Дүйсенбі 23 Қыркүйектің 2013
Тағылы, Бұғылы! Құсмұрын шыңы! Арналы Нұраның әдемі иірімі, көз жетпес адырлы жазыққа нәрін құйып, көк аспанға шаншылған шың-құздарға ерекше бір сән бергендей.
Осынау ғажайып сұлулыққа адам көзі тояр емес . Зәулім кесене, қаз-қатар тігілген ақшаңқай киіз үйлер, құжынаған нөпір халық, ағылған көліктер, аспанға шапшыған арғымақтар, бұлшық еттерін ойнатқан балуандар, биік саханада күміс көмей әншілер мен күйшілер осынау тілсіз табиғат сұлулығына жан бергендей.
Иә, бүгін той, жәй той емес ұлы той! Қазақ халқының елдігі мен жер тұтастығын Жоңғар қалмақтарымен болған барлық шешуші айқастарда найзаның ұшы, білектің күшімен қорғаған даланың көкжалы, жекпе-жектің көзсіз батыры, қолбасшы Дербісалы Айдаболұлының үш ғасырлық мерей тойы бастала бергенді.
Қарағанды қаласынан келген имам жерлесіміз Ормамбет батыр бабаға Құран бағыштады. Көп ұзамай халық сахнаға беттеді. Төгілген «Сарыарқа» күйі ерекше бір сезімге бөлей жөнелді. Кең даланы жаңғырта жүргізушілер үні кернеді:
Тағылы-Бұғылым-ай жатырмысың,
Әр тасың секілденген батыр мүсін
Қырандар ұя салған қиясына,
Сарқылмас жыр-мекенсің ақын үшін
Армысың Қара Нұра иірімі,
Құсмұрын сағындым-ау биігіңді!
Дербісал қорған болған қайран өңір,
Өзіңе алып келдім ән-күйімді.
Тигенде таңдайыма бал бұлағы,
Өмірдің шешілгендей сан сұрағы.
Дербінің аты шулы найзасындай,
Құз таулар көк аспанға шаншылады!
Биігі көмкерілген гүлге етегі,
Айбыны асқақтайды-мәңгі ертегі.
Тағылы, Бұғылым-ай шежіремсің,
Ұлылық сұлулықтың сен мекені.
Сахнаға аудан әкімі Рысқали Қалиақпарұлы көтеріліп, салтанатты жиынға қатысушыларға арнау сөзін жеткізді. Іле-шала ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қасымбек Медиев, облыстық мәслихат хатшысы, ғалым Нұрлан Дулатбекұлы сахнаға көтеріліп, Айдаболұлы Дербісалы батырдың мерейтойымен халықты құттықтап, арнау сөздерін жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Жұмабеков Бейсенбай Қуанышұлы мерейтойдың өтілуіне ақыл-кеңесін беріп, бел ортасында жүрді.
Салтанатты жиында «Аты аңызға айналған Дербісалы батыр» деген тақырыпта батырдың ұрпағы, аудандық мұражайдың директоры, ақын-күйші Зәрубай Сүйіндікұлы баяндама жасады.
Айтыскер ақын Айтбай Ботпайұлы батыр бабаға арнауын домыраға қосып елдің зейінін өзіне аударды. Келесі кезекте Зәрубай Сүйіндікұлы батыр бабаға арналған «Дербісалы батыр толғауы» атты күйді орындап, халық қошеметіне бөленді.
ҚарМУ-дің мұғалімі, ғалым Мәуен Хамзин, батыр ұрпақтарының ақсақалы Жақсыбеков Социал сөз сөйлеп, ақ тілектерін жеткізді.
Ағыбай батыр қорының президенті Мұсабеков Ғабит Айтжанұлы , ақтоғайлық айтыскер ақын Бақытжан -------------- арнауы ерекше болды.
Ән мен күйге кезек берілді. Қали Байжанов атындағы «Арқа сазы» фольклорлық ән-би ансамблінің әншілері мен күйшілері кең даланы сиқырлы сазға бөледі. Таяу жерде балуандар белдесуі басталды. Осыны қызықтаған халық түс ауа киіз үйлерді бетке алды.
Рахмет! Батыр ұрпақтары есіктерін айқара ашып келген жұртты қарсы алды. Сол есіктер күн ұясына кіргенше ертелі-кеш келгендерге жабылған жоқ.
