Понедельник 23 Сентября 2013

 

Құрметті халайық!

Ұлы даламыздың тарихы-халқымыздың баға жетпес рухани байлығы. Кешегі алмағайын заманда елдігі мен жер тұтастығы үшін жан беріп, жан алысқан,   қара бала қара қазанды қорғаған көкжал батырларымыздың жорықтарын тереңдеп таразылап,   айшықтайтын кезең келді.

Жасыратыны жоқ, ұзақ уақыт қазақ елінің тарихы жаттың көзқарасымен, солардың тілек-талаптарына сай бұрмаланып, бабаларымыздың жарқын істері бұлыңғырланып жазылды. Соның салдарынан бабалар есімі, олардың ұлы істері, ерліктері көзден таса болып келді.

Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, тарих қойнауын ақтару жұмыстары біршама істелгенмен, оның қалтарыстары,  тарихты түгендейтін, керемет тұлғаларды іздейтін ғылыми-зерттеу жұмыстары  әлі жүйелі үрдіс ала қойған жоқ. Оны күнделікті ақпарат құралдарда ғалымдарымыздың өздері мойындап айтуда. Дүние жүзінде, тіпті көршілес Ресей мұражайлары мен  мұрағаттарындағы бабаларымыздың ұлылықтарын көрсететін сан жетпес байлық жәдігерлеріміз, ақпараттарымыз жабық болып, халыққа ұсынылмай жатқаны баршаға мәлім.

Кезінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: « Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек. Қазақ  тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деп абыройымызды асқақтатқан.

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің Қазақстан Республикасының тарихын зерделеу жөніндегі ведомство аралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында «Өзінің өткенін ұмытатын қоғамды болашақ та ұмытады... Ең нағыз бағыт-бағдар- өзіңнің ата-бабаңның кімдер болғанын, мынау тарих толқынында  өзіміздің кім екенімізді білу және ұмытпау» деп атап өтті.

Қазір облысымызда аса құнды бастамаға облыс әкімі Бауыржан Әбдішевтің басшылығымен осы салада  ірі-ірі маңызды шаралар жүзеге аса бастады.

Таяу арада облыстық мәслихат хатшысы Н.Дулатбеков және облыс әкімінің орынбасары Б.Жұмабековтың басқаруымен дөңгелек стол, ғалымдар, білім, мәдениет, мұрағат, мұражай

 

саласының қызметкерлері қатысқан үлкен алқалы жиын болып, сын-пікірлер айтылып, алдағы атқарылар шаралар белгіленді.

Сөз жоқ бұл қозғау үлкен жаңалықтар әкелуі тиіс.

Бүгінгі міндет- тарихи оқиғаларды, ұлы тұлғалар есімдерін айшықтау, бұл салада кеткен қателіктер мен бұрмалаушылықтардан, өсек-аяңдардан тазартып, өздерінің білімділіктері мен өжеттіктері, ерліктерімен таңқалдырған бабалар бейнесін, тарихи шындықты кейінгі ұрпаққа жеткізу.

Ендеше от шайнап, қан түкірген батыр бабамыздың жанқиярлық ерлігі, көзсіз батырлығы үш ғасырдан астам ұрпақтан-ұрпаққа ел аузында аңыз болып келеді. Халықтың сүйіспеншілігі арқасында Тағылы-Бұғылыдағы Құсмұрын қойнауында Нұра өзенінің жағасындағы Айдаболұлы Дербісалы батыр атындағы елді мекен мәңгілік өмір сүруде.

Кешегі жер-су аттарына сұрқылтай  болған орыс отаршылдығы, "қызыл" империя үстемдік еткен заманда да, батырдың киесінен болар, өз атын сақтап қалды. Жоңғар қалмақтарымен болған қанды қырғында тосқауыл болып, ел қорғаған, ақырғы ақиқат- соғыстың басты куәгері- қолбасшы Дербісалы батырға риза болған    халық, құрметіне осы маңға тұспа-тұс келетін  жер-су аттарын:

