Сейсенбі 28 Шілденің 2015
Болмысыңнан бекзат едің, текті едің,
Күйің қандай нөсеріндей көктемнің.
Қайран Орал, барша қазақ баласы,
Сағынды ғой қайталанбас шертпеңді!
Ақжол саған, домбыра!
(Шертпе күй шебері, дарабоз күйші Орал Исатайұлының «Күй-құдірет» атты еске алу шығармашылық кешінен үзінді)
Орал... Осынау аяулы есім алдымен алаңсыз балалық шақты көз алдыма елестетеді. Бірде әкем нағашы жұртқа апарды, 11-12 жастағы кезім. Сол шақта 10-шы ауылдың жайлауы Толағай тауының маңындағы жазықта екен. Оралмен таныстығым сол жерде басталды. Баламыз, таяу тұрған төбелерден жуа теріп әкелеміз, оны үлкендер тазалап, турап айранға қосып береді. Дәмі тілді үйіреді. Сона жүргенде бір байқағаным, қолы қалт етсе Оралдың қолынан домбыра түспейді. Киіз үйдің көлеңкесінде отырып алып шертеді кеп, Толағайдан найза ұшы бала көңілді зеңгір көкке жетелегендей...
Сонымен, сәуір айының орта шенінде Ақжал селолық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Қамбаров Серік ақсақал (Оралға ағайын болып келеі) маусым айының ортасында Оралдың еске алу кешін ұйымдастыру жоспарланғанын хабардар етеді, іле-шала Қарағанды қаласында тұратын баласы Ақылбек қоңырау шалып «аға, еске алу кешін өткізуді ағайындар қолдап отыр, осыны бірлесе өткізейік» деп ұсыныс жасады. Мен бірден: «Орал қайталанбас дарабоз, саңлақ күйші. Оның қазақ музыкасына, оның ішінде шертпе күйдің үлгісін дамытуда өлшеусіз еңбегін ауылдық дәрежеде өткізуіміз оны төмендетуіміз емес пе? Әрі кетсе аудан, әйтпесе облыс, Республика көлемінде өткізуге әбден лайық. Оралдың күй шертісі ешкімге тән емес, оны тыңдаған мамандар құбылыс деп бағалайды»-дедім. Шынында да тартып отырған домбыраңды Орал алып шерте жөнелгенде «япыр-ай, мынау жаңағы домбыра ма адамша сөйлеп кеткен»-деп таңданасыз. Сол жерде Орал тартқаннан кейін ешкім домбыраны қолға алмайды. Тіпті бірде сол елге атақты күйші Мағауия Хамзин, дүлділ әнші Жүсіпбек Елебеков келіп концерт қойған екен. Сол кездегі Ақшағыл совхозының директоры, өзі күйші Сағынбеков Манарбек ақсақал (бүгінде бақилық болған): «Мақаң күй тартып, Жүсіпбек әнші дастархан басында ән шырқады. Бір кезде біз Оралға күй тартуға ұсыныс жасадық. Орал алды да бірінші Әбдидің «Тәубе қосбасарын», Қыздарбектің «Жұбату» күйін аңыратсын. Өнер адамы ғой Мақанның есі шығып кетті. «Ей, бауырым, мұнда неғып жүрсің, мына алтыннан қымбат саусақтарды ауылда қор қылып жүрсің ғой. Алматыға кел. Қанша жүргенде мынандай ғажап шертісті бірінші көріп отырмын»деп зор таңданғанын жеткізді. Қоярда қоймай Оралға оннан астам күй тартқызды, және бәрі де жаңа күй!
Разы болғанда сондай атақты Мағауия ағамыз кетерде «көзіңдей көріп жүр» деп өзінің домбырасын сыйға тартып кетіпті. Сол домбыра әлі күнге дейін сақтаулы. Сөйткен Орал ғой!
«Оралдың кешін осы кіндік қаны тамған жерде өткізейік, әрі қарай өмір көрсетер»-деп туысқандары уәж айтты.
