Қасымұлы Төлеген (1940-2005) Шет ауданының Қармыс өңірінде туған. Белгілі ақын Қасым Сырымбетұлының баласы. «Орталық Қазақстандағы сортаң жерлердің құнарлығын арттырудың фитомелиорациялық тәсілдері» атты еңбек жазып, оны іс жүзіне асыруға күш салған. Шығармалары: «Артында айтып жүрер сөз қалдырған», «Қарағанды», «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды»
САРЫАРҚАМА КЕЛСЕЙШІ
Болдың ба сен, сұлу Көкше тауында,
Жасыбай мен Баян деген ауылда?
Шыныңды айтшы, соларменен тең келер,
Жер бетінде басқа «жұмақ» жер бар ма?
Кең маңдайлы менің сұлу Арқама,
Бақ пен ырыс қатар қонған қашанда.
Ақ пейілді, өр көңілді халқыма,
Тең келетін жер жүзінде ел бар ма?
Шілде айында гүлге оранған белдері,
Ақ шағала мекен еткен көлдерді.
Бір көргенде сұлу қыздың мойнына,
Таққан алқа деп ойларсың бұл жерді.
Мен тұратын «Кіндік Арқа» төрінде,
Сұршақыздың туып-өскен жерінде.
Бір болмасаң көп нәрседен құр қалдың,
Шақырамын, бір келіп кет, ерінбе.
Ыстық жерден келер болсаң бұл жаққа
«Кірдім» дей бер көрмеген бір жұмаққа.
Қоңыр-салқын таң самалы бетіңе,
Тиген кезде жаның батар рахатқа.
Талай көрген бұл өмірдің дауылын,
Бұғылыны сағалайды ауылым.
Ықтасыным, шығысымнан жел тұрса,
Алатаудан бір кем емес, Тағылым.
Келсең егер, қарақатқа барамыз.
Сарымсақпен жауқазынды қазармыз.
Қымызына бәйбішемнің тойып ап,
Көгалға аунап асыр салып жатырмыз.
Ішің пысса Құсмұрынға шығармыз,
Бесқараға дүрбі салып қарармыз.
Ағыбайдың анасына бас иіп,
Тағзым етіп Шортанбайға қайтармыз.
Егер бұрсаң аттың басын біз жаққа,
Темір жолмен жетерсің сен Жарыққа.
Елдің шетін көргеннен-ақ сезерсің
Келгеніңді Сарыарқадай жұмаққа.
АУЫЛЫМ МЕНІҢ – АРМАНЫМ МЕНІҢ
Ауылым менің - арманым менің,
Алыста жүрсем аңсаған.
Ерекше бір ыстық сезім,
Жүрегімде бар саған.
Ауылым менің – тағдырым менің,
Сенімен мәңгі қауышқан.
Адалдығың, даналығың,
Дархандығың – жыр дастан.
Ауылым менің – ғашығым менің,
Гүл – бәйшешек оянған.
Бұғылым менің, Тағылым менің,
Ару қыздай қол созған.
Ауылым менің – намысым менің,
Биіктен көрсем – арманым.
Жаңарса сенің бар келбетің,
Деген тілеу арнадым.
Ауылым менің – қиялым менің,
Самғап ұшқан аспанға.
Әнім де сенсің, жырым да сенсің,
Тең келер саған жер бар ма?
http://shet-muzei.kz/kz/zhanaly-tar/404-shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy-2.html#sigFreeIde378c053dd