Қармыс, Құттыбай, Шопа, інісі, оққағары Шәндігеннің баласы- Торақ батыр бұлағы мен жазығы, немересінің атымен Оқтемір, Орынбайдың Ақтөбесі, Қашқынбай бұлағы, Барғананың «Үшқызыл» шілігі мен тауы, Қараш тауындағы Төкебайдың биігі мен бұлағы, Қаратоғанбай, Сартоғанбай таулары, «Қараштың» қыстағы тағы сол сияқты жер-су аттары батыр баба ұрпақтарының    атымен аталған.  "Халық айтса, қалт айтпайды" дейді даналық сөз. Ең ғажабы,  халық сүйіспеншілігі арқасында батырдың қылышы сақталған, бұл некен-саяқ кездесетін оқиға. Бұл жәдігер ғасырдан-ғасырға, атадан балаға ең қастерлі, киелі дүние  ретінде ауысып келеді. Қазір қылыш батырдың жетінші ұрпағы Елубектің үйінде тұр. Міне, нағыз шындық, міне, тірі-тарих!

2002 жылы Алматыда тұратын профессор, техникалық ғылымның докторы, Халықаралық техникалық ғылым академияларының (Москва Бауман атындағы МВТУ  және  Санкт-Петербург қаласы) корреспондент мүшесі, осы салада Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Махаббат Рымқұлұлы Түсіпбек батыр бабаның ұстаған қасиетті қылышын реставрациядан өткізді.

Ғалымдар көмескі жазуды зерттей келе Шығыс елінде шамамен 1700 жылдары жасалған деген пікір айтқан.

"Қолыңның  табынан  айналайын, ер бабам"- деп көзіне жас алып тәу еткен қарттарымызды көзіміз көрді.

Үш ғасыр бойы асыл жәдігерді көздің қарашығындай сақтап келген бабаларымызға мың да бір  құрмет, мың да бір тағзым!

Ал Дербісалы батырдың ерлігі туралы аңыз-әңгімелер ұшан-теңіз. Ел аузында осыншама бай мұра қалдырған батырлар некен-саяқ, оған да тәубә дейміз!

Қазір жер-жерде қалталы байлар, жағымпаз "тарихшылар" шимай-шатпақтап "Ауылына әкесінің, көшесіне көкесінің" атын бергізіп, немесе бергізем деп әбүйірсіз жұмыспен айналысуда.

Халық-таразы. Кімнің кім екенін тап басып, жазбай таниды.  Әбден саралап алмай жар салмайтыны тағы бар. Қолдан құдірет жасап жүргендерге тарих деген алып өткелді естен шығармауын ескертеді.  Осындайдан барып жыр шумақтарынан туған үзінді:

Заман туды таласып ат беретін,

Беймәлімге кей шақта тақ беретін.

Дербісалы жер атын өзің алдың,

Ширағымыз жоқ еді ап беретін...-деп те жазған едік.

Менің әкем, Жампейіс ұлы Сүйіндік, 1888 жылы туып, ғасырға жуық уақыт өмір сүрген адам. Жасыны серілік құрып, өмірі ел аралаумен өткен, көргені көп еді. Әкемізден жасымызда  ара-кідік еститініміз "Дербісалы жаужүрек батыр, үнемі жекпе-жекке шығып отырған. Бір жекпе-жекте найза сынып, қарусыз қалғанда шауып келе жатып ат үстінен теректі ырғай жұлып, жауын ұрып құлатқан, жарты ғасыр аттан түспей қалмақпен айқасқан нағыз көкжал еді ғой"- деп түйіндейтін.

... Құсмұрыннан қою бұлттар көшеді,

Куә болған сол қырғынға кешегі

Ат үстінен жұлып қайың-теректі

Қалың жауға қарсы шапқан деседі...

 

Ортасында болсаң дағы азаптың,

Өзің жайлы аз жазылды, аз-ақ тым.

Кешір баба,нағыз ұлын   кеш таныр,

Қашандағы әдеті ғой қазақтың... деген жыр жолдары ой салуға тиіс.

1970 жылдары әкем "Көзімнің тірісінде батыр бабаның жатқан жерін көрсетейін, біліп жүріңдер»- деп, бәрімізді  басына апарып,    дұға жасап,   аңыз-әңгімелерін тыңдаған едік. Сол әңгімелердің біразы кітапта кеңінен орын алып отыр.

