Шет аудандық музейде өткен мерекелік шараның мақсаты - қалыптасқан ұлттық дәстүрдегі қазақстандық отбасының үлгісін насихаттау, отбасылық құндылықтарды, отбасы тәжірибесін дәріптеу болып табылады.

15 мамыр «Халықаралық отбасы күніне» орай «Отбасы-өмір аясы» мерекелік кеші болып өтті. Кештің мақсаты - қалыптасқан ұлттық дәстүрдегі қазақстандық отбасының үлгісін насихаттау, отбасылық құндылықтарды, отбасы тәжірибесін дәріптеу болып табылды.Жас ұрпақты тәрбиелеуде бүгінгі таңда ауадай қажет қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, ырым- тиымдарын дәріптеуде, ортаға салуда белсене атсалысты.

Сонымен қатар, музейдің құнды жәдігерлерін пайдалана отырып дәстүрлік көріністерді сол  қалпында көрсетіп, жас ұрпақ жадына түйе алатындай әдемі жеткізе білгендері ерекше болды. Бөртебаевтар отбасынан Нағимаш Мәжитқызы  киіз үй жабдықтарына кеңінен тоқталып, жас ұрпаққа арнап «Киіз басу» дәстүрі бойынша көріністі мәнімен-сәнімен тереңінен көрсетсе, Түсіповтар отбасынан Бибігүл Жұмәділдәқызы «Бесікке салу» дәстүрі жайлы түсіндіріп, қазақи осы дәстүріміздің барлық қыр-сырын жете меңгергендігін көрсетті. Бекетаевтар отбасынан Қатима апай ұршық иіру жайлы, тоқыма тоқу жайлы қолөнер түрлерінен көріністерін көрсетіп, оқушылардың қызығушылығын оятты.