Monday 23rd September 2013

Қадірменді халайық!

Әрбір халықтың ардақ тұтар айбыны мен ішкі әлемінің айдыны есепті ешбір нәрсемен алмастыруға болмайтын ұлттың өзімен бірге туындап, біте қайнасып келе жатқан мұрасы бар.

Тарихқа көз жүгіртсек, әр халық өз тарихын әр түрлі жолдармен бейнелейтіні ерекше байқалады.

Айталық, арабтарда көне тарих алып тас мүсіндерге түсірсе, қытайлар ескі жазу тәсілімен сақталынған. Үнділер де би өнерінің тілімен бейнелесе, европалықтар қорғандар салып қалдырған.

Ал қазақ халқы болса, өз тарихын аса бай ауыз әдебиетімен жырлап, саз өнерімен суреттеген. Соның бірі-күй сазы. Күй-көне жанр. Оның сан ғасырлық тарихы бар. Күй-ана тілімен бірдей, халықтың өмірінің айнасы.

Содан болар замананың ақиық ақыны Қадыр Мырзаәлі:

«Екі шектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра,

Қазақ-нағыз қазақ емес,

Нағыз қазақ домбыра»-деген.

Құрметті халайық, қадірлі қонақтар!

Бүгін Сарыарқаның ең бір шұрайлы жері Ақсу-Аюлының баурайында, қара Нұра жағасында өмірін өнерімен өрнектеген, қазақтың киелі қара домбырасын шыр етіп жерге түскеннен, өмірінің ақырғы сәтіне дейін қолынан тастамаған, Тәттімбет, Қыздарбек, Сембек, Әбди, Әбікен сынды даланың дарабоз  күйшілерінің ізбасары, алтынның сынығы, шертпе күйдің шебері Дәулетбек Сәдуақасұлының 75 жылдығын еске алу кешіне жиналып отырмыз.

Қыздарбек, Сембек, Әбдилер-ай

Көңілдің мұңын тербеп әлдиледі-ай!

Тағдырдың тәлкегіне қалғандар-ай,

Үзілген шектей армандар-ай,

Қанаты талғандар-ай!

Беу, домбыра,

Құлын дауыс, ай мүсін,

Сені тыңдап тебіренбес қай кісі!

Қасиетті шанағына сидырған,

Қазағымның қуанышы мен қайғысын,

Беу, домбыра,

Құлын дауыс, ай мүсін!

Қазақтың даласын, домбыра-дастан, дала, қобыз-дала деп тегін айтпаған.  Біз бүгін қазақтың қара домбырасына басымызды иіп, жол береміз.

Алғашқы арнау сөз аудан әкімі Рысқали Қалиақпарұлына беріледі.

Дәулетбек Сәдуақасұлы 1938 жылдың наурызында Қарағанды облысы, Шет ауданының «Жас терек» колхозында (қазіргі Тағылы ауылдық округі) дүниеге келген.

Жеті жасынан домбыраға әуестенген өнерпаз жеткіншек 1950 жылдары елге келген атақты күйші Әбікен Хасеновтің көзін көріп, күйлерін үйренеді. Ұмыт бола бастаған шертпе күйдің Арқадағы бір мектебі- Қыздарбек күйші мектебі еді. Бабадан қалған асыл мұраны алғаш рет дәріптеуші де осы Дәукең. 1988 жылы «Ақсу-Аюлы» ән-би ансамблінің құрамында Алматыға барған Дәукең көгілдір экран алдында тұңғыш рет Қыздарбектің «Өткінші», «Мұң қосбасарын», Әбдидің «Қосбасары» мен «Тәуба қосбасарын», Сембектің «Наз қосбасарын» орындап қазақ музыкасының «Алтын қорына» жаздырып қайтады. Қазақ радиосына осы сапарында Тәттімбеттің «Көкейтестісін», «Саржайлауын», Тоқаның «Саржайлауын» қоса жаздырған дәулескер күйшінің бұл шертпе күйді республика көлемінде насихаттаудағы алғашқы қадамдары болатын.

Жезқазған облысында жыл сайын өткізілетін дәстүрлі «Байқоңыр дауысы» атты өнер фестиваліне әлденеше рет қатысып, өзі білетін шертпе күйдің кейінгі ұрпаққа жетуіне көп еңбек сіңірген күйшінің бұл бағыттағы мақсатты істері нәтижесіз емес. 1998 жылы Ақадырда Әбікен Хасеновтың туғанына 100 толуына орай өткізілген республикалық күйшілер жарысында бас жүлдені жеңіп алған Дәукеңнің күйшілік өнеріне талай жұрт тамсана таңдай қаққан.

2000 жылы Қыздарбектің 150 жылдық мерейтойына орай аудан орталығында өткізілген шертпе күй шеберлерінің облыстық байқауында тағы да бас жүлдені Дәукең иеленген. Сол жылы республикалық «Қазақстан-1» телеарнасынан Қыздарбектің, Әбдидің,  Сембектің күйлерін орындаған дәулескер күйшінің шеберлігіне дүйім жұрт куә болған.

Дәулетбек Сәдуақасұлының  өзінен бұрынғы өткен өнер саңлақтарының өлмес мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізудегі елеулі еңбегі 2005 жылы одан әрі жалғасын тапқан еді. Көне заманнан бүгінге жеткен қасиетті қазақ домбырасының егіз ішегінен төгілген қоңыр үнді ұрпақ жадында сақтап қалу мақсатында алты алашқа сауын айтқан мемлекеттік кешенді бағдарлама- «Мәңгілік сарын» атты өнер тарландарының басын қосқан бәтуалы жиынға барған Дәукең таспаға бірталай күй жаздырып қайтты. Сол сапарында «Қазақтың 100 күйі» телебағдарламасына үш мәрте Қыздарбек, Әбди,

Сембек, Тоқа сынды Арқаның айтулы күйшілерінің күйін орындап, жаздырды.