Қысқаша шолуда Дербісалы батыр туралы біраз аңыз-әңгімелер газет беттерінде басылғанын ескеріп және  кітапта кеңінен берілгендіктен, оған тоқтамай тарихи оқиғалардың бүгінгі  күндегі жалғасын тауып жатқандығы туралы әңгімелегенді жөн көрдік.

1980 жылдары аудандық білім бөлімінде қатардағы қызмет атқарып жүргенде Красная Полянаға жол түсіп, сонда дәрігер болып істейтін Жоламан деген азаматтың (жолдасы менімен бірге оқыған) үйінде бір ақсақал адамға кездескен едім, есімі Кәрібай не Кәріғұл. Ертеде осында тұрып, Қарағандыға көшкен екен.Таныса "Қай баласың, елің кім?" деп сұрады.  –Сарым, оның ішінде Дербісалымын"-деуім мұң екен, "Е, батырдың ұрпағы екенсің ғой, жарықтық нағыз жаужүрек болған ғой, әттең соны жинақтап жазатын ешкімнің жоғын-ай"-деді. Аздан соң  бір   әумесерлер батырдың киесіне ұшырап, далада қалып, кейін батыр баба басына барып дұға оқып, кешірім  сұраған еді» деді ойлана. Түс ауа кәрия жол бастап, жедел жәрдем мәшинесімен  батыр баба басына Жоламан үшеуіміз барып, дұға жасадық.

Ол оқиға мазмұны төмендегідей еді.

80 жылдары Қаңтарбеков Елемес атты азамат Красная Полянада жанар-жағар май босатушы болып қызмет атқарған. Сөзге шешен, шежіреші, тарихты көп білетін, халықтың ортасында беделді болған азамат. Содан болар, сол кездегі  Жезқазған облисполкомының төрағасы Қамза Бижанұлы Жұмабеков іс-сапарда осы үйге  жиі ат басын тірейтін. Сол Қаңтарбеков Елеместің айтқан әңгімесіне куәгер Дебекең ұрпағы Әбеуов Төлепберген бүгінде аудандық мұрағат басшысы, сол жылдары осы шауашылықта партком секретары болап қызмет атқарған.

Бірде Қаңтарбеков Елемес бар, 3-4 жігіт Жарықтан ұн әкеле жатады. Былай шыға «көңіл көтеріп алған» әлгілер Дербісалы баба басынан қатарласа өткенде, ақынсымақ біреуі «Дербісал, Дербісалды керіп сал» деп салады. Ауызды жиғанша болған жоқ –дейді Елемес, машинаның үш дөңгелегі бірдей атылып кетті. Күздің қара суығы, ол кезде жол, ағылған көлік жоқ. Ессіз далада екі күн жаттық, ұнды суға шылап жүрек жалғадық. Екі күннен

 

кейін көмек келіп, зорға қайттық. Кейін тәубамызға келіп, батыр бабаның басына мал шалып, дұға жасағанымыз бар.

Дербісалы батырдың батырлығы өз алдына, әулиелігі бар- деп үлкендер айтушы еді, көзіміз талай жетті.

Ертеректе орыстар мазардың кірпішін бұзау қора салуға пайдаланып, ол құлап бұзауларды басып қалыпты, оны қаласа қайта құлаған. Үлкендердің айтуымен кірпіш сынықтарын қайтадан мазар басына әкелген.Содан бастап жұртшылық бір-біріне   «Дебекең басынан өткенде  тоқтап, дұға  жасамай  өтпеңдер»- деп  жиі  айтады екен.

Сол жылдары Красная Поляна орта мектебіне бөлімшелерден жоғары класс оқушылары тасымалданып оқытылды.

Сол кезде Пикет (Бекет) негізгі мектебінің директоры болып Алтығаринов Балмағанбет деген азамат қызмет еткен. Бірде аудандық білім бөлімінің қызметкері Асылбеков Ойрат іс-сапарға барғанда Алтығаринов Балмағанбет екеуі таңқаларлық оқиғаға куә болған.

