24 мамыр 2018 жыл

 

 

ХХ ғасыр қазақ халқының тарихында ұлы оқиғалармен есте қалды. Сол оқиғалардың ішінде «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың басынан өткен 1930-1938 жылдар ауыр да азапты кезең болды. Әкімшілік-жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ.

 

Біздің ендігі жердегі борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау. Осы мақсатта, Шет аудандық музейінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу  күніне орай  «Қасіретті жылдар құрбандарына тағзым» атты дөңгелек үстел отырысы болып өтті.  Іс-шараға қатысқан ауыл ақсақалы Медет Байтанасов, Қуаныштай Сейілбеков, Жеңіс Сүлейменов сол бір жылдарда өздерінің балалық шақтарында көзімен көрген жағдайды оқушыларға тебірене әңгімеледі. Дөңгелек үстелді жүргізген С.Қамытбаева және Б.Баяманова Кеңес өкіметінің қолдан ұйымдастырған зұлмат туралы тарихи деректерге кеңінен тоқталып өтті. «1931-1933»жылғы «қызыл қырғын» туралы мәліметтерге сүйенсек Қазақстанда 1,5 млн. адам қырылып, 600 мыңы шекаралас елге көшіп кеткен. Шет ауданында да  көп адам жазықсыз қуғынға ұшырады. Мұрағат құжаттарында, 1926 жылғы санақ бойынша ауданымызда 48311 адам болса, 1933 жылы 5021 адам ғана қалған» деген деректермен таныстырып өтті. Сонымен қатар, дөңгелек үстел қатысушыларына  «1930-1932 жылдардағы ашаршылық зардаптары» және «Қазақ қасіреті» туралы слайд-фильм көрсетілді.

 

Отызыншы жылдардың аяғындағы қуғын-сүргінде қазақтың бетке ұстар қаймағын қынадай қырып салды, біртуар қайраткер тұлғаларымыздан айрылдық. Қызыл империяның қаны тамған заманда елімізде 20-дан астам лагерь жұмыс істеп, оларда 800 мыңнан астам асыл азаматтарымыз азап шекті. Музей қорындағы тарихи құжат, кітаптардан жасалынған «Ұлт тарихындағы зұлмат жылдар қасіреті» атты фото-кітап көрмесімен қатысушыларға Б.Баяманова таныстырып өтті. Көрмеге жаппай жазалаудың сол бір қиын-қыстау жылдардағы тағдырлары тәлкекке түскен саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы кітаптар қойылды. Іс–шара өз мәнінде өтті.

 

Өткен тарихымызды ұмытпай, біздің болашағымыз үшін күрескен ата-баба рухына тағзым ету, ұмытпау –әрбір ұрпақтың парызы.