Сонымен өткізетін болып шештік.
Ойға тіке Кәмел Жүністегі ағам оралды. Шет өңірінің шежіресін, оның ішінде күй тарихын Кәмекеңсіз қозғау миға сыймайтын нәрсе. Сонау ешкім шертпе күйге мән бермей жатқан заманда жаман «Запорожец» машинасымен бір адам зорға көтеріп магнитофонын алып Бетпақдаланы ерсілі-қарсылы кезген, күндіз-түні жай жатпай ізденген, барынша жазып алған осы Кәмекең ағамыз еді.
Бір шаруа үшін өкпелесіп те жүрген едік, бірақ өнер пендешіліктен қашан да жоғары ғой. Қоңырау шалып мән-жайды түсіндіріп едім, Кәмекең «Кеш те болса еске түскен екен. Ойлаушы едім, осынау асыл қазынаны неге жинадым, неге ешкім іздемейді? Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас»-деген осы екен ғой деп ойлаушы едім. Оралдай қайталанбас тарихи тұлғаның өнері шаң басып жатуы қазақ өнерінің алдындағы қылмыс деп түсінемін. Сәл-кем ойланды да: Ертең түстен кейін үйге келші, ақылдасайық»-деді. Айтқан уақытында бардым.
Амандықтан кейін Кәмекең сандықтарын ақтарып жатып әр жазбаларын қарап қойып: «Бұлар да әлі кезегі келмей жатқан дүниелер» ғой деп өзімен-өзі сөйлесіп қояды. Бір кезде бір ораманы алып шығып: «Міне Оралға қатысты дүниелер»-деді. Баяғы домалақ магнитофон лентасын көрсетіп. Осыдан 35 жыл бұрын жазылған дүниелер, оны ойнататыным жанып кетті. Ал Оралдың бақилық болар алдында жазғанымды әйтеуір көшіртіп жазып алдым»-деді. Бейнебаянды қойып көріп отырмыз. 1997 жылы күзінде Астанадан келген тележурналист Төлеутай Дамиев, Орал, Төрехан тағы да да өнер жоқтаушы бір топ азамат «Қызылтау» өңірінде болып, осы маңдағы Кенесары қамалы туралы түсірілім жасаған. Кәмекең қамалдың бас-аяғын, Кенесары құдығын көрсетіп сөйлеп жүр. Бір мезгілде Орал домбыраны қолға алып, бір биіктен күй бастай жөнелді. Кәмекеңе қарасам екі көзін тарс жауып алып креслода отыр, күй аяқталғанша тапжылмады. Күй аяқталысымен «Пау, дүние-ай»-деп Кәмекең терең күрсінді, қарасам жанары жасқа толып тұр екен. Кім біледі елі үшін жат жерде көрген зорлық-зомбылығы ма, өмірдің өкінішті бір сәттері ме, орындалмай жатқан армандары ма, әйтеуір Оралдың күйі көп затты ойға салғандай болды. «Қайран Орал-ай, бір өзі бір оркестр ғой, әттең «Мәңгілік сарынға» ілікпей кетті, әйтпесе сол шараның көсбасшысы, жарық жұлдызы болатын азамат еді» деп бір қойды.
-Дәл сол күнге менде әр түрлі жоспарлар бар еді, Қарағандыға бір шығармашылық кешке де шақырып еді, бірақ мен Оралдың еске алу кешіне міндетті түрде барамын -деді. Кәмекең айтқанында тұрды.
Шынында да бір кезде «Ел» продюсерлік орталығының басшысы болған Ғалым Доскеннің шертпе күйге жасаған өлшеусіз еңбегінің арқасында «Күй- керуен » дамып, қатқан сеңді бұзғандай еді. Енді соны жалғастыратын тұлға тағыда қажет ақ. Сол күні Ақжал кенті үлкен бір мерекелік шараға әзірленген әсері көзге ұрып тұрды. Жаңа ғана жауып ашылған күн даланы ерекше бір нұрға бояп тұрды. Ауыл әкімі Рахымжанов Нұрғалым, мәдениет үйінің директоры Мұқатаева Нұрбала қонақтарды тосып алып, жай-жапсарды түсіндіруде. Мәдениет үйінің фоэсінде Оралға арналған келісті стенді де қойылған екен.
