлы жүздің Дәт деген адамына кездесіп танысады. Мағауияның Абай баласы екенін білген соң, ол ақынға дұғай сәлем айтып, Торжорға атын сыйға тартады. Бұл жөнінде М. Әуезовтың «Абай жолы» романында тартымды суреттелген. «Торжорға» күйі көңілді, ойнақы, серпінді орындалады. Күйдің ырғағынан тайпалған ат жүрісі, оның жорғалаған әсем қозғалысы айқын байқалады. Күй әуенінің ырғақ-иірімдері де жарасымды.

Орындаушы - күйші, Өнер мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі, ҚР күйшілер одағының мүшесі, Өнер саласының үздігі төс белгісінің иегері, «Үздік жетекші» М.Илиясованың марапатын, «Үздік ұстаз» С.Майғазиевтің грамотасымен марапатталған Асылбеков Айдын Қантайұлы.

#Шетаудандықмузейі

#сарыарқакүйлері

#dasturli_an_kuiler