«ШЕТ АҚЫНДАРЫ АНТОЛОГИЯСЫ» айдары. Шәйке Марат (1953-2020) Шет ауданында туған. Еңбек жолын Кеншоқы кеңшарында жұмысшы болып бастаған. 1980-2003 жылдар аралығында Қызылтау, Бұрма, Батық ауылдық Кеңесінің хатшысы, төрағасы. Шет ауатком төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 2003 жылдан Аққой ауылдық округінің әкімі. Марат Шәйкенің «Жұлдызым менің жоғары» атты өлеңдер жинағына енген өлеңдері ата – анаға, бауырларына, балаларына деген сүйіспеншілікке, туған ел, туған жерге деген ыстық сезімге толы. Өлеңдері бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі жарияланып келеді. Екі тараудан тұратын кітапқа ақынның кейінгі жылдары жазған өлең – жырлары топтастырылған. Кітап көпшілік қауымға арналған.

 

 

ТУҒАН ДАЛА

Ата мекен, тұрсың ба тебіреніп,

Тебіреніп, табиғи өңіңе еніп.

Үдері көшіп келген ұл - қызыңды,

Құмарланып құшаққа ал еміреніп.

 

Сыймай кеткен кезінде жеріңе кең,

Келді бауыр, елім деп еңіреген.

Қазағымның сан қилы тағдырына,

Куәгері өзіңсің, өмір – өзен.

 

Жетісу, Алтай, Арқа, Атырауы,

Қазағым, сыртта жүрген, шақырады.

Маң далам әкең жүрген, бабаң жүрген,

Өзіңе құшақ жайып жатыр әні.

 

Еліңе аңсап жеткен иегерім,

Өзіңсің сағынғаным, сүйенерім.

Жат жерде аман – есен жүргендігің,

Қолдауы шығар, сірә, киелердің.

 

ҚАРИЯ

Қария ауылда,

Сәлем берсең қол алып.

Сәл сабыр қып дамылдап,

Берер сауал ол анық.

 

«Уа, қарағым, қай елсің»,-

Деп басталар алғы сөз.

Біле алмасаң, ол ерсі,

Қысыларсың осы кез.

 

Сөзің қартпен жараспас,

Бұдан былай оны сез.

Қатып қалар қаратас,

Сытыларсың одан тез.

 

«Ұмытардай бабаңды,

Не көрінді басыңа.

Аулақ батыр қараңды,

Жолама енді қасыма.

 

Қайда кеткен ар – ұят,

Неткен жан ең жағымсыз»,-

Деп ашынып қария,

Басын шайқар дамылсыз.

 

Кешірмейді ол енді,

Өкінеді мәңгілік.

Қайтер сенің сәніңді,

Сен бір жүрген әңгүдік.

 

ӨКІНІШ

Айыра алмай біреудің ақ-қарасын,

Жабыла кеп мақтаймыз жат баласын.

Өзімізге келгенде көлгірсініп,

Белгілі ғой жақсыны жақтамасың.

 

Халықтың кірлетпедік қай тазасын,

Сандалып кім соқпаған жарға басын.

Шоқан менен Абайын шаң қаптырған,

Қазақтың қылығына таң қаласың.

 

Бауыр болды бүгінде бақ таласың,

Қас жауыңның аузынан мақталасың.

Сенген досың үстіңнен арыз жазып,

Ішқұса боп өлуге шақ қаласың.

Қашқынбекұлы Өміржан (1939-2020) Шет ауданының Айғыржал ауылында дүниге келген. Дарынды ақын. Туған өлке шежірешісі. Барлық саналы ғұмырын балалар тәрбиесіне арнаған. Айғыржал орта мектебінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, директоры болған. Шығармалары мерзімдік БАҚ беттерінде жарық көрген.

 

БІРЛІГІҢДІ САҚТАЙ БІЛ

Салмақты берік сақтай біл,

Ел сенімін ақтай біл.

Тарихыңды жақсы түсініп,

Жақсыларды жақтай біл.

 

Өткен күнді жамандап,

Тұлғаңа қарсы келмегін.

Қол – аяғын кісендеп,

Дұшпаныңа бермегін.

 

Қателіктерге салауат,

Құлашты алға сермегін.

Жоқты – барды өсек қып,

Тізбелеп босқа термегін.

 

Біріңді – бірің қуалап,

Ажалдан бұрын өлмегін.

Кемшілік болса толғанып,

Ақыл – оймен жөндегін.

 

Тәрбиелей біл жасыңды,

Жанбай жатып сөнбегін.

Арандатса дұшпаның,

Сен білесің демегін.

 

Еңбекпен келген ырзықты,

Еліңнен бөлек жемегін.

Сонда халқым, оңасың,

Осы еді менің демегім.

 

Су ішкенде құдықтан,

Татқан дәмін ұмытқан.

Кей ағайын шығып жүр,

Сыртқа салған көнегін.

 

Көз алартқан жеріңде,

Нағыз дұшпан дер едім.

Бірлік барда – тірлік бар,

Бабадан қалған мұраны,

Сақтайық бірге көлемін!