17 ақпан күні музейде  «Ақсу-Аюлы»  ән-би халық ансамблінің құрылғанына   45 жыл толуына орай    «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» атты  әдеби-сазды кеші болып өтті.

Музейде  «Ақсу-Аюлы»  ән-би халық ансамблінің құрылғанына   45 жыл толуына орай    «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» атты  әдеби-сазды кеші болып өтті.

Кеш «Ақсу-Аюлы» ән-би халық ансамблінің орындауында Құрманғазының күйі «Адаймен» басталып, ортаға ең алғашқы ансамбльді құруға атсалысқан өнер майталмандары, кештің қадірменді қонақтары шақырылды. Кездесуде «Ақсу-Аюлы» ансамблінің белді мүшесі болған А.Рашидов, мәдениет қайраткері Гүлшара Қамиқызы, ауданымыздың құрметті ақсақалы Б.Хамзин, жерлес ақын, күйші, сазгер, марқұм З.Сүйіндікұлының жары Ақыл Рақымжанқызы, Ақсу-Аюлы ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы   Егінбай Кенжебаев, «Ақсу-Аюлы» ән-би ансамблінің алғашқы мүшелері Гүлбаршын Сейілбекова, Замзагүл  Абдығалиева, Сайран  Секербаева, аудандық мәдениет үйінің басшысы Әсемкүл Ахметжанова,  мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Ахмедиялар жиналғандарды мерейтоймен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

Ансамбль 1975 жылы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған болатын. Ауданда ән-би ансамблін қайыра құрып, оның репертуарын байыта отырып, ел аралап өнерін жариялау, оны биік деңгейге көтеру мақсатында, сол жылдары аудандық мәдениет бөлімін басқарған Төлеубай Әбдіғалиұлы Әбдіғалиевтың бастамасымен ансамблді құруға ауданымыздағы елді-мекендерден өнерлі өнерпаздар іріктелініп алынып, Алматыдан арнайы әнші – композитор Әсет Бейсеуов, ақын Саттар Сейтқазин ағаларымыз шақырылды. Сол кісілердің ұйымдастыруымен «Ақсу-Аюлы»  ән-би  ансамблі құрылып, 1977 жылы халық атағын иеленді.

Күй мен ән тербеген кеште Дастан Исабаев «Сары бидайды» орындап, кеш қонақтарының қошеметіне ие болды.

Музей төрінде жасалған «Ән-жырымен әлдилеген Шет өңірі» көрмесінде «Ақсу-Аюлы» ән-би халық ансамблі мүшелерінің фотосуреттері, атап айтсақ алғашқы мүшесі  айтыскер ақын Ермек Мұстафиннің домбырасы, алғашқы мүшесі Сайран Түсіпбековтың альбомы, әнші-сазгер, күйші, актер  Ыбыжан Төлегенұлының баяны мен альбомы, медальдары, кезінде «Ақсу-Аюлы» ән-би ансамблін республикаға танымал етуде еңбегі ерекше З.Сүйіндікұлының альбомы, фотосуреттері, марапаттары, медальдары қойылды.  

Шараның соңында  аудандық археологиялық-этнографиялық музей басшысы Салтанат Дәртайқызы жиналған жұртшылық пен мектеп оқушыларына  музейлік алғашқы ансамбль аспаптары, жәдігерлері жайлы айта отырып, барлық қатысушыларға зор алғысын білдіріп, жүрекжарды тілегін айтты. Кешке жиналғандар көрмені тамашалап, естелік суреттерге түсіп, кеш өз мәресіне жеттті.