«Сайран»  деген автобустың  Н.Мартынов деген азамат жол үсінде Дербісалы батыр бабаның басына қатарласа келген кезде көлікті тоқтатып, жол жиегіне  тізерлеп дұға жасаған. Жігіттер таңданып мәнісін сұрағанда орыс азаматы «Это-целая история»-депті, Сондағы оның айтқан әңгімесінің мазмұны төмендегідей. Мартыновтың баласы ауған соғысына қатысқан, армиядан аман-есен келген соң, достарымен мотоциклге мініп, серуендеуге шыққан. Ащы суға тойып алған жастар батыр баба жатқан төбеде дем алып, сонда жатқан үйме кірпішке Мартыновтың баласы зәр сындырған. Жанындағы бір досы: «Мұнда киелі батыр баба жатыр»-дегенге күле қараған. Алайда сол жас жігіт үйіне келе құлаған, екі көзі алақтап, денесі дірілдеп, зәрі дұрыс жүрмей есінен

танып ауырған. «Апармаған дәрігерім жоқ, ем қонбады»-дейді әкесі. Оқиғаның шет жағасына қаныққан әкесі үлкендердің айтуымен жанына молла алып, баба басына  құрбандық шалып, құран оқытып, кешірім сұраған. Мартынов: «Балам көп ұзамай тәуір болды, содан бері осынау киелі жерге тоқтамай өтпеймін»-деп сөзін аяқтапты.

Айдаболұлы Дербісалы батыр туралы ертедегі аңыз-әңгімелер бүгінгі күнде өзінің жалғасын тауып жатқаны ақиқат. Осы оқиғаға

куәгер болған азамат Ойрат Асылбеков бүгінде аудандық бөлімінде қызмет етіп келеді.

Сонымен қатар, кезінде Жаңаарқа, Шет аудандарында ауылшаруашылығы саласында басшылық қызмет атқарған 90 жастағы Жағыппар Есембеков бүгінде Ағадыр кентінде тұрады.   1962-1963 жылдары Красная Полянада еңбек еткен. Сол ақсақал Красная Полянаға таяу өзен жағасында   Төртауыл деген ауыл болғанын жақсы біледі екен. Қариялардың айтуы бойынша бір-біріне жақын орналасқан кішігірім қоныс тепкен үйлерді халық Төртауыл атаған. Кейін орыстар Тартауыл деп атап кеткен.

Жағыппар ақсақал Дербісалы батырдың басында бірнеше рет болған, аңыз-әңгімелердің бәрінен хабардар, өткен-кеткенде дұға оқып, басына барып жүрдік деп әңгімеледі.

Дербісалы батыр кесенесінің батысында Құсмурын тауының қойнауында "Алшын қыстағы" деген атпен танымал ескі жұрт бар. Сол жерде Қабылда, Қасым деген ақсақалдар бабалары мекендеген, кейін Ақшоқы ауылында тұрған. Бүгінде сол Красная Поляна ауылының мектеп директоры, ұрпағы, Хасенов Дәлелбек: "Ақсақалдар Дербісалы батырдың аңыз-әңгімелерін кейінге дейін ұзақ әңгімелейтін. Ол маңнан өткенде батыр басына дұға оқымай қайтпаушы едік, аруағы қолдап-қорғап өніп-өстік қой"- деп отыратын.

Құсмұрынның күнгей жақ беті, қарасаң көз тоймайтын сұлулық, биік-биік тау шыңдары, құздан құлаған арнасы ағынды өзен бастамасы, 5-10 шақырымдық үлкен алаң бар.

Дербісалы батыр бірде ұзақ ұрыста ірі жеңіске жетіп қалың қолымен осы әсем жерге 1-2 күн аялдаған. Тыныққан соң, өз батырлары арасында соғыс өнерінен сайыс өткізген, бұл батырдың

әдеті екен. Дебекеңнің екі мықты батырлары ортаға шығып сайысқан, сонда бірінің найзасы сынған. Ел аузында сол алаң "Найза" аталған, кейін совет үкіметі тұсында бұл маңда негізгі дені орыстар тұрған, олар жерді "Найда" деп атап кеткен. Осыдан 6 жыл бұрын сол жерде шаруа қожалығын құрған Ақсу-Аюлы тұрғыны Сабырұлы Қуаныш ел аузындағы осынау дерекке қанығып, соны негізге ала отырып жеке шаруашылығын "Найза" деп тарихи атауымен атап, бүгінде табысты еңбек етіп келеді. Бізге бұл оқиға кейіннен ғана белгілі болды.