Халық жыртылып айырылады. Отырар орында ине шаншар орын жоқ.
« Қазақстан - Қарағанды» телестудиясы интервью алып, түсірілім жасап жатыр.
Алдымен, мен сөз алдым. Құран күй тарихына аздап тоқталу керек болды. Оралдың ұстазы, өзінің әкесі Исатай, Әбікен пір тұтқан (шамасын ойлай беріңіз) Рысқұлбек күйшілерден тәлім алған жас ұлан қандай болуға тиіс?! Уақыт өте ақын, сал-сері, әнші Самат Мұсабеков, шертпе күйдің шебері Дәулетбек Сәдуақасұлы бәрі бірге жүрді, күй тартысты. Алла Оралды осындай қасиетті ортаға тап қылды, ананың сүтімен келген табиғи дарын күй құдіретінің шырқау шегіне шығарды.
Сонымен кеш басталып кетті. Сахана төрінде Оралдың домбырасымен қыран құстай қомданып отырған суреті сахананың артын түгелге жуық жауып тұрды.
Сөз кезегін жазушы, өлкетанушы, «Құрмет орденінің иегері» Кәмел Жүністегі алды.
Оралды өнері үшін туған бауырындай көрген Кәмекең аянған жоқ. Сөз аяғында: «Оралдың арқасында Қыздарбек, Сембек, Әбди, Мақаштардың ғажап бірталай күйлері бүгінгі күнге жетті, соған тәубә деуіміз керек. Өмірде осындай қазақ өнеріне шын берілген, шын жанашыр болмаса қазақ мәдениетінің қаусап қалған қабырғасы түгенделмес еді. Қазір сіздерге 1997 жылғы «Құба белдер» бейне баянын көріңіздер. Осы фильмде Орал екі күй орындайды» деп Кәмекең орнына отырды.
Оралдың таудың биігінде, жел өтінде отырып тартқан күйі қандай анық, шебер, көркем орындалған. Арнайы студияда жазылған күйлерден артық болмаса, кемдігі жоқ. Залда Кәмекеңе қарасам, сол екі көзін тарс жұмып, басын сәл төмен сала отыр екен...
Оралдың осынау мерекесіне денсаулығының сыр беріп жүргеніне қарамастан қарымды қаламгер Өмір Кәріп ағамыз келді, жанында Жүсіпбек Елебековтың атындағы Республикалық байқаудың жеңімпазы, дарынды әнші Ардақ Мұқыш бар.
Өмекең Оралмен көп кездескен, талай күй додаларында бірге болған. Оралдың күй шертісі, адами болмысы, азаматтығы туралы ақтарылды.
Орал туралы Өмір Кәріп: «...Шалт қимыл, артық қағысты көтермейтін шертпе күйдің табиғатын тамыршыдай дөп басып, кәнігіленген ол сауатты сақсақтарымен домбыра ішегін бипаз шертіп, дәмді дыбыстарды сапыра бастағанда- табиғатқа тіл бітіп, аққуы сұңқылдап, сарыала қазы сыңсып, қурайы ызыңдап, күміс бұлақтары сылқ-сылқ күліп ағып жатқандай әсерге бөленесің...». Бұл Өмір Кәріпұлының ақиқаттан айтылған сөзі, мұнан артық теңеу болмақ емес.
Іле-шала Ардақ осы өңірдің әнші-күйшісі Самат Мұсабековтың «Мен қазақпын» деген атақты әнін шабытпен орындады. Бұл совет үкіметінің қыспағы кезінде туған ән. Зал тік түрегеліп қол соқты.
