Сейсенбі 29 Шілденің 2014
Жас ұрпаққа Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлес жауынгерлеріміз бен батырларымыз туралы айтып жеткізу, Отанын, елін сүюге тәрбиелеу, ұлтжандылық сезімін қалыптастыру мақсатында Ұлы Жеңістің 69 жылдық мерейтойы қарсаңында аудандық археологиялық-этнографиялық мұражайында «Майдангерлерге мәңгі бас иеміз!» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Кешке қатысушы Ы.Алтынсарин мектебінің 6 а сыныбының оқушылары өздерінің дайындап әкелген жыр шумақтарынан шашу шашып, бейбіт күннің бақытына бас иіп, мерекені ән мен биге ұластырды. Мұражайда белгісіз кеткен жауынгерлерді еске алу үшін минуттық үнсіздік жарияланды.
Кешті ұйымдастырушы мұражай қызметкерлері С.Қамытбаева және Б.Баяманова балаларға Ұлы Отан соғысының зардаптары мен қасіреті жайлы, халқымыздың басынан кешкен қиыншылықтары жайлы кең көлемде әңгімеледі. Ардагер аталарымыздың қан майдандағы жорық жолдарынан, ерен ерліктерінен үзінділер келтіре отырып, бүгінде ортамызда жүрген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне бас иіп, құрмет көрсету, кешегі сұрапыл соғыста Отан үшін жанын пида еткен жауынгерлеріміздің рухына тағзым ету басты парызымыз деді. Кештің екінші бөлімінде мұражай қызметкері С.Қамытбаева балаларды мұражайдағы «Майдангерлер, ардагерлер» атты экспозициямен таныстырды. Соңында балалар «Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген» әнін хормен орындап, мұражайдан үлкен әсермен тарасып бара жатты.