2006 жылы облыстық телеарнаға жоғарыда аттары аталған өнер тарландарының күйлерін жаздырып, олар туралы өзі білетін мағлұматтарды кеңінен әңгімелеп берген Дәукең Алматыға барып, «Күй-керуен» бағдарламасына қатысып қайтты. Алматы қаласы әкімдігі мен Қазақстан телерадиокорпорациясы ұйымдастырған бұл бағдарламада Дәукең Әбдидің

«Қосбасарын» орындады.

Дәулетбек Сәдуақасұлы шертпе күйдің шебері ғана емес, өзі де күй шығаратын сазгер. Дәукеңнің шығарған «Аралбай баба», «Бірінші толғау», «Екінші толғау», және «Қуаныш» атты күйлері көңіл тербер терең иірімдерімен ерекшеленетін күйлер

Республикалық «Мәңгілік сарын» , «Күй керуен» байқауларына қатысып, республика жұртшылығына кеңінен танылған дәулескер күйшінің «EL продюсерлік орталығынан» «Арқа күйлері» атты күй табағы, осы орталықтан «Тел ағыс», т.б. фильмдері түсіріліп, «Тел ағыс» «Хабар» телеарнасынан жарыққа шықты. Арқа шертпе күйінің негізгі отаны-Шет ауданында мәдени, рухани орталықтарымыз –Алматы мен Астанадан кейін тұңғыш рет 2008 жылы Шет ауданының 80 жылдығы аясында «Күй керуен» байқауының аудандық жерде өтуіне бірден-бір мұрындық болып, басы-қасында жүргендер аудан әкімі Рысқали Қалиақпарұлы, Дәулетбек Сәдуақасұлы болатын.

Шертпе күйдің Арқадағы дәстүрлі мектебінің жалғастырушысы ретінде де елге танылған Дәукең арнайы класс ашып, балаларды домбыра тартуға баулып, шертпе күйден сабақ берген. Өнердегі еңбегі орынды бағаланып, 2009 жылы шілде айында Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атағы берілді.

Дәукең кезінде талай додаға түскен палуан да болған. Талайдың жауырынын жер иіскеткен. Талайды тізе бүктірген. Атақты  Әлімшайқымен белдескен. Облыстық, аудандық жарыстарға үзбей қатысып, жеңімпаз танылған. Бірнеше медальдар мен грамоталардың иегері болды.

Жұбайы Бану Жүнісқызымен отау құрғандарына 50 жылдан асты. 7 бала тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған ардақты ата-аналар.

«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша дәулескер күйші Дәулетбек Сәдуақасұлының туғанына 75 жыл толуына байланысты өтетін әдеби-сазды еске алу кеші. Кешті жүргізуші күйшінің кешегі өнердегі сыйлас досы ақын, композитор Зәрубай Сүйіндікұлы.

Аудандық мұражайға Дәулетбек Сәдуақасұлының домбырасын, сахналық киімдерін тапсыру. Мұражайдан бұрыш ашу.Мәдениет үйінде «Ел» продюсерлік орталығы Дәулетбек Сәдуақасұлы туралы түсірген «Телағыс» фильмі. 10-15 минут (қысқартылып алынған).

Еске алу кешіне қатысатын күйшілер және арнау сөз айтушылар:

Әбдікеров Рысқали Қалиақпарұлы   -аудан әкімі-   Арнау сөз.

1.АқанДәулетбек  (Күйшінің немересі)-           Шашубайдың әні «Аққайың»

2.Қайролла Дәулетбекұлы  -                          «Анаға арнау»

Д.Сәдуақасұлы

 

3.Аманжолов Сағжан (немере ағасы) -            Арнау сөз.

 

4. Күлмара Рақымбекова –Қарағанды-      Аққыз қосбасар

Сатаннның қосбасары

 

5. Кәмел Жүністегі жазушы, өлкетанушы-    Арнау сөз

 

6.Базарәлі Мүптекеев –Астана                          Сылқым қыз

Қыздарбек

Әйкеннің қосбасары

 

7.  Өкен ақсақал                                                 Арнау сөз

 

8.Саян Ақмолда -Алматы                                Шер қосбасар Әбди

 

9.Қалкен Қасымов –Қарағанды-                      Тәттімбет

«Бестөре»

Әбікен «Қоңыр»

 

10. Қайрат Мұстафин                            «Сылқылдақ» Тәттімбет

М.Хамзин «Белгісіз солдат»

 

11.Немересі Жүсіп Дәулетбек             1-ші толғау Дәулетбек

«Жолаушының жолды

қоңыры» Сүгір

 

12.Ақан Дәулетбек (немересі)            «Қарғам-ау» халық әні

 

13.Еркебұлан Ахметов                         «Өткінші қосбасар»

Қыздарбек

 

 

14.Ертай Жәнібеков

 

 

15.Зәрубай Сүйіндікұлы                        Әбдидің «Тәуба

қосбасары»

Қыздарбектің  қосбасары

 

16.Жаңқаш Ықыласұлы                       Ықыластың күйі «Кер

толғау»,

Ықыластың күйі «Қазан»

 

17.Қайролла Дәулетбекұлы                 Сембек «Наз қосбасар»

 

 

Қорытынды сөз.