Осы күй мерекесіне айтыскер ақын бүгінде шертпе күй орталығы «Сайгез» қоғамдық қордың президенті Қуаныш Мақсұтов шертпе күй саласын дамытудағы келелі істер туралы айтса, Жезқазғаннан арнайы келген ақын ғалым Ғазиз Ештанаев Орал ағасы туралы естеліктерін айтып, арнайы жазылған жыр жолдарын арнады.
Тоқтатпа күйді,
Сұраймын,
Тұрсыншы елтіп бар маңай.
Ақ сәуле шашқан Арман-ай,
Бебеу де бебеу жалған-ай
Беу! Жалған-ай!
Қарағанды қаласынан келген дарынды күйші Қалкен Қасымов Тәттімбеттің «Бестөресін», Аққыздың «Жетім қызын» төгілтсе, Тәттімбет атындағы музыкалық колледжінің ұстазы жас талант Смағұлов Мадияр Қыздарбектің «Жұбату», Әбдидің «Қосбасарын» арнасынан ағылтты. Мынандай күй легінен отырған халық теңселіп кетті. Сайдалы сары Тоқаны төрт толғауының біреуін ауылдан келген Ертай Жәнібеков орындады.
Дәулескер күйші Исатай әкеміздің ұрпағы Орал шебер күйші болса, осы күй мерекесі үстінде бүгінгі жас ұрпақтар өздерінің табиғи дарындылығымен елдің ықыласына бөлене түсті. Оралдың қызы Гаухар «Көкейкестіні» шертіп, Майлықожаның термесін шырқағанда зал дүрілдете қол соқты. Одан әрі немерелері Ақниет Әбдидің «Зар қосбасарын», Көркем мен Ажар «Әке туралы әнді» тамылжыта орындады. Ал көктемдей көк көйлек киген, еліктің лағындай Айшуақтың орындауындағы «Домбыра туралы толғау», «Перзент парызы» әндері осы кештің мерейін одан әрі асқақтата түсті.
Кезек маған келді. Толағайдың баурайында аяғын сылти басқан, әдеміше келген балаң, сырбаз, Орал құрдасым көз алдыма келді. Күй тартарында күрсініп, аһ ұратын Әбікеннің «Қоңырын», «Әттеген-айлап» отыратын Аққыздың «Қосбасарын» тарттым.
Алдыма төмендегі сиясы кеппеген Орал құрдасыма арналған өлең жолдарын оқыдым:
Жауапсыз көкейімде сұрақ тұрсың,
Күй қайда қандыратын құлақ құрышын.
Сағынышың бұлтқа айналып Толағай,
Әлде сен ағыл-тегіл жылап тұрсың?!
Ал, Толағай, жылдар өтті не түрлі,
Сылти басқан ұлың қайда кекілді?
Оралың жоқ, қауышайық екеуміз,
Көп көріспеген ағайындар секілді.
...Болмысыңнан бекзат едің, текті едің
Күйің қандай нөсеріндей көктемнің.
Қайран Орал, барша қазақ баласы
Сағынды ғой қайталанбас шертпеңді!
Кеш соңынан Оралдың ағайындары Серік ақсақал, Қозыбай, Несіпбек саханаға шығып, аудан әкімшілігіне, мәдениет бөліміне алғыстарын айтты. Несіпбек Оралға арналған «Жаралы жүрек» атты өлеңін оқыды.
Аудан әкімінің орынбасары А.Әбілдин ұрпақтарына, ағайын-туыстарға аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың құттықтау хатын тапсырды.
Иә, күй мерекесі өзінің мәресіне таяды. Халыққа рахмет 3 сағатқа жуық өткен осынау «Күй -құдірет» еске алу кешінде демін ішіне тартып, тапжылмай отырды.
Іле-шала арнайы дайындалған ас беріліп, келген қонақтарға сый-сияпат таратылды.
...Кейде осыны көріп отырасың да өткенге кішкене шегініс жасайсың. Бұл домбыраның басынан не өтпеді?! Мұны жастанып жатқандардың бәрі дерлік қарасаң соққыға жығылды, атылды, асылды немесе итжеккенге айдалды. «Одна палка, два струна, я хозяйн страна» деп келемеждегендерді де домбыраның киесі ұрып, шатқаяқтанып қалды, ішіндегі есі ертерек кіргендері қазір домбыраға қосылып ән айтып, күй тарта бастады.
