Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту- еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы»-деп атап айтқандай тарихымызды,мәдениетімізді,құнды мұраларымызды зерттеп және оны насихаттау баршамызға ортақ міндет.
Осы тұрғыда Шет аудандық музейі бірқатар игілікті жұмыстар атқаруда. Биылғы жылға музей қорына бір ғасырлық тарихы бар екі көрік қабылданды.
Көрік - ұста, зергерлердің түрлі металдарды балқытып, қыздырып, өңдеу үшін қолданатын, оттыққа жел беріп тұратын құралы. Көріктің көлемі неғұрлым үлкен болса, оның көмейінен оттыққа берілетін ауаның қысымы да соғұрлым жоғары болады.
Музей қорына тапсырған көріктің иесі Жазықбайұлы Елеубек ұста (1880-1961 жж) Шет ауданы Қызылту өңірінде дүниеге келген. Он саусағынан өнері тамған шебер ұста болған адам. Жастайынан колхоз жұмысына араласып, ұсталық өнердің қыр-сырын меңгеріп, елге танымал болған. ҰОС жылдарында тылда еңбек етіп, құрмет қағаздарымен марапатталған. Бұл құнды жәдігерді қазіргі уақытқа дейін сақтап, музейге тапсырған шөбересі - Әліби Елеубеков.
Сонымен бірге жоғарыда аталған көріктің иелерінің бірі - Қытай Халық
Республикасынан 1928 жылы Монғолия Республикасына қоныс аударған Мамбетұлы Зағит. Зағит ұстаның құралдары әкесінен қалған және дәстүр бойынша жеті атаға дейін беріліп, сақталып келген. Кейін бұл көрікті баласы Сұраған қолданған.
Сұраған Зағит қазіргі уақытта Шет ауданы Талды ауылының тұрғыны, ағаш шебері. 2018 жылы «Халық шебері» сертификатын иеленген болатын. Домбыра, қобыз, астау басқа да қазақи түрлі бұйымдарды ағаштан ойып, оюлап, ерекше бір шеберлікпен жасайтындығымен танылған.
«Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, ата-бабаларымыз мирас етіп қалдырған тұрмыстық заттары, бұйымдары тарихымыздың тереңінен сыр шертеді. Олай болса өңірімізге қатысты төл тарихымызды насихаттау жолындағы жұмыстар әлі де жалғасын таба бермек