«ШЕТ ӨҢІРІ АҚЫНДАРЫНЫҢ АНТОЛОГИЯСЫ» айдары. Жәкен Байтуов (1891-1962) Қарағанды облысы Шет ауданының Шаруатеңеу деген жерінде дүниеге келген. Халық ақыны. Ауыл молдасынан оқып, хат таныған. Ел ішінде қиссашылдығымен, жыршылдығымен, суырып салма ақындығымен танылған. Кезінде Майасар, Болман, Жылқыбай, Тұңғышбек сынды ақындармен сөз қағыстырған.
Жәкен Байтуов ескінің көне көздерін де молынан жеткізушінің бірі. Ол, «Қойшы мен қасқырдың, Ақ қой мен қара қойдың айтыстары, Наршөккен, Бірінші майға өлеңдері, «Саржан – Бодық», «Бөрте батыр», Көкжайдақ», «Ақсерке мен Бөрі батыр» сынды бірқатар дастандар жазған. Сал-сал, Абылай, Наурызбай дастандарын жатқа айтып, ел ішіне таратқан. Айтыс ақыны Жәкеннің Жамбыл, Нұрпейістер тірі кезінде 1943 жылы өткен І – республикалық айтыста І – орын алған Арқаның дүлділі Маясармен қақтығысуы оның аса таланттылығының белгісі.
Ақын 1932 ж. қырғын аштықтан, 1937 ж. зобалаңнан, соғыстың ауыр зардабынан тірі қалған халқын өміршеңдікке шақырып отыра, ұлы даланың ұлы мәдениетін сақтап қалуға тырысқан
#Шетаудандықмузейі
#сарыарқаақындары
НАРШӨККЕН
Наршөккен кербез сұлу тау ордасы,
Бұлт құшып, күнді сүйген қыр арқасы.
Жас қайың, сұлу терек, мәуелі гүл,
Жұпардай исі аңқыған таза ауасы.
Қырандар шың басына ұя салған,
Сайында арқар, киік сая қылған.
Тағы аңдар, қызыл түлкі, тағы қарсақ,
Жорытып жотасына ойып салған.
Наршөккен – тарихи тау, жырдың белі,
Ертеде мекен еткен қазақ елі.
Пайдасын байлар көрген өткен күнде,
Демейді өтірік деп ешкім мұңы.
Наршөккен көлбеп жатқан жалғыз биік.
Басқа тау тәжім етер басын иіп.
Тоймайсың қызығына қарап тұрсаң,
Кете алмас көрген адам мұңы қиып.
Сайынан сылдыр қаққан сансыз бұлақ,
Сынаптай сырғып аққан төмен құлап.
Құлпырған көк жібектей басын изеп,
Жайқалып жағасында біткен құрақ.
Балауса, балдыр тағы боз бен жусан,
Дертіңе дауа болған деміңді алсаң.
Ішіне кірген адам шыға алмайды,
Жазады қандай әлсіз ауру болса.
Бүлдірген, талқарақат, сарымсағы.
Қымыздық, құланжуа біткен тағы,
Жемісті құмарлықпен жесең – дағы.
Кетпейтін таңдайыңнан тәтті дәмі.
Таппайсың Наршөккеннен ешбір айып,
Колхозы «Қызылтудың» отыр байып.
«Шөп біткен жерге, ел айтқан, тал бітер деп»
Мың-мыңнан жотасында қойын жайып.
Аралап шыға алмассың жота сайын,
Көгеріп шыққан терек, тал мен қайың.
Егін сал, малыңды өсір, байлықсонда,
Не керек іздегенге бәрі дайын.
Бауырында Шаршөккеннің «Сарыкөл» суы,
Қаңқылдап ұшып-қонған қаз бен қуы.
Бақыт ол іздегенге бәрі түгел,
Мәңгіге сөнбейтұғын байлық туы.
Сарыоба, Ащылайлы, Қаржартас,
Ақбастау, Құлқарамен жатыр жалғас.
Мінеді алты күнде ат семіртіп,
Қызығы бұл жерлердің естен қалмас.
Егін сап, мал өсіріп отыр Тельман,
Суарып төрт түлікті Сарыкөлден.
Наршөккен төрт колхозды шебіне алып,
Өмірі сарқылмастай енші берген.
http://shet-muzei.kz/kz/zhanaly-tar/320-shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy-ajdary-2.html#sigFreeId0975a5094d