Хасен Нарымбекұлы Бодықов (1891 - 1974), төкпе ақын. Шет өңірінде дүниеге келген. Әкесі Нарымбек патша заманында да, кеңес тұсында да болыс болған білікті кісі. Арғын тайпасы, Қаракесек руының Қояншы-тағай бұтағынан шыққан. Ауыл молдасынан хат танып, Қарқаралыдағы орыс мектебінен дәріс алған Хасеннің көзі ашық, өнердің әр саласынан хабары мол болған. 1920 - 1922 жылдары болыстық комитетгің жауапты хатшысы, 1922 - 1924 жылдары милицияда, 1928 жылы Шет ауданы жеке шаңырак көтеріп шыққанда аудандың атқару комитетінде жауапты хатшы қызметін атқарған. Ақынның мұнан арғы өмірі зобалаңға ұласып кетеді. Хасен Нарымбекұлының шығармашылық өнерінін шыны — «Көзбала» дастаны. Дастан 900-ге тарта шумағынан тұратын, әлденеше бөлімді, ірі шығарма. Дастанда өткен замандағы қазақ халқының тыныс-тіршілігі молынан, жан-жақты суреттеледі. Ақын шығармалары бейнелі, сұлу сурет, кұнарлы тілімен ерекшеленеді
Сарыарқа
Сағынып сәлем жаздым Сарыарқама,
Барқыттай қолда Балқаш бар Арқама.
Болғанда қырың киік, ойын балық,
Жалғасқан жалың – көкке, жер – арқама.
Аз туған асыл тектің нәсіліндей,
Ардақты шөгіп жатқан нар Арқама.
Секілді жер кіндігі жездей сұлу,
Айнала ат шаптырым тар арқама.
Сарыарқа сауық құрған жерім қайда,
Орта жүз – Арғын, Қыпшақ елім қайда,
Кең өлке, кемер қияқ, кер Қасқатау,
Бейне жұмақ бес қазылық белім қайда.
Көл бетін қаз бен үйрек мекендеген,
Көкжиек көлемі зор көлім қайда.
Алтындай арасында қызыл-сары құм,
Тасқыны тас ағызған селім қайда.
Сарыарқа, менің өсіп туған жерім,
Мекендеп шөптің басын буған жерім.
Жақ тартып, жалғыз шиден жалаң аяқ,
Қозы-лақ, жар жағалап қуған жерім.
Оранып өмір бойы жібегіне,
Кіндік кесіп кірімді жуған жерім.
Балғын қыз, батыр жігіт бәрі өзінде,
Салтанат, сауық-сайран, думан жерім.
Болғанда елім Арғын, жерім Арқа,
Ақорда алтын басқа дерім Арқа.
Меңіреу шөгіп жатқан мең-зең оймен,
Шеменді шертіп-шертіп, шерім тарқа.
Ел Арғын ежелгісі данышпанның,
Рас қой деген сөзі «Арқа-марқа»,
Күлмеймін, күңіреніп, күйінемін,
Сарыарқа, күйігіңді тарта-тарта.
http://shet-muzei.kz/kz/zhanaly-tar/321-shet-audandy-muzejinen-akyndar-antologiyasy.html#sigFreeId84b88a721c