Сәрсенбі 11 Қазанның 2017
Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығында Шет аудандық мұражайының «Туған өлке тарихы» атты көрмесі ұйымдастырылып, бір ай көлемінде халық назарына ұсынылды. Елбасының Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасын іске асыру мақсатында өтіп жатқан бұл көрме үлкен маңызды шара болып табылады. Оның басты себебі «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы аясында жалпыұлттық қасиетті нысандар мен кешендердің тізіміне Қарағанды облысы бойынша 19 нысан енсе, соның 2-уі туған өлкеміз, киелі өңіріміз Шет ауданынан тарихи тұлғалар есімдерімен байланысты Жидебай Қожаназарұлы мен Ақжолтай Ағыбай батырдың кешендерінің енуі болып отыр. Ғасырлар бойы аттың жалында, атанның қомында жүріп азаттығын аңсаған ата-бабаларымыз Қазақ жері үшін жауларымен шайқасып, талай «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан өткеріп, «теңдікті қолдан бермедік» деп жалаулы найза қолға алып, қыннан қылыш суырмап па еді?! Ендеше бұл біздің ауданымыздың халқы үшін баға жетпес қуаныш, аса зор мақтаныш.
Осыған орай қос батырымызды дәріптеу мақсатында өткізіліп жатқан көрмеде қойнауы қатпар-қатпар тарихқа толы киелі өңіріміздің рухани құндылықтары, оның ішінде қос батыр Ақжолтай Ағыбай батыр Қоңырбайұлының өзінің қолының табы тиген, өзі тұтынған самаурыны және де аруақты батыр, әрі би, әрі шешен болған Жидебай Қожаназарұлының тарихи тұлғасы дәріптеліп, есімдері жаңғыртылып, насихатталып, көрермендерге паш етілуде.
Сондай-ақ, осы көрменің көркін аша түскен ауылымыздың тұрғыны, қолөнер шебері Сағытай Сағындықұлы атамыздың батырлар тұтынған түпнұсқа үлгісімен жасаған керемет қару-жарақтары, ат–әбзелдері, ер-тұрмандары көрермендердің қызығушылығын тудырып, ыстық ықыласына бөледі. Ал темірден түйін түйген, шебер ұста Жанайдаров Жарқын қазақ батырларының әскери қару ретінде тұтынған алмастай қылышын әзірлеп, жаңғыртып, аудандық мұражайға тарту ете отырып, өтіп жатқан көрменің құнды жәдігерлерін толықтыра түсті. Келешекте осы тұрғыда әлі де көптеген құндылықтарымызды жаңғыртуда мұражаймен байланыс жасай беретіндігін тілге тиек етті. Кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, өңіріңе, яғни туған жеріңе деген патриотизмнің көрінісі осы емес пе?!
«Бабалардың ұлық жолын ұғынбай, келешекке сара жол жоқ»- екенін түсініп-түйсінген ауылымыздың осындай қос қолөнер шеберлеріне мың да бір алғыс! Ата-бабалар мұрасы-алтын қазығымыз екенін өскелең ұрпақтың санасына осындай іс-шаралар арқылы сіңіре беру-баршамыздың басты парызымыз.