Әділов Тілеген Елеусізбайұлы - (Қарағанды облысы, Шет ауданы, Қармыс ауылы) – ақын, жырау, жыршы. ҚР Мәдениет саласының үздігі. Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Үштөбе ауылындағы «Руханият» білім беру орталығы жанынан ашылған «Бұқар жырау атындағы ақындар, жыршы-жыраулар сыныбының» жетекшісі, ұстазы.
📚Бірнеше аймақтық, республикалық, халықаралық айтыстардың, мүшәйралардың жеңімпазы.
🎗️2008-2019 ж.ж Маясар Жапақовқа арналған айтыстың, Жеңістің 65 жылдығына орай өткен айтыстың, Павлодар қаласында «Азаматпын. Еркінмін. Еріктімін» айтысының, Қарқаралы қаласының 190 жылдығына орай өткен «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» айтысының, Орал қаласында өткен «Алаштың бағы – азаттық» айтысының, Алматы қаласында өткен «Тәуелсіздікке тарту» республикалық айтысының 3-орын, Атырау қаласында өткен «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып...» атты республикалық айтыстарының жеңімпазы. Жұмабек Тәшенов атындағы «Жылдың үздік ақыны» номинациясымен, Қарағанды облысы әкімінің «Үздік айтыскер» номинациясымен, Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы медалімен марапатталған.
📑 Өлеңдері басылым беттерінде жарияланып, бірнеше жинаққа енген.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId192f748323
1936 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Түлкілі ауылының Қызылту колхозында дүниеге келген. Өмір жолында ұстаздық, басшылық қызметтерді атқарған.
Қоғамдағы қандай да бір өзекті мәселелерге немқұрайды қарамай, бұқпантайлап-жалтақтамай, жеке көзқарасын ашық білдіріп отыратын белсенді тұлға. Өз өңіріміздегі жастар тәрбиесі, халықтың әл-ауқаты, қазақ тілінің тағдыры, ауыл мәдениеті, басқа да өзекті мәселелерді шешудегі Омар қарияның ой-пікірлері көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылыққа жақсы таныс. Қазақ халқының көне дәуірден келе жатқан жыраулық өнерін де жалғастырып келе жатқан қарт ақынның әр жылдары жазылған өлең, толғауларын аздап ұсынып отырмыз.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId81c2361bb6
Амангельдин Аманбол Дәулетұлы 1995 жылы 27 қыркүйекте Қарағанды облысы, Шет ауданында дүниеге келген. Жастайынан шығармашылыққа әуес. Республикалық, облыстық жыр мүшайраларының жеңімпазы.
Республикалық «Махамбет оқуларының», «Қасым оқуларының» және облыстық «Абай оқуларының» жүлдегері.
Өлеңдері облыстық, аудандық газет беттерінде жарияланып тұрады.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeIdd849feb422
Амангельдинов Берікбол Дәулетұлы – 1992 жылы 14 сәуірде Шет ауданы, Ақсу – Аюлы ауылында дүниеге келген. Жастайынан шығармашылыққа әуес. Республикалық, облыстық жыр мүшайраларының жеңімпазы.
Республикалық Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған шешендік өнер байқауының жүлдегері.
Өлеңдері облыстық, аудандық газет беттерінде жарияланып тұрады.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId007322c262
Айтболатқызы Толғанай-Қарағанды облысы, Шет ауданы Ақжал кентінің тумасы. 1991жылдың 5маусымында дүниеге келген. Жастайынан шығармашылыққа әуес. Аудандық, облыстық жыр мүшайраларының жеңімпазы.
2019 жылы "Тенгри" баспасынан жарық көрген «Толған ай-тұмар, жыр-жүрек» өлеңдер жинағының авторы.
Жыр қоржынында қырғыз сазгерлерімен жазған бірнеше әндер бар.
Латын графикасын меңгеруде сертификатталған маман.
Аудандық театрдың белді мүшесі, рөл сомдаушы.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId8847fcc1ac
Қамиев Дидар Жанатұлы. Туып-өскен жері Шет ауданының Ақбауыр ауылы. Жыршы-термеші, айтыскер ақын. Айтыстың алдыңғы қатарлы ақындарының бірі. Көптеген республикалық айтыстардың жүлдесін қанжығасына байлаған. Суырып салма өнерімен қаруланып, қазақ халқын жырымен сусындатқан ақиық ақын Дидар жастарға үлгі болар тұлға. Жастайынан жыршылығымен дүйім жұртты аузына қаратқан Дидар Қамиев бүгінде аузын айға бөлеген айтыскер ақын ретінде көпке танымал.
Өлеңдері бірнеше мәрте республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда жарияланған.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId8f6264e425
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId9d9b7ebedf
«ШЕТ АҚЫНДАРЫ АНТОЛОГИЯСЫ» айдары.
Қасымтегі Ардақ Бекжанұлы – ақын.
Шет ауданы, Ақадыр кентінің тумасы.
«Найзағай», «Пегастың қылы», «Жасын» атты өлеңдер мен поэмалар жинағының авторы.
Ақынның өлеңдері мен дастандарында көркем сипат, терең ой, қарапайым тіл шеберлігі ерекше үйлесім тапқан. Халыққа танымал, көпшілік оқырманның сүйікті авторларының бірі.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId6628432da3
Зәрубай Сүйіндікұлы 1947 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданында дүниеге келген. 1968 жылы Қарағанды педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, ұзақ жылдар аудандық мәдениет, оқу бөлімінің басшысы қызметін атқарған.
Ақын-композитор, шертпе күй шебері. 2004 жылы «Өмір толғаулары», 2017 жылы «Сарыадырдың самалы» атты жыр жинақтары жарық көрді.
60-шақты ән, 10-шақты күйлердің авторы.
Шет ауданында «Күй -керуен» байқауын ұйымдастырушылардың бірі, Қыздарбек, Әбди, Сембек, Әбікен, Аққыз күйшілердің шығармашылығын орындаушы, насихаттаушысы.
2011 жылдың қорытындысы бойынша «Қарағанды облысының үздік композиторы», Шет ауданы «Жыл адамы» номинацияларының иегері.
Тәуелсіздіктің 25 жылдық медалімен марапатталған.
Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeIdb2fd86ed0b
Жұматаев Жаңабай (1964-1990) Шет ауданының Ақадыр кентінде дүниеге келген. 📍ҚарМУ-дің түлегі, филолог оқытушы. Ақын. 🔶Ақадыр аудандық «Ақадыр таңы», «Агадырская новь» газеттерінде мәдени қызметкер, мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып істеген. 🖋️Шығармасы: «Ғұмырым, саған ғашықпын» атты өлеңдер жинағы 1992 жылы жарық көрген.
Жакин Мәулен Советұлы Шет ауданында дүниеге келген. Қазақ елтанымын қалыптастыруға көп еңбек сіңіріп жүрген ғалымдардың бірі. Шет өңірі тарихын негіздеушілердің бірегейі. Тарихы ғылымдарының кандидаты. ҚарМУ-дың тарих факультетінің бітірген. ҚарМУ-дың «Этномәдени зертеулер» атты оқу-зерттеу зертханасының меңгерушісі. Көптеген ғылыми еңбектері алыс және жақын шетелдік басылымдарда жарияланған.
Біраз өлеңдері «Шет өңірі Ақындар антологиясы» кітабына еңген, газет беттеріне де жарияланған.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId131d460140
Серғазы Қабылдаұлы 1954 жылы Ақсу ауылында дүниеге келген.1971 жылы Ы.Алтынсарин мектебін бітірген. КазМу-дің журналистика факультетінде білім алған. Ақын. Өлкетанушы. Серғазы Қабылдаұлы аудандық , бұрынғы «Ильич туы», «Заман» газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған.
Серғазы Қабылдаұлы жоғары білімді журналист. «Заман» газетінің 2007 жылдан 2013 жылға дейінгі бас редакторы. Облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері. Шығ.: «Шуағына сенің жылындым», «Туған жердің түтіні» атты кітабы шықты.
АҚЖОЛТАЙ
Ата жаумен арбасқан,
Қидаласып қандасқан.
