Понедельник 11 Января 2016

 

Мұражайда, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік –қасиет тұнған ұлы ұғым» атты әдеби-монтажды кеш болып өтті.  Осыдан 24  жыл бұрын егемендігіміз жарияланып, Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл ғасырлар бойы біздің, яғни қазақ  халқының аңсаған арманы еді.

Тәуелсіздігімізді алғаннан соң халықтың басын біріктіріп Н.Ә.Назарбаев тұңғыш Елбасы болды. Елбасының бастауымен  Отанымыз әлемге танылды. Қазақстан бүгінде егеменді ел болып дүние жүзіне танылуда. Біздің отанымыз егеменді тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Тарих бізге Тәуелсіздікті тарту етті. Енді біздің парызымыз -  осы қастерлі тәуелсіздігімізді сақтау, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеу, тәуелсіз мемлекетімізді өркениетті елдер қатарына қосуға ат салысу, мәдениеттің биік шыңына көтерілу.

Осы мақсатта, мұражайдағы іс-шараға ауыл ақсақалдары Жуасбаев Өкен атамыз, Алғожин Шәйкен атамыз, Хамзин Бекежан ағаларымыз және аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері, агротехникалық колледж студенттері, сонымен қатар Ж.Ақылбаев атындағы мектеп гимназияның 9 «ә» сынып оқушылары, осы сыныптың жетекшісі Ербол Қызылов белсене қатысты. Мерекелік шараны жүргізген С.Қамытбаева мен Б.Баяманова азаттығымыздың тарихына терең тоқталды: «Тәуелсіздік – қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі әрі жеңісі. Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Сондықтан да Елбасымыздың «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастан кешу арқылы қол жеткен өз мемлекеттілігін құруға деген заңды құқығы, бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс, бүгінде азат еліміздің атағы алты құрлықты таңдай қақтырып, тамсандырған, жаһандық қауіпсіздіктің алтын белдеуі атанып отыр.

Міне, осының бәрі Тәуелсіздігіміздің жемісі»,-деген Елбасымыздың ерекше мәнге ие сөздері мерекелік шара барысында негізге алынды. Мерекелік шарада мектеп оқушыларының «Қайраттың ақтық сөзі» атты көрінісі сахналанды. Орталық кітапхана бағдарламаушысы Байжанбаев Алихан "Тәуелсіздік тағлымы" слайды  мен  "Желтоқсан көтерілісі" атты деректі фильмін көрсетті. Сонымен қатар, "Тәуелсіздік жаңғырығы – Желтоқсан" атты кітап көрмесімен орталық кітапхана қызметкері Жолдыбекова Дина таныстырып өтті. Көрмеге Тәуелсіз Қазақстанның бел-белестері, бүгінгі жетістіктері және жарқын болашағы туралы деректер мен құнды кітаптар қойылды. "Тәуелсіздік  мерекесі" атты Шидербекова Бикеннің баяндамасы көптің көңілінен шықты. Осынау айтулы шараға атсалысқан мектеп оқушылары да, өздерінің шағын концерттік бағдарламасын көрсетіп, әкелген жыр шумақтарынан шашу шашып,  желтоқсан қаһарманы Қ.Рысқұлбековтің қайсар да, батыр келбетін көрсетіп, оның соңғы ақтық сөзін көрермендерге шынайы жеткізе біліп, көрермендердің алғысына бөленді. Аталарымыз «Егеменді еліміз жасай берсін!» деген жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Тәуелсіздіктің түп тамырына желтоқсан оқиғасының тікелей байланысы бар екеніне ешкім дау айта қоймас. Осы орайда, ұстаз Қызылов Ербол мұғалім егемендігіміз, тәуелсіздігіміз жайлы тарих тағылымына тереңінен тоқталып өтті.

Кеш соңы, «Желтоқсан» атты хормен аяқталды. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік, ағайын.