Тәубе. Европа, Америка құрлықтары домбыраға тік тұрып қол соғуда. Музыка әлемінің құдіреттері Моцарт, Бетховен, Глинка, Чайковский т.б.
шығармаларын домбырамен орындағанда жаңаша сипат алып, тіптен әсемдене түскендей. Домбыраның ғажайып үніне бәрі таңдана бастады.
Кешегі Америкада өткен өнер додасында «Ұлытау» тобы Гран Приді жеңіп алды, ол күнде көріп, естіп жүрген гитара мен скрипка үшін емес, домбыраға берілген ғажайып баға еді.
Беу, домбыра,
Ғажап үнің жаралғандай жасыннан,
Сезімдерден өзім қорқам тасынған.
Көкірегімнен құйылғанда асыл ән,
Екі шекті қағып-қағып басылам...
Саған ғашық едім бала жасымнан
Мен де аманмын, сен табылсаң қасымнан.
деген жүргізушінің жыр жолдары ойымызды бөліп кетті.
Көрермен залынан шарықтаған Оралдың шерткен күйі кемерінен асып, Толағайға қарай, қазақтың сайын даласын бетке алғандай еді.
Ақжол саған, домбыра!
Өмірдерек
Орал Исатайұлы 1943 жылы Қарағанды облысы Шет ауданының Жамбыл колхозында дүниеге келген. Шертпе күй шебері, дәулескер күйші.
Қарағанды педагогикалық институтының түлегі. 1966 жылы Қарабұлақ ауылының пошта меңгерушісі болады.
1967 жылдан ағарту саласында- Ақшағыл орта мектебіне мұғалім болып орналасады.1988 жылдан өмірінің соңына дейін осы мектепте директор болып қызмет істейді.Қазақстан Республикасының Білім Министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Арқа күйшілерінің қосбасарларын бүгінгі күнге жеткізуші.
Әбікен Хасенов атындағы республикалық бірінші күй додасының жеңімпазы.
Толағай және Орал
(Дарабоз күйші Орал Исатайұлының «Күй-құдірет» атты
еске алу кешінде оқылған өлең)
Әлі есімде қақтаған қыр аптабы,
Әлі есімде шағын ауыл, қыраттары...
Толағай дәл тұсыңнан өтіп барам,
Япыр-ай, ауыз- екі тіл қатпадың.
Толқыған шалғыны мен құрақтары,
Әлі де аға ма екен бұлақтары...
Толағай, тұнжырайсың ойға батып,
Орал жайлы неліктен тіл қатпадың?
Өмірдің шешілмеген сұрақтары,
Құлындай шұрқырайды жырақтағы.
Атқан таңды қарсы алар Биігім-ау,
Күй жайлы неліктен бір тіл қатпадың?
Жауапсыз көкейімде сұрақ тұрсың,
Күй қайда қандыратын құлақ құрышын.
Сағынышың бұлтқа айналып Толағай,
Әлде сен ағыл-тегіл жылап тұрсың?!
Ал, Толағай, жылдар өтті не түрлі,
Сылти басқан ұлың қайда кекілді?
Оралың жоқ, қауышайық екеуміз,
Көп көріспеген ағайындар секілді.
Толағайым, дүр сілкінші бүгін бір,
Мына жұртқа күйші жайлы ұғындыр.
Шабыт беріп асқақтатшы өзіңдей
Ақылбектей сол Оралдың ұлы жүр.
...Болмысыңнан бекзат едің, текті едің
Күйің қандай нөсеріндей көктемнің.
Қайран Орал, барша қазақ баласы
Сағынды ғой қайталанбас шертпеңді!
Зәрубай Сүйіндікұлы ақын, күйші-композитор. Ақжал кенті. Мамыр 2015 ж