Азаттық үшін алысып,
Ат жалына жармасқан.
Атой салған жауына,
Ағыбай сынды алдаспан.
Соңына ерген сарбаздың,
Ұрына болған Ағыбай.
Туыпсың елдің бағына-ай!
Дұшпаныңның зорлығы-ай,
Жұртыңа қылған қорлығы-ай.
Еселеп кегін қайтарып,
Жеңіске жеткен Жолдым-ай!
Ақаусыз атты орғытып,
Қырлау жерден қарғытып.
Жауыңа шаптың ұрандай,
Шулатып қолын ұлардай.
Тоз-тоз болып қашты жау,
Қаһарыңа қарсы тұра алмай!
Елінің сақтап елдігін,
Ту етіп ұстап теңдігін.
Ұрпағыңа өнеге,
Батыр баба, ерлігің!
...Аунап бір жатшы сен бүгін...
ДАРАБОЗ
Сарыарқаның сағымы мұнарланған,
Кесікті өмір таусылмай тынар ма арман.
Күңірентіп даланы күй толғадың,
Күрсіндіріп көңілді мынау жалған.
Сар далаға әр берген сылаң-көрік,
Құба белден бөкені қылаң беріп.
«Айғырұшқан» басында бір күй туды,
Үрке қашқан топ киік мұнарға еніп.
Көбік шашқан күйлерің қалқып көкте,
Селт еткізіп сезімді жалқы сәтке.
Баянсыз бақ көңілді мұңға бөлеп,
Күмбір-күмбір күй төктің егіз шектен.
Ғасыр жылжып, барады заман озып,
Қайран баба, басқадан санаң озық.
Абылайдың күйін де жеткізген сен,
Шертпе күйдің шебері – дарабозым!
ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРЫҒЫ
Немесе Қайрат Рысқұлбековке арнау
Көк жүзінде сынаптай,
Сырғиды ай сұрақтай.
Көшеге шықтың көппенен,
Желкілдеп өскен құрақтай.
Бабадан қалған елдіктің,
Ерлік Туын құлатпай.
Ұмтылдың алға бұлқынып,
Тасқыны қатты бұлақтай.
Намыстың оты шыдатпай,
Түнекті түріп жарқ еттің.
Жануы жылдам шырақтай,
Көңілде кетті көп күмән.
Шешуі қиын сұрақтай,
Атадан қалған асылдай.
Ғұмыры қысқа жасындай,
Жарқ еттің де жоқ болдың,
Бодандыққа бас ұрмай.
...Өкініш өртеп өзекті,
Өксігім отыр басылмай...
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId2e076d8540
«ШЕТ ӨҢІРІ АҚЫНДАРЫНЫҢ АНТОЛОГИЯСЫ» айдары. АЙТЖАНОВА ҚЫЗҒАЛДАҚ (1979) ҚарМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 2005-2007 ж. Шет аудандық «Заман» газетінің редакторы болып істеген. Бүгінде облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері. 2016 ж. «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Қызғалдақ АЙТЖАНОВА журналистер арасындағы республикалық байқаудан жеңіспен оралды.
ЖҮРЕКТЕ БАР НҰР СӘУЛЕ
Жүректе бар бір нұр сәуле толқыған,
Жыр шумақ бар көкіректе шалқыған.
Жүрегімде нәзік гүл бар жыр айтар,
Кейде жұпар, кейде дала аңқыған.
Жүректе бар таудай талап, арманым,
Арман қуып ұшудан мен талмадым.
Қаламыммен жыр шашатын еліме,
Өмірімді мен қаламға арнадым.
Жүректе бар нұрлы үміт – серігім,
Жоғалтпасын деймін елім елдігін.
Кең даламдай бәрінен де халқымның,
Мақтан тұтам пейілінің кеңдігін.
ҚҰРДАСТАРЫМА
Ұшаттын көкке самғап күнде жуық,
Самғармыз әлі талай арман қуып.
Сан мәрте кездесерміз мүмкін әлі,
Болмайық тек сондайда салқын – суық.
Құрдастарым бар менің қимайтұғын,
Бір – бірін ізгілікпен сыйлайтұғын.
Осынау өлең жолын арнаймын мен,
Құрдастарға өзіме ұнайтұғын.
Он жыл да өте шықты-ау желдей есіп,
Барады достарым да жолға кетіп.
Кеше ғана бала едік желбіреген,
Кетіпті ғой із салып он жыл өтіп.
Бірге жүрсек кіреді сәніміз де,
Бірге оқыған құрдаспыз бәріміз де.
Бүгінде кетпек бәрі алыстарға,
Бірге емес пе бір шырқар әніміз де.
Бұл жырымды арнадым құрдастарға,
Кішкенемнен бірге өскен жолдастарға.
Оқи жүріп осы бір өлеңімді,
Естеріңе ал мені анда – санда.
ДОСЫМА
Достық деген – бұл өмірдің шырағы,
Достық деген – бұл адамның шынары.
Іздегенше тауып досты қиналып,
Кей адамның жетпес оған шыдамы.
Қанша достар қалды жолда қамығып,
Достық қалды қанатынан қайырылып.
Тағдыр – дауыл соққан кезде сұрапыл,
Талай жандар қалды-ау достан айырылып.
Қалса достық орта жолда айырылып,
Ондай доста болар жалғандық.
Айтарым саған ойымды жинай келгенде,
Достық кетіп, қапыда біз қалмайық.
Достықты біл, досым, сен де аялай,
Мәпеле сен достықты да анаңдай.
Оны сақтап қалу үшін мәңгіге,
Болсын сенің көңілің дархан, санаң бай.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeIda56b001767
«ШЕТ АҚЫНДАРЫ АНТОЛОГИЯСЫ» айдары. Шәйке Марат (1953-2020) Шет ауданында туған. Еңбек жолын Кеншоқы кеңшарында жұмысшы болып бастаған. 1980-2003 жылдар аралығында Қызылтау, Бұрма, Батық ауылдық Кеңесінің хатшысы, төрағасы. Шет ауатком төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 2003 жылдан Аққой ауылдық округінің әкімі. Марат Шәйкенің «Жұлдызым менің жоғары» атты өлеңдер жинағына енген өлеңдері ата – анаға, бауырларына, балаларына деген сүйіспеншілікке, туған ел, туған жерге деген ыстық сезімге толы. Өлеңдері бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі жарияланып келеді. Екі тараудан тұратын кітапқа ақынның кейінгі жылдары жазған өлең – жырлары топтастырылған. Кітап көпшілік қауымға арналған.
ТУҒАН ДАЛА
Ата мекен, тұрсың ба тебіреніп,
Тебіреніп, табиғи өңіңе еніп.
Үдері көшіп келген ұл - қызыңды,
Құмарланып құшаққа ал еміреніп.
Сыймай кеткен кезінде жеріңе кең,
Келді бауыр, елім деп еңіреген.
Қазағымның сан қилы тағдырына,
Куәгері өзіңсің, өмір – өзен.
Жетісу, Алтай, Арқа, Атырауы,
Қазағым, сыртта жүрген, шақырады.
Маң далам әкең жүрген, бабаң жүрген,
Өзіңе құшақ жайып жатыр әні.
Еліңе аңсап жеткен иегерім,
Өзіңсің сағынғаным, сүйенерім.
Жат жерде аман – есен жүргендігің,
Қолдауы шығар, сірә, киелердің.
ҚАРИЯ
Қария ауылда,
Сәлем берсең қол алып.
Сәл сабыр қып дамылдап,
Берер сауал ол анық.
«Уа, қарағым, қай елсің»,-
Деп басталар алғы сөз.
Біле алмасаң, ол ерсі,
Қысыларсың осы кез.
Сөзің қартпен жараспас,
Бұдан былай оны сез.
Қатып қалар қаратас,
Сытыларсың одан тез.
«Ұмытардай бабаңды,
Не көрінді басыңа.
Аулақ батыр қараңды,
Жолама енді қасыма.
Қайда кеткен ар – ұят,
Неткен жан ең жағымсыз»,-
Деп ашынып қария,
Басын шайқар дамылсыз.
