Жапақұлы Маясар 1879 жылы мамыр айында Қарағанды облысы, Шет совхозының Тағылы тауындағы Жоса бұлағында дүниеге келіп, 1965 жылы қайтыс болған. Төкпе ақын. Жастайынан өлең шығарып, домбырамен ән салған. Ыбырай, Мәди, Мұхит тәрізді әнші-ақындарды ұстаз тұтқан. Маясар Жапақұлы Кеңес өкіметі кезінде Қарағанды кеншілерінің өмірі мен еңбегін жырлаған ақын ретінде танылды. Ұлы Отан соғысы кезінде «Атыңнан атам қазақ айналайын» деген патриоттық толғауы қазақ жауынгерлері арасына кең тарады. 1943 жылы Болман, Нұрлыбек ақындармен, 1961 жылы республикалық акындар айтысында Көшен, Қайып т.б. ақындармен сайысқан. «Октябрьге», «8 мартқа», «Мәскеуге», «Г.Титовқа», «Сайлау күніне» деген өлеңдері, Ұлы Отан соғысына арналған жырлары бар. Маясар ақыннан кезінде «Ағыбай батыр» дастаны мен «Шөже мен Кемпірбайдың айтысы», «Шал мен қасқырдың айтысы» атты ауыз әдебиетінің үлгілері жазылып алынды.
КӨҢІЛ ҚАЯУ
Жазамын қарындашты қолыма алып,
Мұңымды таза тыңда, сөзге нанып.
Елімнің қасіретін тартып жүрмін,
Көңілді көтере алмай, әнге салып.
Жазғалы қарындашты қолыма алдым,
Қызығы болмады ғой жиған малдың.
Бір күндік азығың жоқ, үміт бұлдыр,
Не болды енді халің қайран халқым.
Жайлау жер, ессіз қалды қыстауменен,
Ақ доңғал, екі бесік, үш тауменен.
Белсенді атқа мінген болып мықты.
Қорқытты қара басты ұстауменен.
Дүние опасы жоқ, бір күншілік,
Түсіп тұр қайран елге бүліншілік.
Шалғының үзеңгіні соғатұғын,
Қалды ғой шалғы тимей есіл күлік.
Жұрт жатыр, бар елдің болдық кемі,
Ақыл іс қонбайтұғын сөздің емі.
Сырлы там, Қоныспаймен, Деней қызыл,
Бір шеті ұшқан құс жоқ Шәтбай көңі.
Дүние, жаңа білдім, жалғанына,
Жеткізген кімді тағдыр арманына,
Сыңсыған қалың елдің орынында,
Жылаймын жалғыз бала қалғанына.
Ақындар сыйлағанға кеткен дәндеп,
Қаймақ шай, бал қымызды ішкен сәндеп.
Жылы көң, Елемес пен қайран Қия,
Жарықтық иесіз қалды есіл Сәмбет.
Сұраймыз артын бер деп жалғыз хаққа,
Қоймайды иман бермей көңілі аққа.
Адамның басы алланың добы деген,
Айдаған амал бар ма топыраққа.
Босыған жақынды іздеп бара алмадым,
Хат-қағаз тым болмаса сала алмадым.
Мықыш пен Дауылбайлар тірі ме екен,
Хабарын анығының ала алмадым.
Ойламай жүргенім жоқ тоқтығымнан,
Тұрғам жоқ жалым асып шоқтығымнан.
Ат қылып бұл күндері таяқ мінген,
Көремін тұрмысымның жоқтығынан.
Ағаңның осы кезде көңілі қаяу,
Тірі өлік әйтеуір жүр ұйқылы-ояу.
Туысқан жер ошаққа көмеді деп,
Абадан Тағылыға келдім жаяу.
Айтқанмен лаж қайсы енді бұған,
Тыңдай ма әпербақан, біліп туған.
Ағаш үй, қора-қопсы құлап жатыр,
Сай-сайы Тағылының құлазыған.
Бұл күнде кім бар бізден ұялатын,
Шама жоқ, қарсы тұрып кек алатын.
Скәндір, Әбдікәрім қашқындардың,
Көз көрді, құлақ естіп қиянатын.
Скәндір, Әбдікәрім танығаным,
Өлімге қиған түгел шыбын жанын.
Кек алар жауын шіркін танымаған,
Торыған тірі қалған елдің маңын.
Маякең әнге салып зарлады ғой,
Зарлауға тіл мен жағы талмады ғой,
Түтінің тұман болған қайран елім,
Бір үйден қыстау басы қалмады ғой.
Оң сөз бе осы сөзім, қарсылық па,
Әркімдер мырза болады баршылықта.
Ескі киім, дорбаңның түбі болса,
Туғанға қараса жүр таршылықта.
1932 жыл
http://shet-muzei.kz/kz/zhanaly-tar/330-zhapa-ly-mayasar.html#sigFreeIdf56d635043