Жәнібекұлы Мұстафа Ақмола уезінің құрамындағы 20 болыстың бірі Нілдінің алғашқы болысы болып 1864 жылы сайланған. Мұстафа мен Сәкен Сейфуллиннің үлкен әкесі Оспан бір туысқан. Рулары енең Тоқасының ішіндегі Ескене. Сібір қырғыздары (қазақтары) облысының генерал губернаторы фон Фридрихстың қолынан марапат алған Мұстафаның ояз басшылығының алдында беделі жоғары болған. Санкт-Петербургте Ресей патшасы Александр 2-нің таққа отыру салтанатына қатысатын Омбы губерниясының делегациясының құрамына енеді, шен алып, шекпен киеді. Нілді болысын 16 жыл билеп, 1880 жылы түркістандық Қожа Мырзамбетұлы Әуез ишанға елден мал жинап көмектескені үшін болыстықтан түсіп қалған. Кейін осы болыстықты Мұстафаның Жәкен, Дәулетбек деген балалары басқарған. Мұстафа Омбы қаласында көп ауырмай қайтыс болған. Өмірде мейлінше ажарлы, кескінді адам екен. Орыстың әйелдері көзі тиіп өлді деген артында сөз қалған.