Кешірмейді ол енді,
Өкінеді мәңгілік.
Қайтер сенің сәніңді,
Сен бір жүрген әңгүдік.
ӨКІНІШ
Айыра алмай біреудің ақ-қарасын,
Жабыла кеп мақтаймыз жат баласын.
Өзімізге келгенде көлгірсініп,
Белгілі ғой жақсыны жақтамасың.
Халықтың кірлетпедік қай тазасын,
Сандалып кім соқпаған жарға басын.
Шоқан менен Абайын шаң қаптырған,
Қазақтың қылығына таң қаласың.
Бауыр болды бүгінде бақ таласың,
Қас жауыңның аузынан мақталасың.
Сенген досың үстіңнен арыз жазып,
Ішқұса боп өлуге шақ қаласың.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId5ca688cdf7
Шәтекұлы Төлеуқұл (Қоңыр) -(1940-2018) Шет ауданына қарасты Қарабұлақ колхозында өмірге келген. Дарынды ақын. Шығармалары 1994 жылдан бастап аудандық, республикалық басылымдарда жарық көріп келеді. 1995 жылы Шет ауданы ақындарының антологиясына енгізілген. 2012 жылы Қоңыр Шәтекұлының «Өлеңім – өзім, асау ойым» атты жыр жинағы жарық көрген. Ақындығымен қатар аншылықпен де айналысып, табиғатпен бірге өмір сүріп, туған жерін аялап сүйе білген азамат.Арқаның қасқыр алатын тазыларын сақтап, таратушылардың бірі.
ҰЛАНЫМА
Ұлыма арнаймын
Жүректе мұңлы арман,
Сәбиім жалғыз қалған.
Бақытым – қуанышым,
Ұл – қызым әнім саған.
Сен менің ұланымсың,
Ақ сұңқар қыранымсың.
Мәңгілік жырлап өтер,
Шаттығым жыр әнімсің.
Құшағым гүлге толған,
Көңілім көктем болған.
Өмірім, тірегімсің,
Өзіңсің ерке ботам.
Кәусар бал бұлағымсың,
Жайқалған құрағымсың.
Ғасырлық жарық берер,
Жарқыраған шырағымсың.
Еркеле ерке гүлім,
Бақыттың бердің нұрын.
Жырымнан ұғарсыңдар,
Әкеңнің барлық сырын.
ТҮС
Ах ұрған Абылайдың ақтық демі,
Арманды қоздай беред көңілдегі.
Көрген түс, жорытушы тура тапқан,
Үркек боп өмір сүрді кейінгі елі.
Жоқ деуші ед бас алынса, тіл кесілмек,
Дана сөз жендеттерге болды ермек.
Миллиондаған тіл мен бас қоса кетті,
Шығады іздегенге олар көктеп.
Менің де ауыр ғой қайғым таудан,
Тұрады жұмбақ сұрау мың тараудан.
Ер болып елінде өсіп, ортада өтсе,
Мәйітте арман бар ма елі қойған.
Шыққандай болып тұрмыз еркіндікке,
Үйренбей үрке қарайд ел бірлікке.
Ынтымақ, бейбітшілік, бауырмалдық.
Бақыттың бастамасы жақсы өмірге.
Жерім мол, еңбек келсін табыс болып,
Әр жылым, елге баянды бақыт қонып.
Егеменді еркіндік алған халқым,
Жаңардың жаңа туып Барыс болып.
Таймаймыз Алатаудың шыңдарынан,
Өткел тауып өтеміз құздарынан.
Халқына ақыл айтып жол көрсеткен,
Айналыңдар Нұрсұлтандай ұлдарыңнан.
70 – жылға
О, құрметті халайық,
Домбыраны қолға алайық.
Ортадан өткен Нұра өзен,
Еліміз үшін Ақ Жайық.
Алатау бізге келер ме,
Сұранғанмен берер ме.
Төрт құбыланы көрсеткен,
Іргеде тұрған Аюлым.
Асқар тауға ылайық,
Елдегі жыр асылды.
Іздейік те жинайық.
Сусындатар бұлақ бар,
Көзін ашып қанайық.
Нарыққа да кез болдық.
Шыдамды едік, шыдайық.
Қайтпас қайсар ерлікпен.
Жеңіп жеңіске шығайық.
Кімнен ғана көреміз,
Маңдайға болды ылайық,
Талайды көрген қазақпыз,
Қиындықтан неге ығайық.
Жемісті болсын жетпісің,
Құттықтап қол соғайық.
Орнымыздан тұрайық.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId8a602fde8c
🖋️ Майбас Төрехан 1954 жылы туылған. Журналист, өлке тарихын зерттеуші. 🇰🇿ҚР Мәдениет қайраткері. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің түлегі, оқытушы-филолог. 🖇Журналист-жазушы, этнограф. Ақадыр аудандық «Ақадыр таңы — Агадырская новь» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, редакторының орынбасары, редакторы болған. 1998 жылдан облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі болған.
❇ Хикметтің, Уитменнің, Фростың өлеңдерін қазақшаға тәржімалаған. 📌Ел, жер тарихына қатысты көптеген тарихи және танымдық мақалалардың авторы.
✴Саяси көзқарасы үшін 70-ші жылдардың басында комсомол қатарынан аластатылып, қуғын көреді. Қарағанды қаласында белгілі меценат Болат Дүйсенбаевпен «Жас қазақ» ұйымын құруға талпыныс жасайды. «Азат» партиясының құрамын нығайтуға атсалысады.
🖋️Орыс тілінде “Кенді өлке” кітабын шығарған. Әңгімелері ұжымдық жинақтарға енген.
💥Көптеген этно-танымдық мақалалардың авторы.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId6c16980223
Ештаев Ғазиз Елеусізбайұлы (1958) Шет ауданы Кеншоқы ауылында туған. ҚР Жазушылар және ҚР Журналистер одағының мүшесі. Ақын Қазақстан Республика білім беру ісінің Құрметті қызметкері. Ғазиз ақынның әдемі жырларын оқыған әр адам жаны жадырап, жанары жайнап сала береді. Әр өлеңі – бір әлем. Елдің мұңы мен қуанышын, сыры мен салтанатын, сәнін өлеңіне өзек еткен өрнегі өзгеше ақын.
Шығармалары:«Жыр-шуақ» (Жезқазған,1996), «Шұғыла-шуақ» (2006, Алматы).
ҚАЙ КҮНІ БОЛАМ НЫСАНА
Табандатып тағдыр – темір бұғалық,
Қан жұтты да, қаза тапты шын алып.
Жиырмасыншы ғасыр жылап тұрды үнсіз,
Жаназасын ұлы ақынның шығарып.
Ақын өлді!
Жерледі жұрт арулап,
Енді өлеңге зәру дала, зәру бақ.
Жәннат кешіп жан тыныштық тапты ма,
Тірлігінде сан өртеп ек, сан улап.
Ақын өлді!
Күдеріңді үз енді,
Ақыл ойдың жал – құйрығы күзелді.
Жері кеңіп жез қарғылы жемқордың,
Ояздардың ұйқысы да түзелді.
Атойлатқан азған елдің азбаны,
Ат ойнатқан әумесерің аз ба әлі.
Абайынан айырылған ғасырдың,
Маңдайына ақын тұру жазбады.
Қанша ғұмыр қарауыл боп қалқиып,
Қанішер тұр қару кезеп талтиып.
Шала естілер шаттық тойын жасады,
Шәкәрімге атқан оғы дәл тиіп.
Тамылжытып әнге қосқан таң нұрын,
Ақындардан қалды азалы үн, қалды мұң.
Шиті мылтық шүріппесі шешпеп пе ед,
Сәкен сынды саңлағының тағдырын.
Айыптама артық айтсам ашына,
Жетісерің Жантық ерсе қасыңа.
Диуана – қарт дұға оқытып қайтты әне,
Дарға асылған ақынының басына.
Қатпар – қатпар қасірет қап белесте,
Қай ұлың бар кесіп айтар кеңесте.
