Шет аудандық археологиялық-этнографиялық музей қызметкерлері Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында атап өткен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында, Қарағанды облысының өңірлік қасиетті нысандары тізіміне Шет ауданынан енгізілген тарихи орындар - Батыр Сеңкібай Оразғұлұлы кесенесі және Қаражартас қорымына туристік маршрут ұйымдастырып, Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының 10 «ә» сынып оқушылары және ұстаздарымен, туристік-өлкетану маршруты бойынша тарихи жерлерге саяхат жасады.
Туристік маршрут құрамында музей қызметкерлері және Ж.Ақылбаев атындағы музей меңгерушісі Ф. Жүнісова, сынып жетекшісі Ш.Тәжібекова болды. Туристік маршрут алдымен Қарағанды облысының Шет ауданындағы Талды өзенінің бойынан шамамен біздің заманымызға дейінгі Қола дәуірге жататын оба «Қаражартас-1» және «Қаражартас-2» тарихи-ескерткіштеріне барып, оқушыларға музей қызметкері Б.Баяманова зерттеп жатқан археолог мамандарының мәліметтерін айтып, тарихына тоқталып өтті. Сонымен қатар, жақын жерден табылған ерте темір дәуіріне жататын сақ қорғанына барып, оқушылар жасалып жатқан реставрациялық жұмыстарды көрді. Бұл қорғаннан қола жебе ұштары, қыш құмыраның сынықтары, тас қайрақ табылған.
Тарихи орындарға жасаған саяхатымызда мектеп оқушыларының өлке тарихын танып білуге деген қызығушылықтары артып, ерекше әсермен оралды.
20.09.2019ж
http://shet-muzei.kz/kz/zhanaly-tar/236-o-ushylar-tarikhi-zherlerge-sayakhat-zhasady.html#sigFreeIdc884b29cf5