«ШЕТ АҚЫНДАРЫ АНТОЛОГИЯСЫ» айдары.
Жәнібек Әлиман – ақын.
Шет ауданы, Нілді (Өспен) ауылының тумасы.

Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі.
«Серт» (2015) атты жыр кітабының авторы
Бірнеше облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Өлеңдері испан, әзірбайжан тілдеріне аударылған. Грузин ақыны Маквала Гонашвилиден, Якут ақыны Сэмэн Туматтан еркін аудармалар жасаған.

СЕРТ

...Баяғыда былғанған ғой мына әлем,

Мен әуелде Сақ боп туғам - бұла дем.

Ерлігіне дүр сілкінген дүр әлем.

Мен әуелде-ак Сақ сарбазы

Шырақ ем!

 

Ей, есалаң ессіз тобыр, нені ұқтың?

Дүниеге Күн боп, Ғұн боп келіппін!

Қас дүшпанын қара қанға тойдырып,

Патша атанған Томиристей көріктім.

 

Өлексе жеп, тығындаған өңешін,

Маңайыма қаптап кетті неге сұм?!

Есін жиған Еуропа емес пе ед

Көріп алғаш ер Еділдің елесін.

 

Содан бері түскені жоқ өр еңсем,

Төңірімнің алқауы гой — көгерсем.

Өр еліммен бірге көрем - не көрсем,

Өр еліммен бір көнерем - көнерсем,

Тәңіріне ғайбат айтқан жалаңбұт,

Не жамандық көріп едің менен сен?..

 

Ғапыл кетіп, ғайбат айтпан ғасырға,

Азат күннің бағы барда басымда.

Күлкі болмай тексіздер мен тасырға,

Ес жиғалы егестім де ұлтым деп

Ең соңында рух боп тудым расында.

Есінді жый, ей, есалаң, көр кеуде,

Бұл күйімді қақың бар ма көрмеуге?

Алла алдында аят оқып тұрамын

Жер бетінде ақырғы адам өлгенде.

Жер бетінде ақырғы ақын өлгенде..

 

 

Күй кешінен репортаж

Оркестрдің концертіне барамын,
Ән сертіне, жан сертіне қанамын…
Он бесінде ыңыранып туған Ай,
Өлмес үнге құлақ түріп, нұрлы арай.
Желмен ескен боз даланың жұпарын
көкірегіме тұтамын.
Бұғауынан босап кетіп қаланың!
Жасаураған жүрегіммен мен осы
Боз дала боп кеткім келіп тұрғаны-ай.
Сөз ғана боп кеткім келіп тұрғаны-ай!

Жұмыр қылыш тұтып алған айнала
Күй деген ол мәңгілік қой қайда да…
Ми деген ол сезім келіп қаппаса
Бозінгенін таппаса
Быламық-ау жай ғана…
Сана жетсе, сезім жетпей серт өлді
Сезім жетсе, сана жетпей өртенді…
Бір ызғырық қарып өтіп желкемді.

Түйсігімнің қопарылып түбінен
Жалт ойнады арғы бетте түнімен
Қапелімде сөнді барып нұрлы ақыл.
Мені бетке ап келе жатты кектеніп,
Арғымағы алп-алп басқан бір батыр
Семсерімен қыл мойнымнан кетті орып.
Тұла бойдан қан емес-ау жас ақты
Жетім жүрек жарыларға шақ қалып...

Орып түскен қылыш үні сондағы
Бассыз жанның долбары...
Қайырылып қарамадым, себебі,
Бассыз кетіп барады екен ол-дағы...

Өкінемін мен қалай?
Жонда қалған мисыз жүрек – мен құсап
Келмеді іздеп сол батырды толған Ай…
Он бесінде күңіренткен жалған-ай…

 

 

Бөрі ұлиды

Күңгірт тартты құбылып күнім арда,

Жыр ойнайды жасындай жылы қанда.

Аруағы асып Алаштың кете барған

Ай астынан көк бөрі ұлығанда.

 

Ай астында көк бөрі... ұлығанда

Айбар бітіп Алашта тірі жанға.

Көшпелі елдің көгінен Тәңір шығып

Ғасыр көшіп, жылжыған ғұмыры алға.

 

Түркі елінің қалған ғой түнде кегі,

Тәңірісіне табынып күн көреді.

Шер-шеменін бөрі боп соған шағып

Жүрегінің жазылған жырмен емі.

 

Тәңірге Алаш, табынған айға бөрі,

Тірлігінің тектілік айғағы еді.

Бөрі айбарын қалдырып бағзы күнге

Түлкі болған түркінің қайран елі.

 

Қайран елі түркінің! Бөрі айбары

Көкіректен өшсін бе оңай бәрі?!

Түнбаласы түртпектеп мені оятқан

Алтай шыңы, орманы, тоғайлары...

 

Зұлмат дәуір зәһәрлі зәрін үйді,

Қайдан табам байырғы соны күйді.

Тозып біткен түркінің рухын жоқтап

Әлсін-әлсін Алтайда бөрі ұлиды ...

...Бөрі ұлиды ...