Ақыныңнан айрылғаның, Адамзат,
Ақылыңнан айрылғаның, емес пе?!
Айналмасын десең күлкің құсаға,
Кемел ойдың кер бестісін тұсама!
Ай-күні кем ақымақтар өріп жүр,
Қай күні мен болады екем нысана...
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId5af2f9e153
«ШЕТ ӨҢІРІ АҚЫНДАРЫНЫҢ АНТОЛОГИЯСЫ». Сейітжаппар Әйкенұлы Бимақаш 1937 жылы Ақтоғай ауданының Ақтоғай селосында туған, ақын, білім саласының ардагері. ҚарПИ-ді бітірген (1959). ҚР Білім беру ісінің үздігі. Ақадыр өңірі ардагерлер кеңесінің төрағасы. Еңбек жолын 1959 жылы Ақшатау кентіндегі М.Әуезов атындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған. Ақадыр аупарткомында үгітнасихат бөлімінің меңгерушісі (1973-1975), Ә.Ермеков атындағы мектепте директор болды (1975). Аудандық және кенттік кеңестің бірнеше рет депутаты болған. Шығармашылықпен айналысады. Жыр жинақтары жарық көрген. Жезқазған қаласында өткен облыстық шешендік сайстың жүлдегері. Шығармалары: «Санатты өмір сәтінде», 2009, «Інкәр көңіл сүйсінеді үнсіз», 2010.
ШЫНДЫҚ ӨЛМЕС
Шындықта шындық нұр шындық,
Өткір бір шарпып күйдірдің.
Күлдіреп қалған көңілді,
Суыққа қалай сүйдірдім?
Сып қалған жарық дүние,
Тізгінің сенің кімде екен.
Жазықсыз жанға кім ие,
Әділет қонған құт мекен.
Жанымды шарпып шындық,
Қызуы тасып келеді.
Сөзіне қарап жындының,
Жалғанды жаным сезеді.
Шындығын қылыш жарқылдақ,
Ақымақ күледі тарқылдап.
Бүріп те түсер найсапты,
Қыран боп кейде саңқылдап.
Бұл шындық рас шындық па,
Тексізді тепкен сұмдық па.
Икемсіз кеткен жандарды,
Нарыққа жеккен құлдық па.
Шындық дегенің өтірік,
Алдыңнан шығар көпіріп.
Көбігі кетіп су қалар,
Сыры да кетіп шын қалар.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId12cea3c83e
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeIdc7edd1f409
«ШЕТ ӨҢІРІНІҢ АҚЫНДАРЫНЫҢ АНТОЛОГИЯСЫ» атты айдары. Күләш Байбурина (1937-1977) Шет ауданының Нілді ауылында дүниеге келген. ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіргеннен кейін «Советтік Қарағанды», қазіргі «Орталық Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болды. Өлеңдері республикалық басылымдарда басылып тұрды.
#ШЕТАУДАНДЫҚМУЗЕЙІ
#шетөңіріақындары
Кетті өзегім өртеніп,
Көзімнен ыршып жас шықты.
Өзіме өзім серт етіп
Тізгіндеп тұрмын жастықты.
Желігін басып жүректің,
Қоныстас болдым сабырмен.
Көңілде туып тілек тың,
Қоштастым дырду-дабырмен.
Өзгеріс дерсің бұл қалай?
Өңіме солғын бір қарап.
Адамның атын былғамай,
Жүрмекпін таза арқалап.
Өкініш үшін өлімге,
Берілсем мүлдем нем кісі?
Қуаныш-мұңсыз өмір ме,
Күресшіл дер ем шын кісі.
Жаңылдым, жақсы білемін,
Жаңғыртпа деймін саған да.
Бірақ мен өмір сүремін,
Орнымды толық табам да.
ТУҒАН ЖЕР
Күміс күн күліп төбеден,
Нұрын шашқан кез еді.
Алдымда көлкіп көлденең,
Жатыр Сарысу өзені.
Жағаңды жасыл, жас құрақ,
Балдырған, бала шағымдай.
Есейсем де бас құрап,
Жүре алмаспын сағынбай.
Асыр сап құмды жағаңда,
Жүгіргім келе береді.
Махаббат гүлін табам ба?
Неліктен ыстық жер еді!
Келіп ем бүгін сәлеммен,
Қабылда, Сарысу өзені!
Шырқаған әсем өлеңмен,
Толтырсам маңай, кезеңді.
Туған жер – алтын бесігім,
Әлдилеп әнмен өсірдің.
Өмірдің ашып есігін,
Қойылған сенде есімім.
Сүйікті Сарысу сылаңдап,
Жылы жүзбен қараса.
Егде тартып қалсам да,
Еркелер ем балаша.
Тезекбай Амандықұлы 1950 жылы Шет ауданының Кеншоқы ауылында дүниеге келген. Ақын. Қалам қайраткері. Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері. ҚарМУ –дің филология факультетінің түлегі. 1973 жылдан Шет аудандық білім саласында еңбек етіп, қазіргі таңда зейнеткерлікке шықты. Аудандық мәдениет орталығында шығармашылық кеші өткен (1998, 2000). Оның өлеңдеріне жергілікті сазгерлер Ы.Төлегенов, Қ.Мұстафин ән жазған. Ел, туған жерге қатысты мақалалары мерзімдік БАҚ-та жарияланып тұрады. 2000 жылы ақынның 50 жасқа толуына орай «Сәулелі мезет» атты алғаш өлеңдер жинағы басылып шықты. Ақынның екінші жинағы «Ел іші - жұмақ мекенім» 2014 жылы жарыққа шықты.
Мен талай жақын болдым «қасқаменен».
Көңілдің түкпірінен кір іздеме,
Таппадым өзімдей жан басқа мекен.
Жүрем деп сәтті шыққан тойлап жырды,
Жүрекке ақкөңілдік бойлап кірді.
Бақ тілеп баршаларға мен жүргенде,
Басқалар маған қастық ойлап жүрді.
Жүгірдім жасы үлкенге бәйек болып,
Жүдедім қорғансызды аяп, солып.
Жасаған жамандарға жақсылығым,
Маңдайға тиді талай таяқ болып.
Сонда да қасқа жолдан тая алмаған,
Ұрығын қаскөй ойдың жая алмаған.
Ешқашан шектемеспін жақсылықты,
Болған соң Алла менен аян маған.
Шығарып досқа да өлең, қасқа да өлең,
Мен талай жақын болдым «қасқаменен».
Жаямын бар сырымды өлең етіп –
Туған ел не күтеді басқа менен?!
***
Жат қылып құдай өзіме жалған сөйлеуді,
Бұлдамаппын ғой жағасы жайлау жейдемді.
Жайдары күнге жанашыр болып жүрдің де,
Таныттың бүгін шынайы келбет-бейнеңді.
Таба алмай тұрақ өзіңнің соқа басыңа,
Ор қазып жүрсің күн сайын досың, қасыңа.
Анадан пәк боп тусақ да сәби қалпыңда,
Әртіс боп кеттің өмірдің сахнасына.
Әлі де талай алдыма кез боп келерсің,
Көлгір тілекпен қолпаштауыңды төгерсің.
Түйсінгенім сол: сен адал досым емессің –
Өмір сахнасында бейне жасаушы «шеберсің».
Рахат ғұмыр – өз тірлігіңе мәз болсаң,
Көңілдің шалқар көліне келіп қаз қонса.
Қажеті қанша әртіс боп өмір сүрудің,
Қол соғатұғын көрермендерің аз болса!
Өлеңім
Мынау аптап жалғанға төзер ме едім,
Айтақырдан тамшы іздеп кезер ме едім...
Кенеземді кептірген өрт-ғұмырда,
Өзің бастың ернімнің кезергенін.
Өз орнымды ала алмай түзу төрден,
Оқшау қалғам думаншыл, қызулы елден.
Сақылдаған сары аяз ақпан шақта,
Өзің-менің жаныма қызу берген.
Кездерім аз бөркімді аспанға атқан,
Ит тірліктің тізесі жастан батқан.
Достан таба көргенде, қастан – қысым,
Өзің менің көңлімді аспандатқан.