Түстен кейін бағдарламаға сай көкпаршылар сайысы басталды.
Бұл тойда аламан бәйгі екі түрде болды: қазақы аттар, асыл тұқымды аттар болып екіге бөлінді.
Алдымен қазақы аттар жарысы басталып кетті. Бұл бәйгіге 40 ат қатысты. Мұның қорытындысы бойынша төрешілер арасында азын-аулақ түсініспеушілік пайда болды. Дауды басу үшін ұйымдастыру алқасы шешімімен, демеушілері - Қуан, Орман, Жамбыл деген азаматтардың қолдауымен 2 бірінші орын беріліп, 2 ат иесіне 2 авто, көлік берілді.
2 орынға тоңазытқыш, 3 орынға үлкен телевизор берілді.
Асыл тұқымды аттар бәйгісіне 1 орынға жеңіл автокөлік - демеушісі жылқышы Сембайдың немересі, 2 орын- бие, демеушісі Әбілдин Кәріғұл, 3 орын тоңазытқыш.
Балуандар белдесуінің сыйақысы:
І орын-100 мың
2 орын-75 мың
ІІІ орын-50 мың
Түйе палуанға- кілем жабылған түйе.
Көкпар сайысында орын алғандарға ақшалай сыйлық, кубок, грамоталар тапсырылды.
Тойдың аяғында «Сарыарқа» күйі ойнап, ақын Зәрубай Сүйіндікұлының жыр жолдары төгілді.
Мына дала сенен қалған ырысым,
Тарылады бұл даласыз тынысым.
Қай қуыста жүрер еді ұрпағың,
Болмаса егер сенің алмас қылышың.
Шалқып жүрем, кердең-кердең жүрісім,
Жарқылдаймын, ашық менің күлісім.
Жүрер ме едім қабағымнан қар жауып,
Болмаса егер сенің алмас қылышың!
Ғажап деймін баба сенің ұлы ісің,
Аңыз-дастан, сарқылмайтын жырымсың,
Қара бұлтты сойып өтсе найзағай,
Еске түсер сенің алмас қылышың!
Өлген жоқсың ,тірілерден тірісің,
Ұмыт қалмас ұрпағыңнан бір ісің.
Тайып кетсем «Елім» деген даңғылдан,
Басымды алар сенің алмас қылышың.
Батыр баба, өлген жоқсың тірісің!
Аста белдескен балуандар саны:
60 кг. салмақта-32 палуан
70 кг.салмақта-17 палуан
80 кг.салмақта-21 палуан
Түйе палуандыққа-21 палуан жазылды.
60 кг.
І орын. Мауленин Әбілхайыр-Жаңаарқа
ІІ орын.Исин Медет- Қарқаралы
ІІІ орын.Еренқайыпов Ержан-Қаражал
70 кг:
І орын. Смағұлов Жансай-Ақсу-Аюлы
ІІ орын. Ағыбаев Қайрат-Қарағанды
ІІІ орын. Азатбек Айбаба-Қарағанды
80 кг.
І орын. Дартаев Айдын –Ақсу-Аюлы
ІІ орын.Алимбаев Дамир-Қарқаралы
ІІІ орын.Мұхамеджанов Еркін-Абай ауданы
Түйе палуан-Смағұлов Жансай-Ақсу-Аюлы
(ақтық айқаста Барменов Асыл –Жаңаарқа)
Қазақы аттар бәйгісі
І орын №35- Бұқар жырау ауданы
Молдабаев Дәулет -қарагер
ІІ орын №22-Жаңаарқа ауданы
Ержанов Амангелді- күрең қасқа
ІІІ орын №37-Нұра ауданы
Нығметов Талғат-жиренқасқа
Даулы мәселе болып, тағы да бір бәйге атқа жүлде І орынға
теңестіріліп берілді.
№ 14 Ақбастау ауылы Бұқар –жырау ауданы
Сейсенов Нұрсұлтан- көк ат.
Асыл тұқымды аттар бәйгісі
І орын №29 Нұра ауданы
Мұхамеджанов Сәрсен –тор ат
ІІ орын №15 Ақжал
Манабаев Болат- тор ат
ІІІ орын №25 Астана қаласы
Шәби Руслан- қаракер
40 ат-қазақы
33 ат-асыл тұқымды. 3 машина