Талай көштің керуенін тартқан қара нарларды қайыстырар жүк болардай әр тасына тарих тұнған, шежірелі Шет өлкесі ел мүддесі үшін күресе білген аптал азаматтар мен ақын жазушыларға бай мекен.

Солардың бірі, һәм бірегейі  жерлес ақынымыз, Білім беру саласының үздігі, ҚР мұғалімдер кәсіподағының үздік қызметкері, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері  Тезекбай Амандықұлының 70 жасқа толу мерейтойына орай  2  наурыз күні музейде  «Халқы сүйген қарымды қаламгер» атты поэзия кеші болып өтті.

 

20 наурыз 2020 жыл

 

Талай көштің керуенін тартқан қара нарларды қайыстырар жүк болардай әр тасына тарих тұнған, шежірелі Шет өлкесі ел мүддесі үшін күресе білген аптал азаматтар мен ақын жазушыларға бай мекен. Солардың бірі, һәм бірегейі  жерлес ақынымыз, Білім беру саласының үздігі, ҚР мұғалімдер кәсіподағының үздік қызметкері, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері  Тезекбай Амандықұлының 70 жасқа толу мерейтойына орай  2  наурыз күні музейде  «Халқы сүйген қарымды қаламгер» атты поэзия кеші болып өтті.

Шараға аудан әкімдігі, ауыл ақсақалдары, зейнеткер ұстаздар, оқушылар, студенттер, мекеме басшылары және өлеңсүйер қауым, БАҚ өкілдері қатысты.

Еліне адал қызмет етіп, халқының ыстық ықыласына бөленіп жүрген қарымды қаламгер, табиғат берген тамаша талантының арқасында өзінің жалынды жырларымен, дара дарынымен  танымал болған ақын ағамызды  70 жылдық мерейтойымен аудан әкімінің орынбасары А.Абильдин құттықтап, иығына шапан  жапты және ақын ағаның бүкіл шығармашылық өміріне, ақындығына, бойындағы қайталанбас асыл қасиеттеріне, ерекше кең көлемде тоқталып өтті.  

Шара барысында мектеп оқушылары ақынның жырларын тебірене оқып, жұртты ерекше әсерге бөледі. Ауылымыздың күміскөмей әншісі Дастан Исабаев халық әндерін нақышына келтіріп орындаса, күйші Қайрат Мұстафин  Қыздарбектің күйлерін орындап қонақтарды тәнті етті. Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Туған жердің дауысы» атты слайд көрсетіліп, көрерменнің көңілінен шықты. 

Кеш соңында музей басшысы Салтанат Қамытбаева  қонақтарға ризашылығын білдіріп, Тезекбай  ағамызға шығармашылық табыс тілей отырып, естелік сыйлықтарын табыс етті. Сонымен қатар, кешке қатысушы  қонақтар  Тезекбай Амандықұлының жетістіктері мен шығармашылығына арналған «Ақын-елдің ардағы» атты көрмесімен танысты.  

Ақынын аялап, азаматын ардақтаған құрметті көрермендер музейлік кештен ақынға деген зор сүйіспеншілікпен, ыстық ықыласпен тарқасып жатты.