Өмір – сапар тоқтаусыз сабылатын,
Бақ – тұрақсыз,құйқылжып, қағынатын.
Айналайын адал дос қай кезде де –
Өзің, Өлең, жанымнан табылатын!
Зәрубай Сүйіндікұлына
Тірлігіңнің тайталаста болса-дағы кезі мың,
Мойытпаған ар-намысың, қайратың мен төзімің.
Қарсы қойып қара ниет атаулыға жаныңды,
Мөлдір шықтай таза қалды жүректегі сезімің.
Әр биікте сынай жүріп бақытың мен бағыңды,
Адалдықтан мойыныңа асыл тұмар тағындың.
Жаны жайсаң жақсыларды жинадың да жаныңа,
Сезіміңді шомылдырдың тұмасына сағымның.
Болмысыңмен сезіндің де арай-таңды, күн-нұрды,
Жүрегіңе ұялаттың сырға салған сыңғырды.
Содан ба екен жырға толған көкірегің үндесті,
Күйге толы домбыраңның шанағымен күмбірлі.
Қиялыңдай шыңға өрлеген, көкті кезіп, шарықтап,
Мынау мәнді ғұмырыңда сауық-сайран салып бақ.
Туған елдің аспанына шыққан шырқап ән-құсың,
«Ақ шағалаң» самғасыншы қанат талмай, қалықтап.
Әнге қосып, күймен тербеп мынау туған далаңды,
Қиял-ойың шарлай берсін құпиялы ғаламды.
Сырлас, мұңдас жүрегімнен досқа деген тілек сол –
Кір шалмасын пәк көңіл мен Сенің саңлақ санаңды!
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId35a8e96619
Кәдірбек Халилаұлы 1924 жылы Шет ауданының «Құлеке» қыстағында дүниеге келіп, 1996 жылы Ақсу-Аюлы селосында өмірден өтті. Аудан мекемелерінде есепші, бас есепші қызметтерін атқарды. Туа біткен дарынның арқасында ел тарихын, салт-дәстүрін бойына сіңіріп ер жетті. Халқына адал қызмет істеуді мақсат еткен Кәдірбек Халилаұлы өмір жайлы толғаныстарын, жүрек жарды қуаныштарын, жеке адамның басында кездесетін пендешілік кемшіліктерді өлең-жырлары, әзіл-сықақтары арқылы халыққа жеткізуді ақындық парыз деп санады. Оның ойлы, отты өлең-жырлары шешен тілменен, күшті логикасымен ерекшеленеді.
ҚУАНАМЫН ЕГЕМЕНДІ ЕЛ БОЛҒАНЫМА
Көтерілді қазақтың,
Көгілдір көк байрағы.
Таңданды әлем таңырқап,
Қазақ деген қайдағы.
Арманы болған Алаштың,
Орындалды ойдағы.
Сахара – сайран даласы,
Абайдай туған данасы.
Азаттық алған бүгінде,
Біз қазақтың баласы.
Егеменді еліміз,
Байлыққа толы жеріміз.
Әлемге ұран тастадық,
Қол ұшын бізге беріңіз.
Жазылды елдің ұраны,
Бір сөзде қазақ тұрады.
Бірігіп отау құруға,
Шет елден көмек сұрады.
Алпауыттар әлемнің –
Ынтасы бізге құрып тұр.
Бірлесіп жұмыс істеуге,
Ат басын бізге бұрып тұр.
Атамыз шықты жарыққа,
Кездескенмен нарыққа.
Өтпелі кезең – бұ да өтер,
Тарықпа халқым, тарықпа.
Ат сабылтқан қазақпыз,
Азаттықтың жолында.
Ел байлығы кетпесін,
Озбырлардың қолында.
Талай жылдар отырдың,
Өктемдіктің торында.
Еңсеңді көтер, еркін бас,
Тізгінің өз қолында.
1991 жыл.
ЖАС КЕЛІНГЕ
Қуанышты күн бүгін,
Айқара ашқан түндігін.
Алтын арқау-Отаным,
Темірқазық, кіндігің.
Ағайын туыс қаптаған,
Алғысын сізге сақтаған.
Қызығына қуанып,
Жүрекке асы батпаған.
Ниетің дұрыс бастаған,
Емессің енді басқа адам.
Жақын-жуық, достар кеп,
Уыстап шашу тастаған.
Үй емес – келін баспаған,
Алдың – белес аспаған.
Ақыл айтар енең бар,
Сабыры мол сақтаған.
Келін кеп, есік аттаған,
Жастар өлең жаттаған.
Баласы бол осы үйдің,
Ана сүтін ақтаған.
Тойға келген ата көп,
Айтылар тілек бата көп.
Үлкендер берген батаны,
Кім айтады қате деп.
Ақылды келін саспайды,
Жамандыққа баспайды.
Нашар келін сумаңдап,
Туыстың басын қоспайды.
Жақсы келін бас болар,
Табағында ас болар.
Жаман келін жыбырлап,
Ата-енемен қас болар.
Адал келін ақ болар,
Махаббатқа сақ болар.
Екі жақсы қосылса,
От басына бақ қонар.
Бақытың болсын басыңда,
Жұбайың болсын қасыңда.
Бүгін міне, бой жетіп,
Келін боп түстің осында.
Еңбекте, қалқам, ерінбе,
Ылдый болсын төріңде.
Бауырыңа құт қонып,
Бала ойнасын төріңде!
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeIdfed5c20316
Мақыжан Түйтебайұлы(1902-1944) Қарқаралы уезінің Мойынты болыстығында дүниеге келген. Қалам қайраткері. Шығармашылықпен шұғылданған. Өспен кенішінде төрт кластық бастауыш мектебін бітірген. Орынборда рабфакты бітіріп, Қарқаралы округінің милициясын басқарады, кейін Қарағанды қаласында сот, прокуратура жүйесінде жауапты қызметтерде болады. 1937 жылы репрессияға ұшырайды. 1944 жылы майдан даласында қайтыс болады.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId630875651a
Жуасбай Тасболатұлы (1854 – 1918)
Семей губерниясы Қарқаралы уезінің Ақшатау болысының 10-шы ауылында дүниеге келген. Осы болыстықта би болған. Төбе билікке қол жеткізген. Айтыскер ақын ретінде кең танылған. Нарманбет ақынмен сан мәрте айтысқан. Көптеген қиссадастандар жазған. Солардан бүгінгі күнге жеткендері «Ерназар – Бекет, «Саржан қашқан», «Үш соқыр» дастандары.
Сүйемін сені, қазағым
Сүйемін сені қазақ, сүймесең де,
Қайғырам қалынды ойлап, білмесең де,
Сүйегім, қаным қазақ болғандықтан,
Қызады қаны құрғыр көрмесем де.
Айтамын жақсы бол деп, болмасаң да,
Қал деймін дау – жанжалдан қалмасаң да.
Бар деймін бас қосатын жерің болса,
Тіл алып пайданды ойлап бармасаң да,
Сүйемін, қазақ сені, бабынды ойлап,
Кең қоныс даярлаған ерте қамдап.
Ертіс пен Еділ, Жайық, Сыр менен Шу,
Арасын бес өзеннің бірдей жайлап.
Атысқан бұл жер үшін басын байлап,
Башқұрт пен ноғайларды бірдей қуып ,
Шығарған жерлерінен жеңіп айдап.
Сүйдірген сені маған бабаң шіркін,
Қадырын соның біліп сені сүйдім,
Сол болды қолымыздан келген бұл күн.
Дүние Жалған
Ей, жаным, бұл дүниеде еш опа жоқ,
Кімді алдап өткізбейді дүние боқ.
Өлгенше дүние қамы таусылмайды ,
Әр пенде бақи өтер арманда боп.
Біз жүрміз тағат қылмай дүние қуып,
Азапқа болдық лайық белді буып.
Қазаға қадам бассақ жақындаймыз,
Тұрады сол себептен көңіл суып.
Қалады қаза келсе қатын, бала,
Қылмайды ажал рақым жалынсаң да.
Құдайдың өлмей тұрып әмірін тұт,
Ойлайық жанның қамын не қылса да.
