Қарағанды облысы Шет ауданы Ақшатау кентінің Жарылғап батыр ауылында тұратын қарт домбырашы Мәкеш Тиштықбайұлының орындауында қазақ күй өнерінің классигі Тәттімбет Қазанғапұлының күйі «Көкейкесті».
«Көкейкесті» - күйші шығармашылығында ерекше орын алатын, шоқтығы биік туындылардың бірі.
МӘКЕШ ТИШТЫҚБАЙҰЛЫ (12.02.1948 ж. туған) далалық орындаушылықтың дәстүрін сақтаған қайталанбас күйшілердің бірі. Қазақтың күйшілік өнері қазіргі кезде сиреп бара жатқан ең ұлы қасиеттердің бірі, атадан-балаға, ұстаздан-шәкіртке жалғасып отыратын сабақтастық. Күйші Мәкеш Тиштықбайұлы сол дәстүрді ұстанған Шет өңірінің көнекөз күйшілерінің қазіргі өкілі.
Мәкеш Тиштықбайұлының тартқан күйлері туралы бұл бейнежазба Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының «Рухани мұра» қорынан алынды. Бұл бейнежазбаны 30.04.2019-10.05.2019 аралығында Қарағанды облысының Шет ауданына жасалған экспедиция кезінде Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, өнертану PhD докторы Маулет Ардаби Ақшатау Жарылғап батыр ауылында тұратын Мәкеш Тиштықбай күйшінің өз қолынан жазып алған.
Экспедиция жетекшісі: Күйші, сол кездегі «Күй керуен шертпе күй» орталығының директоры Қайролла Сәдуақасов, экспедицияның кеңесшісі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, өнертану PhD докторы Маулет Ардаби, экспедиция мүшелері: Қарағанды облысының Мәдениет басқармасынын қызметкері Еркебұлан Елтай, Арқа ақшамы газетінің қызметкері Бек Ноғайбай.
Күйшінің күй мұрасын зерттеуде, насихаттауда жол нұсқаған, өнер жанашыры, Жарылғап батыр ауылының тумасы Аңғар Смағұл аға болатын.
#Шетаудандықмузейі
#сарыарқакүйлері
#dasturli_an_kuiler