Ұлы ақын, ағартушы, философ, аудармашы, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы Абай Құнанбайұлы сөз өнеріне өз үлесін қосқан талантты сазгер, ән мен ойлы күй қалдырған асқан өнер иесі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі» - деп айтқандай Абай мұрасы біз үшін мәңгілік асыл қазына.
Шет аудандық музей қорына Абай домбырасының үлгісімен 1991 жылы Балхаш қаласының шеберханасында жасалған домбыра келіп түсті. Домбыраны шежірелі Шет ауданының 90 жылдық торқалы тойына орай жаңа экспозицияның ашылу салтанатында Алматы қаласының тұрғыны Торғай Игенқызы сыйға тартқан болатын.
Сонымен қатар, музей қорына «Абай Құнанбайұлы» атты шығармалар жинағы алынды. Бұл кітапты Ақсу-Аюлы ауылының тұрғыны Нұрлан Рысбеков тапсырды. Кітап 1948 жылы Алматы қаласындағы Мемлекеттік баспадан шыққан. Бұл жинақ Абай Құнанбайұлының туғанына 100 жыл толу мерекесіне арналып шығарылған және кітапты шығаруда Ғылым Академиясының Қазақ филиалының Тіл-Әдебиет институты Абайдың өмірін, шығармаларын зерттеу жөнінде екі экспедиция ұйымдастырып (1943-1944жж) нәтижесінде аса құнды жаңа материалдар табады. Кітапта бұрынғы шыққан жинақтарға енбеген Абайдың 7 өлеңі («Домбыраға қол соқпа», «Түбінде баянды еңбек егін салған», «Әйелің Медет қызы аты Өрім», «Мен боламын демеңдер», «Ойға түстім толғандым») берілген.
Ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесінде қолжазбалар зерттеліп, көптеген сөздерге жаңаша дұрыс түсініктер, талдаулар берілген. Аса құнды жәдігерлер музей төрінде көрмеге қойылып, қазіргі таңда келушілер жәдігерлерді көріп, біліп, тарихымен танысуда.