Қалады қаза келсе мал мен мүлік,
Аз күнгі дәурен өтер ойнап , күліп.
Ажалдың хабары жоқ , белгісі жоқ,
Тәубесіз өтіп кетпе қапыл жүріп
Түсеміз қапылдықпен қате жүріп,
Кетеміз бір қарамай оң мен солға.
Пәлеге кімді нәпсі кез қылмайды,
Нәпсі үшін қыран бүркіт түсер торға.
Дариға, ғылым екен аққан судай,
Жарасқан айдын көлге конған қудай.
Кімде кім ғылым күткен құр қалмайды,
Көтерген мақшар күнге жасыл тудай.
Жігіттер қапыл болып жүрме қалыс.
Азық жоқ, атың арық, жерің алыс.
Жігітке талап қылған нұр жауады,
Деген сөз пайғамбардан қалған қадыс.
Басында бітімінің жаманынан,
Өртенеді суда тұрып қалың қамыс.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId65be1b91ad
Қоренұлы Бабас (1868 – 1929). Қарқаралы уезі Ақшатау болыстығының оныншы ауылында дүниеге келген. Ақын. Жастайынан ақындық атағы шығады. Көптеген ақындармен сөз қағыстырады. Түсетай, Дияқажы, Қапас ақындарды талай рет тақыр жерге отырғызып кетеді. Сайқымазақ саяси өлеңдері көп болған. Халық жауы ретінде Жарас өзенінің бойында атылады (1929).
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeIdd0f5ab99de
Сейдіғалы Қамиакпарұлы (1922-1975) Семей губерниясы Қарқаралы уезі Ақшатау болысының 10-шы ауылында дүниеге келген. Ұзақ уақыт бойы Ақшатау кенішінде кенші болып істеген. Маясар ақынға атқосшы болған. Маясармен, Нарымбекұлы Хасен ақынмен сөз қағыстырған.
#ШЕТАУДАНДЫҚМУЗЕЙІ
#САРЫАРҚААҚЫНДАРЫ
ЖЕРҰЙЫҚ
Жотасында – арқары,
Етегінде – тартары,
Атан шығар марқасы,
Шүйден келер қырқасы,
Қаулап шығар көдесі,
Арқа деген жер осы.
Мұғдарланба көзбенен,
Арқам жатқан – кермиық.
Асан шалым адасып,
Іздеген бұл – Жерұйық.
ТҮҒАН ЖЕР
Алағай да бұлағай,
Еңку-еңку күн өткен.
Жылар жерде жыламай,
Саған келдім, неліктен?
Мен жетімге не жоқ деп,
Қашақ жүрдім желіктен.
Сөйлер жерде ақын боп,
Шешілмедім неліктен?
Қалсам – дағы қоңыр боп,
Еш пенде жоқ кеміткен.
Саған келіп ақын боп,
Шыға келем, неліктен?
Өзіме де, басқаға,
Өзім білер өкпем көп.
Саған ғана ешқашан,
Көрген жоқпын өкпелеп.
Бауырым да он құрсау,
Жалғыз түппін шетінеп.
Саған ғана ешқашан,
Келген жоқпын жетім деп.
Біреу сенер көз көрген,
Біреу сенбес сөзіме.
Сенен ғана жаралғам,
Барам және өзіңе.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId289b4d436b
Жақанұлы Рысқұл (1922-2003) Шет ауданының Айғыржал ауылында туған. Ақын. Екінші жаһан соғысының ардагері. Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысады. Идеология майданының қатардағы жауынгері ретінде мерзімдік баспасөзде өлең, сатиралық шығармалары жарияланып тұрған. Қар-ПИ-дің математика факультетін бітірген. Аудандық «Ильич туы» газетінің штаттан тыс тілшісі, газет жанашыры ретінде газет оқырмандарына кеңінен танылған. Айтыс ақыны ретінде бірнеше мәрте аудандық, облыстық ақындар айтысына қатысып, жүлдегер болған. Айтыстың өтірік айтыс түрін жаңғыртуға күш салған. Маясар, Қақпан, Дияқажы ақындардың шығармаларын насихаттап отырған. Бірқатар орден-медальмен марапатталған.
#ШЕТАУДАНДЫҚМУЗЕЙІ
#САРЫАРҚААҚЫНДАРЫ
АНА ТІЛІ
Әлемде толып жатқан жан иесі,
Барлығы табиғаттың дүниесі.
Сан қилы жан иесі белгісінің,
Қадірлі, ең асылы-тіл жүйесі.
Құдірет бар бұл тілде болмысынан,
Әр халықтың өз тілі өткен сыннан.
Табиғаттың әлемдік заңыменен,
Тіл де дамып сомданып толықсыған.
Әр халық қадір тұтқан ана тілін,
Үйреніп тіл арқылы өнер – білім.
Өкімет қаулысына қуанамын,
Заңына тіл туралы шыққан бүгін!
Сөйлеген өз тілінде атам қазақ,
Тілге қаяу түспеген көрсе де азап.
Өткен нелер саңлақтың мұраларын,
Ұрпағы бүгінгі күн тілмен жазад.
Біздің тіл – Әл-Фараби, Абай тілі,
Таныды бүкіл әлем, бүгін мұны.
Жаңарып баспа бетін көрген сайын,
Сомдалып өсе беред сөздің құны.
Жазмыштан еш пенде жоқ озатұғын.
Тіл – мұра, бұйым емес тозатұғын.
Тіл толықсып ілгері дами бермек,
Өміршең өмірге қол созатұғын.
Ендеше, құрметтейік тілімізді,
Түсініп ата дәстүр, ділімізді.
Тіл ғой бізді әлемге паш ететін,
Дәнекер қып бірімізге – бірімізді.
«Қызыл тіл – өнер алды» деген нақыл,
Мән берсек мағынасы терең жатыр.
Тілге байдың – жаны бай, санасы бай,
Сол адамнан сарқылмас білім, ақыл.
Тіл киелі, қадірі кетеді өрлеп,
Тарихқа сан – алуан, салып өрнек.
Жер бетінде тіршілік тоқталмаса,
Тіл шарықтап мәңгілік жасай бермек!
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId7386baa0a3
Қақпан ақын - Батырбек Жиренбайұлы. 1859 жылы Бұғылы-Тағылы жерінде дүниеге келген. Халыққа Қақпан ақын деген атпен мәлім болған ақынның шын аты Батырбек еді. Қақпан Жиренбайұлы Бесатаның Қояншытағай руынан. Ол уақыт, Затаевичтің сөзімен айтқанда, бүкіл қазақ даласының ән салып, жыр төгіп тұрған заманы еді. Бесіктен белі шыққаннан бері естігені өлең болған, өзі де дарынды бала Қақпан төрт ағасынан ерекшелеу еді. Ән айтумен бала жасынан айналысып, келген-кеткеннің кемістігін айтып қалумен ертеден-ақ «Қақпан бала» атанған. Кейіннен ақындыққа ден қойып, айтыса қалған үлкен-кішіні шақ келтірмей серіппелі қақпандай қарпып түсетін от тілді, орақ ауыз ақынға Қақпан есімі біржола бекіген. Қақпан ақын көнеден халық аузында келе жатқан «Қобыланды батыр», «Ер Қосай», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырларын жатқа айтып, өз жанынан «Тәмәм мен Бакарам» дастанын шығарған. Толғауларында ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздіктің сырын ашқан. 1933 жылы Қызылжар қаласында қайтыс болған.
#Шетаудандықмузейі
#Сарыарқаақындары
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeIda3b8e5773d
Исабек (Исатай) Есенқұлұлы (1869-1933) Семей губерниясы Қарқаралы уезі Мойынты-Сарыбұлақ болысында дүниеге келген. Кәрсөн-Керней елінің көшбасшы ақыны болған. Өтемісұлы Құлтумамен айтысып, Қақпан, Зейнеп, Шашубай ақындармен сөз қағыстырған.
#Шетаудандықмузейі
#Сарыарқаақындары
ЕЛДІ БІЛІСТІРУ
(Өтемісұлы Құлтумаға айтқаны)
Білесің Құнанбайды іште жатқан,
Ер Жәкем қажы барып иман тапқан.
