#сарыарқақұндылықтары
Томаға. Бүркіттің екі көзін жауып тұратын, дулыға тәрізді, бүркіттің басына киілетін, теріден жасалған жабдық. Оны шымыр былғары немесе икемге келетін жұмсақтау көннен жасайды. Сондай-ақ, құстың басының үлкен-кішісіне назар аударып, арнайы былғарыдан дайындайды. Терінің майда келген, өң бетін ішіне, тігісін сыртына келтіріп тігеді. Көзге келетін тұсын сыртына қарай томпитып, қуыстап, көзіне тимейтін, қажамайтындай етіп келтіреді. Саңылаусыз болады. Алайда құстың тұмсығы шығатын жері ойылып алынып, астына, тамақ жағынан тамақбау тағылады. Томағаның жоғарғы жағына — шешкен кезде құсбегі саусағына іле салуға оңай болуы
үшін, төбесіне ілмек айдар кигізеді. Төбе тұсына, милықтарына сәндік үшін алтын, күмістен құйылған кішігірім әшекейлі құйма орнатады.
Дәстүр-салтымыз бойынша бас киім әрқашан жоғары тұратыны белгілі. Бүркітке туған баласындай қарап, "бас киімін" жерге тастамай, жоғары қою - қыранды қадір тұтқан қазақ баласының құралын да қастерлегенінің айқын көрінісі.
Белгілі құсбегі, саятшылық өнерді дамытушы, Республикалық, Халықаралық дәрежедегі өткен «Салбурын» жарыстарының ең алғашқы ұйымдастырушысы Тлеуқабыл Есенбекұлының 1998 жылы музейге тапсырған жеке коллекциясынан алынған томаға Шет аудандық музей қорында сақтаулы. Өлшемі 6х13 см.