«ШЕТ ӨҢІРІ АҚЫНДАРЫНЫҢ АНТОЛОГИЯСЫ» айдары. Тұңғышбек Дәлмағанбетов (1895-1971)  Мойынты болыс-тығының төртінші ауылында туған. Шет өңірінен шыққан алғашқы мұғалімдердің (1920), алғашқы коммунистердің (1921) бірі. Әке-шешеден жастай қалып, жоқшылықтың зардабын тартып өседі. Қыр қазақтарына жалданып күнін көреді. 1920жылы Қарқаралыда ашылған үш айлық мұғалімдік курсты бітіреді. Ақмола комвузында оқиды (1933-1936). Берікқара, Нұра болыстықтарында бала оқытады (1920-1923). Шет өңірінде бірінші болып ашылған Бозшакөл қоғамындағы бастауыш мектепте мұғалім болады. Осында Шет өңірі бойынша бірінші болып үш коммунистен тұратын партия ұясы ашылып, оның хатшылығына сайланады. Ақшатауда, Берікқара ауд.-да халық соты болып істейді (1927-1933). Шет аупарткомында екінші хатшы (1936-1937), Қарағанды обл. Атқару комитетінің нұсқаушысы (1937-1939), Қоңырат ауаткомының төрағасы (1939-1943) болды. Қырқыншы жылдардан кеін жер бөлімінің бастығы, әлеуметтік-қамсыздандыру мекемесінің меңгерушісі, аупартком, ауаткомда бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. Ақын. Өлең-жырлары мерзімдік басылымдарда жарық көрген. Бірқатар құнды дастандар жазған. Айтысқа да түскен.

#Шетаудандықмузейі

#Сарыарқаақындары

 

ТАМЫРЫ ШІРІГЕН БӘЙТЕРЕК

/Мысал/

Орманның ортасында бір бәйтерек,

Өзгеден биік өскен болып ерек.

Кең жайып бұтақтарда жапырағын,

Тұратын тәкаппарсын көкке өрлеп.

 

Ең алғаш өрімталдай шыбық еді.

Кеіндеу жер бетіне шығып еді.

Топырағы, тұрған орны жайлы келіп,

Ыңғайлы, суы тұщы, тұнық еді.

 

Сондықтан ормандағы басқа ағаштан,

Тез өсіп, қайың, талмен тайталасқан.

Жыл санап ер кеудесі өсе берді,

Төбесі көкті тірей, сүзіп аспан.

 

Бәйтерек өскен сайын жанындағы,

Тал, қайың, терек, шілік маңындағы.

Кетсе деп қу теректің көлеңкесі,

Қамығып күннің көзін сағынғаны.

 

Бәйтерек асып көкке өрлеуші еді,

«Қожасы бұл орманның мен» деуші еді.

Тамырын терең жайып сорып жатқан,

Обырға қалың орман сенбеуші еді.

 

Бір күні сол орманда құйын тұрып,

Теректі шайқалдырды дауыл ұрып.

Шіріген тамырлары быт-шыт болып,

Бәйтерек құлап түсті опырылып.

 

Шулады қуанысып тал, қарағый,

Шіліктер шүлдіреді жас баладай.

Жел тынып күннің көзі шұғыла шашып,

Орманды аялады қас анадай.

 

Бәйтерек құлағанда обыр қатал,

Астында қалды бірер шілік пен тал.

Көп орман аман болса, орны толар,

«Садаға бастан құлақ» деген мақал.