Кернейде Қырбас, Бәубек, Ер Жарылғап,
Ұрысын Қуандықтың итке сатқан.
Ақтауды, Жаманқала талай шапқан.
Аңдас, Күшік, Сапақ пен Ер Тобышақ,
Ақырып айдаһарға қарсы шапқан.
Орман батыр, Қашқынбай, кеше Мәжі,
Босатып Шағырлыны елін жапқан.
Байыңды, батырыңды сен де айта бер,
Әйтпесе сөзіңді қой босқа шатқан.
Байлықтан көше алмаған Есбай, Жарбай,
Артынан Бөде менен Серік шығып,
Көтерген Қаптың тауын қаһармандай.
Алқакөл сұламада берген екен,
Бір күнде алпыс ат, тоқсан тайлақ,
Бабаң мен Байдәулет бай.
Мақтанар, міне, осылар сөзім менің,
Балқашта, Балқан тау да менің жерім.
Бір күн айтсам байлығым таусылмайды,
Елімнің не керемет кемеңгерін.
Арқада ел асқан жоқ біздің жақтан,
Төрт түлік мал бағусыз ызып жатқан.
Жері бай, адамдары жауынгер кіл,
Қалайша тұра аламын етпей мақтан.
***
Исабек өлең айтса аққан селдей,
Екпіні басылмаған ескен желдей.
Жүйріктей белдеудегі тұра алмайды,
Ұзаққа шабатұғын құлаш сермей.
Олжа алған оза шауып жүйрік едім,
Екі ел жар болғанда алдын бермей.
Арқаның мен белгілі жүйрігі едім,
Бәйгеден тұра алмаймын күнде келмей.
Жасымнан домбыра алып, сөз сөйледім,
Келемін жеке дара бір сүрінбей.
Ақпанда, сақылдаған сары аязда,
Қыранмын шыңға ұшатын қанат сермей.
Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын,
Несіне бөгелемін сөйлей бермей.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId95fdb00301
«ШЕТ ӨҢІРІ ШЕРТПЕ КҮЙДІҢ ОТАНЫ» атты айдарымыздың бүгінгі шығарылымында сіздердің назарларыңызға күйші, өлкетанушы Ертай Жәнібековтың орындауында қазақ күй өнерінің классигі, ғажайып музыкасымен Ресейдің патша сарайына дейін тәнті қылған Тәттімбет Қазанғапұлының күйі «Көкейкесті». «Көкейкесті» - күйші шығармашылығында ерекше орын алатын, шоқтығы биік туындылардың бірі. Тәттімбет қырғыз жерінде Кенесары мен Наурызбайдың қайғылы қазаға ұшырағанын естіп, жан-дүниесі өртеніп, шалқасынан жатқан күйі домбырасын алып, төменнен жоғары қарай шалып тартып ерекше күй орындап, көкейін тескен зары «Көкейкесті» күйін, қазақтың соңғы ханының қаза болуына арнаған.
#ШЕТ АУДАНДЫҚ МУЗЕЙІ
#сарыарқакүйлері
#dasturli_an_kuiler
Ілияс Ғабдіұлы (1906-1996) Ілияс ақын Шет өңірінен шыққан көрнекті өнер иелерінің бірі. Ол ақын ғана емес, дәулескер күйші әнші де болған. Халық мұраларының бүгінгі күнге дейін сақталып жетуіне айрықша үлес қосқан. Белгілі қайраткерлер Қыздарбек күйшімен, Әбікен Хасеновпен, Жүсіпбек Елебековпен бірге жүріп жайсаңдардың жақсы қасиеттерін бойына сіңіре білген.
#Шетаудандықмузейі
#Сарыарқаақындары
ӨМІР ТУРАЛЫ
Өмірге біреу келер, біреу кетіп,
Үлкендер орын берер, жас ержетіп.
Жыл жылжып, ай аяңдап, күн болжаусыз,
Жатыр ғой минут санап өмір өтіп.
Қартаямыз демеп ек жасымызда,
Еріксіз үшбу күнде басымызда.
Білінбей еппен жылжып өмір өтті,
Қатар қалмай барады қасымызда.
Қап-қара көмірдей боп тұрушы еді,
Күмістей жылтырады шашымыз да.
Жасыңда өрге қарай домалайтын,
Лақтырсаң ұзамайды тасыңыз да...
***
Ақылға ой болмаса жұмыс қайда,
Еңбексіз адам елмен суыспай ма?
Ой, еңбек, ғылым, білім бәрі қажет,
Ақылсыз бірақ бірі бермес пайда.
Адамға ғылым білмек міндетті іс,
Білуге сол ғылымды келе ме күш.
Білімді ақылменен ұстамасаң,
Бүгін бар да ертең жоқ ұшқан бір құс.
Жақсы іс ішкілліке берілмеген.
Салынсаң кетеді ғой сенім деген.
Еңбекке қасиетті ерінбеген,
Болады абзал жігіт елім деген.
Батырлыққа ептілік өте керек,
Болса да ақыл ерек, көңіл зерек.
Ақылыңа қуатың серік болар,
Орны бар әр нәрсенің бөлек-бөлек.
Білмеймін деп еш адам өзін айтпас,
Таңдаулысын аламыз сілкіп, елеп.
Нудан шығып топ жарып соңда озасың,
Біліміңе ақылың беріп көмек.
Қайғысыз қара суға семіреді,
Қайғылы қара тасты кеміреді.
Нышаны бір нәрсенің көрінерде,
Бар тұрып, жоққа келіп емінеді.
Басынан бағы қайтып кемігенде,
Наданнан шешен тұрып женіледі.
Кеудесіне нан піскен кейбір пенде,
Молшылыққа мастанып желігеді.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId782d94a0b4
«ШЕТ ӨҢІРІ АҚЫНДАРЫНЫҢ АНТОЛОГИЯСЫ» айдары.
Мұхамедия (Дияқажы) АХМЕТҰЛЫ (1871-1931) Семей губерниясы Қарқаралы уезінің Ақшатау болысында дүниеге келген. Шаян медресесін тауысып, Өпөде білім алады. Беделқажылыққа жүріп, Түркияда білімін көтереді. Бабас, Түсетай, Қапас ақындармен айтысқа түседі. Үндеу өлеңдер жазады. Қуғын-сүргінді көп көреді. Қарқаралының Үлкен көлінде атылады. Ақынның артында «Шаһарбану» атты дастаны мен көптеген өлеңдері қалды.
#Шетаудандықмузейі
#сарыарқаақындары
КӘРІЛІК
Бірінші жазылған сөз Оқабайға,
Қорқытып ақылымен соқамай ма?
Жала ғып жаман жорта артық айтсам,
Азырақ өзі біліп жұқалай ма?
Болмаса көкейіне түсіп кетіп,
Нығыздап үсті-үстіне сықымай ма?
Екіншілік кеңселік Түсен шалға,
Жас екен елу екі мешел шалға.
Қаужаңдап, өйтіп-бүйтіп тұрар едік,
Қу ажал бола тұрса кешел шалға.
Жиырма жетіншінің перуай марты,
Қонжидым жас беліне елу алты.
Жиырма, отыз, қырық аралары,
Жігітке мөлшер екен жастық шарты.
Бәрінен осы жастық желіп өтіп,
Кәрінің алды болдым, жастың арты.
Бұл топқа Түйте деген ілу-шалу,
Болмаса кемде-кем-ақ бізден қарты.
Бетті бұр құдайыңа құраныңмен,
Өлімінің күнде ызылдар парақоты.
Тоғытқан томар суға қой секілді,
Ғазірейіл болған күні орақайты.
(Күнпәйкі тұржағуын) пәрменімен,
Қажының бірақ болар той мен айты.
Әл кетті көмескілеп көзге бұлдыр,
Ашық тал түс болмаса көру ділдір.
Басына әр қараның сағым орнап,
Кеш батса қараудан көз қашып зыр-зыр.
Қартайған бәйге атындай қарқыншыл боп,
Ұрынамын тартқан соң миым сылдыр.
