Мұсабеков Самат (1924-1981) Шертпе күйдің шебері, айтыскер ақын, әуесқой композитор. Қыздарбек, Сембек, Әбди күйшілердің шығармаларын орындаушы. Қарқаралы уезінің Ақшатау болыстығында дүниеге келген. 1943 жылдан бастап майданның алғы шебінде болады.Соғыстан кейін Германияның демократиялық аймағында әскери комендатурада қызмет істейді. Елге 1947 жылы оралады. Алғашқы кезде шаруашылықта, сауда мекемесінде есепші болады. Кейін қызылотау, Шет аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі қызметін атқарады. Алпысыншы жылдардан бастап халық ақыны ретінде жергілікті және республикалық айтыстарға үздіксіз қатысады. Шығармалары баспа бетінде жарияланған. Өз жанынан ән шығарған. «Қазақпын», «Әйел-ана», «Қарабұлақ» атты әндері мен «Қайран, әкем» атты күйі күйтабаққа  жазылған. «Есей-Дос» атты тарихи дастан жазған.

#Шетаудандықмузейі

#сарыарқаақындары

 

ШАЛТАС

 

Көтеріп Арқалық тұр шөлдің туын,

Жалғасып Жалғызтау мен Қарамұрын.

Айыртау, Ақтас-Шалтас аймағынан,

Көресің жанға жайлы жердің нуын.

 

Өзегін өрлей өскен тал мен қайың,

Көрдің бе көк кілемдей көкорайын.

Қаптап кеп жан-жағынан мыңғырған мал,

Жайлайды қысы-жазы қыр мен сайын.

 

Балауса, бидайықты, шытыраңды,

Дермене, изен, раң, райханды.

Бұйырған, жалмаңқұлақ, қара шалғын,

Көк жусан, шағыр жусан, раушанды.

 

Ақтаспа, шырмауықты, торғын құрақ,

Боз көде, кер бөтеге, қарғатұяқ.

Биемшек, түйетабан, ақбас қурай,

Түптеніп шашын тарар жасыл қияқ.

 

Телпекті, текесақал, наригенді,

Жоңышқа, қара барқын, дегелекті.

Көк мия, аламаңды, жалғыз жуа,

Қымыздық, рауғаш пен шегеренді.

 

 

 

 

Жауқазын, киікоты, қасқыр жемі,

Қараңдыз, тамыр дәрі тартқан желі.

Жапырақ шайыры мен алабота,

Қараған, тобылғының ашқан гүлі.

 

Сән беріп, тасын бүркеп жасыл арша,

Қасқалдақ, жүн қараған, басқан шырша.

Тасжарған, көкемарал, таушымылдық,

Үшқат пен сасыр желек, өскен сарша.

 

Тасында асыр салып арқар, құлжа,

Жеріне жасыл Шалтас аңдар риза.

«Елі байдың жері бай» дегендейін,

Дәулетін жасап жатқан халқы мырза.