Күмісбек молла тағдыры.  Ханбатыров Күмісбек 1880 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, № 2 –ші (Тұмсық) ауылында орта шаруаның отбасында дүниеге келген. Күмісбек әкесінен 3 жаста, шешесінен 12 жасында жетім қалады. 1910 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Өзбек ағайындарға жалданып, қой айдасып Ташкентке барған. Медресе муфтиі өзінің шәкіртіне көңілі толғандықтан, Бұхараның жоғары діни оқуына жолдама беріп, оны да жақсы аяқтайды. Ол жақта оқитын қазақ жігіттеріне ілесіп, Орынбор, Петерборға барып, ел көріп, жер танып орыс оқуынан да хабардар алды. Елге оралған ол Нілді кенішінде мешіт салдырып, елді имандылыққа ұйытқан. Күмісбек 1916 жылы халық басына келген ауыртпалықтан тысқары қала алмаған. Тығырыққа тірелген ол осы кездің өзінде-ақ аты шыққан ақынға ақыл сұрай келгенін қариялар күні бүгін айтады. Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» атты кітабында Нілді бойының қазақтарын Күмісбек молланың патшаға қарсы көтеріп жүргенін сөз етеді. Революция жеңгеннен кейін гпудың соңына түсушілігі  байқалады. Күмісбек мектеп-медресе ашып, бала оқытуға мүмкін еместігіне көзі жетеді. Бұрынғыдай  өлең жазбаса да «Адасбек» деген атты пайдаланып, өзінің дүние танымын танытқан біраз жырлар туғызған. 1928 жылы елге төніп келе жатқан жаманшылықты сезген ақын елден жылжып кетуге мәжбүр болады. Арқа елін  аштықтан сақтап қалу үшін Қытайға өткізіп жіберуді ұйымдастырған. Өзі елден қашып Фрунзе (Бішкек) қаласының солтүстік жағындағы үлкен Шу каналын қазу жұмысына орналасқан. Күмісбек  астыртын елге келіп, бала-шағасымен жүздесіп кетіп тұрған. 1930 жылы Күмісбектің де үйін кәмпескелеп, дүние мүлкін, малын айдап, үйін жығып кетеді. Жұбайы Қадишаның сегіз баласы болғандықтан жер аудармаған. Елдегі белсенділердің қайта-қайта жазып көрсетулерінің арқасында 23.08.1940 жылы Күмісбек молланы Қордай ауданынан милиция келіп, Алматының түрмесіне жібереді. Күмісбек Ханбатырұлы 27.08.1941 жылы әлеуметтік қауіпті элемент ретінде сотталды. Өзінің кінәсіз екенін дәлелдеп өлең де шығарған. 1942 жылы Новосибирскінің Асино лагерінде қайтыс болған. 2000 жылдың қараша айында бұрынғы Жарық кенті мешітіне Күмісбек молланың аты берілді. 1925 жылы «Сыйлық» деген атаумен кітап шығарған.

ДҮНИЕ БІРДЕН КЕЛІП, БІРДЕН КЕТКЕН

Адамға келіп жатыр өлім деген,

Көзіне «мен келдім» деп көрінбеген.

Ата-ана ұлы-қыздан айырылады,

Жан бар ма бір-бірінен бөлінбеген.

 

 

Адамға өлім деген келіп жатыр,

Күніге күні біткен өліп жатыр.

Қараңғы, қара жерге кірген күні,

Жатырсың ақырында болып пақыр.

 

Стамбол паша болсаң Құдыс-Шамға,

Мысыр мен, сұлтан болсаң Үндістанға,

Алладан ажал нәубет жеткен күні,

Кірерсің ақыр бір күн жер астына.

 

Күн өтіп бара жатыр жыл айналып,

Жас өмір кәрілікке ыңғайланып.

Күн сайын минут бітіп, сағат өтіп,

Өмірің бара жатыр сұмға айналып.

Он сегіз бен жиырма бес өткен жасың,

Келмейді өкінсең де бір айналып.

 

Адамзат кәрімейді қайғы көрмей,

Өлмейді ауру менен ажал келмей.

Егер де ажал тағдыр жетіп келсе,

Әкетер тіл қатуға аял бермей.

 

Дүние бірден келіп, бірден кеткен,

Талайды алдап жүріп түпке жеткен.

Қапасыз, қайғы көрмей бұл жалғанда,

Армансыз жан бар ма екен мұңсыз өткен.

                                                      1931 жыл