Пайда боп құлаққа да сасық саңырау,
Анық сөз естілмейді тартып күңгір.
Жаныңнан шылықтап шықпайтұғын,
Сырғыды нәпсі шайтан құдай ұрғыр.
Тануансыз тамызықтап таусылатын,
Базар ғой тарқайтұғын пәни құрғыр.
Қарттықпен араласты қызыл қанқұрт,
Қаусатты отыз екі тісті бықбрт.
Ауыз көркі маржандай тіс жойылып,
Екі езу қисаландап, суалып ұрт.
Бейімдеп қас пен қабақ, көзді құршап,
Секілді жауыны жоқ түнерген бұлт.
Айранға шелектегі бас сұққандай,
Ағарды алақ-жолақ сақал мен мұрт.
Зәберкеден басқа дәм уайым да,
Әңгіме болам ба деп жұтсам үстірт.
Жамандай жақсы сөзім күні кетіп,
Атанып болып барам жастарға қырт.
Ауытқып өз мінімді айттым халқым,
Ұрайын күйсеуіңді деме бырт-бырт.
Жолдасы керім қатын жастан серік,
Таянды әл азайып кету керек.
Жас дәурен, жаңа тұрмыс маусымында,
Тәттілік татушы еді қант пен өрік.
Шал алмаса мал алар деуге тағы,
Кеңестің келіс байтал заңы берік.
Талай-талай бай қарт бар бар біз емес.
Келіңдер, шал-шауқан боп кеңеселік.
ІШ ТАРТУ
Көбейді дұшпан,
Кеудені қысқан,
Азайды достар,
Жаулар көп.
Білмеген жерге,
Әкім болды,
Сырттан кеп.
Өңкей быдық,
Жоқ қой шындық,
Белгілі тегі,
Ата жоқ.
Айқай, дыбыс,
Күнде шабыс,
Жоғалды елден,
Ар, намыс.
Майды шайнап,
Малды айдап,
Алды әбден,
Құтырып.
Мына бетте,
Түрі жаман,
Алар тегіс,
Сыпырып.
Қара жерге,
Отырғызып,
Өздерінше,
План сызып,
Аштық жайлар,
Бұл бетінде,
Жиналыпты,
Өңшен бұзық.
Жетім бала,
Жесір қатын,
Сонда қалай күн көрер?
Сорлап қалі,
Кетіп әлі,
Қайда барып бел шерер?
Жинап алып,
Кедейлерді,
Былай-ау деп айту жоқ.
Айтты, бітті,
Пішті, кесті,
Райынан қайту жоқ.
Опық жеме,
Жинал халқым,
Айла жаса өлмеске.
Ойдағы арман,
Өтті жалған,
Қайта айналып келмеске.
Қолдарыңдағы,
Аз қараңды,
Бел буыңдар бермеске.
Көріп тұрсың,
Биылғы жыл,
Егін де жоқ,
Шөп те жоқ.
Жазды тастап,
Қысыңды ойла,
Ерте бастан ұран соқ.
Өзіңді ерік,
Болып серік,
Жан асыра бірлесіп.
Бытырмай,
Атқан оқтай,
Сөзіңді қос тілдесіп.
Кең ғой дала,
Бас сауғала,
Тапсаң өзен жағала.
Жақының бар,
Сүйегің бар,
Ойлан,
Заман арты тар.
Кенже қалма,
Оққа барма,
Артында оның орыс бар.
Артыңда –от,
Алдыңда –жар,
Айналатын жерің тар.
Туған жер деп,
Көріпкел көп,
Суырыла көшпейтін.
Дал-дал халық,
Ойға шомып,
Өсек сөзге мәз болып.
Итше үріп,
Құлақ түріп,
Тіл алмайтын көп шірік.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId92fa43b91d
ШАЯХМЕТ АДАМБАЙҰЛЫ
Семей губерниясы Қарқаралы уезі Ақшатау болысының 10-шы ауылында дүниеге келген. Бай баласы ретінде қуғында болып, ерте қайтыс болады. Қазақ жастарының гимнін жазады. Бір сыпыра өлең-жырлары баспасөз бетін жарық көреді.
БЕЛГІСІЗ ҚАБІР
Айдалада дыбыссыз,
Ешнәрседен үмітсіз.
Жатырсың-ау, жас қабір,
Кім екен-ау белгісіз.
Жапанда жалғыз жатырсың,
Қорықпайтын қандай батырсың?
Жан жүрмейтін үстіңнен,
Ескерусіз пақырсың.
Пәле қайдан төнді екен,
Ғұмырың қалай сөнді екен?
Иен дала, жұрт жоқта,
Қалай ғана көмді екен?
Әйел ма бұл, еркек пе?
Туыс қаны бек көп пе?
Біреудің әлде жалғызы,
Еркелеп өскен тентек пе?
Бұлбұл сайда, нұр сайда,
Сәулесі түсер шарайна.
Бұлақ ағып қабірге,
Гүлдеп шықса шөп майда.
Білмеймін еліңді қай тараптан,
Құтылып сен жатырсың михнаттан.
Алдыңнан жұмақ исі дайын боп,
Қосылсаң нұр қызына-ай рахатпен.
Көп отырдым, аттан түсіп қасыңа,
Дұға оқыдым басыңа.
Кәрімісің, жаспысың,
Тағдырың жеткен осында...
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeIdef5d338591
Әсел Адамбайқызы Семей губерниясы Қарқаралы уезі Ақшатау болысында дүниеге келген. Атақты Біржан салмен сөз жарыстырып, батасын алған. Дәм жазып, Жақып мырза Ақбайдың ауылына келін болып түседі. Көптеген ишра өлеңдер жазған.
#ШЕТАУДАНДЫҚМУЗЕЙІ
#ақындар
ЖАПЫРАҚ
Майысқан нәзік сұлу бұтақтарда,
Гүлденіп өстік толып қызық жазда,
Майда жел әсемдікпен ән тербеткен,
Саямен аққан таза бұлақтарда.
Қонақтап үстімізде құстар сайрап,
Құрметке бізді алмаған нәрсе бар ма?
Құрылған неше түрлі сұлу заттар,
Бір-бірлеп айта берсем таусылар ма?
Осындай қызғылықты уақыт өтті,
Достардың құрметтеген бәрі кетті.
Құс қойып сайрағанын, бұлақ мұздап,
Көңілсіз, күңгірт, суық мезгіл жетті.
Көргендер қызығына тамаша еткен,
Қайырылмай сондай күндер бастан өткен.
Көрікті сыпаттардың бірі қалмай,
Қураған бұтақтар да сынып кетті.
Сарғайып сәнсіз болып бос тұраннан,
Жалығып мезі болған бұтақтардан.
Долы жел көп тұрғызбай енді бізді,
Тезінен өшіре көр енді жылдам.
Жаратқан бәрін- дағы өлшеп-пішіп,
Сорды да бере салғын өңді қылған.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId384178075f
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeIddbac722ac3
Музейдің әлеуметтік желідегі достары! Сіздерге музей қорындағы ақындардың өлең-жырларын насихаттау мақсатында «Шет өңірі ақындарының антологиясы» айдарын бастаймыз. Бүгінгі жарияланымда
«Зар заман» кезеңінің ірі өкілдерінің бірі - ақын, жырау, болашақты болжап айтқан абыз Шортанбай Қанайұлының өлең-жырларын ұсынамыз.
Шортанбай Қанайұлы (1818-1881) – көзі тірісінде атағы қалың қазаққа кең жайылған, жырау жырлары Қазан қаласынан дүркін-дүркін жарық көрген. Ақын өз толғауларында заманның азғанын, заңның тозғанын, жердің кеткенін, ел-жұртта береке-бірлік қалмағанын терең толғайды. Шортанбай шығармашылығы ХIX ғасырдағы қазақ өмірінің айнасы, әсіресі, кедей-кепшік, момын шаруаларының тұрмыс тіршілігінің шынайы куәгері.
https://shet-muzei.kz/kz/shet-iri-a-yndaryny-antologiyasy.html#sigFreeId292cb32d80