 

Жоғарыда атап кеттік, Дербісалы батыр туралы аңыз-әңгімелер мол-ақ, оның бәрі халықтың сүйіспеншілігінен туған.

Менің бабам қақтаған қыр аптабы

Көшіп-қонып, ұрпағы тұрақтады

Біздің тарих, ол дағы қалың тарих

Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы,-деген  замананың ақиық ақыны Қадыр Мырзаәлі.

Осынау бір ақ жол жыр шумағы, сайын даланы мекендеген  қазақ деген ғажап халықтың ұлы тұлғаларының жарқын істерін  әлі өз мәнінде ашып, тиісті бағаларын алмай келе жатқандығын көрсетеді.   Қатпар-қатпар тарихы бар халқымыздың, оқулығы  салыстырмалы түрде қарасақ,  бір-ақ парақ, ағайын!

Кей-кейде "Ойбай, ана батыр туралы мәлімет аз, жоқтың қасы, бәлен екен, түген екен"-деп жатамыз.

Кешегі иегі асты болған Ұлы Отан соғысы тарихының өзі  әлі толық ашылмай жатыр емес пе?

Дербісалы батырдың күні кешегі ізбасар ұрпақтары: немістерден шешуші айқаста Москваны қорғаған Бауыржан, жау тылында атой салған Қасым, неміс фашизмінің ордасының маңдайшасына туды  бірінші қадаған Рақымжан батыр ағаларымыз тарихтан дер уақытында  лайықты бағасын ала алды ма, алған жоқ!

Тек еліміз Тәуелсіздік алған соң ғана тарих сахнасынан өз биігінен көрініп, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаевтың  тікелей араласуымен лайықты бағасын алған еді.

Ендеше, жазба емес, ертеде ауыз әдебиеті дамыған елге, осыдан 300 жылдан астам болып кеткен оқиғадан, «өзіне» қажетті жерде бір шалдың сөзін тарихқа айналдырып, қисынсыз жерде

"мөр" басылған анықтама қағаз іздеп жүргендерге "халық айтса, қалт айтпайды" деген даналық сөзді зердеңе құй"- дер едік. Бабалардың "Сөзді  айтқанға сенбе, қисынына    сен" деген даналық сөзі тағы бар екендігін ескерген жөн.

Айдабол ұлы Дербісалы батырдың артында қалған батырлық аңыз-әңгімелері бір емес, бірнеше кітапқа арқау болатындай, еліміздің шұрайлы елді-мекендері өзінің, ұрпақтарының аттарына берілуі, сонымен қатар, әлемді таң қалдырған Ұлы даланы қалың жаудан қорғаған, қолының табы қалған Алмас Қылыштың үш ғасыр бойы атадан-балаға мирас болып бүгінгі күнге жетуін-тарихтың алтын қоры деп бағалау керек.

 

Ертеректе үлкендер кешкі малды тосқанда  ауыл маңындағы төбеде бас қосып, өткен-кеткен тарихты  көп қозғайтын. Сондайда әкем Сүйіндік, Рақымжан, Амандық, Жақсыбек, Сары, Жүніс, Отыншының Серігі, Ілияс,

Нілдібайдың Әлдебергені, Меди, Мұса, Аманжол  т.б. ақсақалдардың  батыр баба жайында айтқан аңыз-әңгімелерін естіп өстік, олар мәңгі жадымызда.

Ағайындар! Біз бүгінгі іс-шараның кейінгі ұрпаққа тәрбиелік мәніне баса назар аударуымыз керек. Ғасырлар бойғы қанды соғыстар, орыс империя үстемдігі, Кеңес үкіметінің зобалаңы, ашаршылық қазақ халқының маңдайалды ұл-қыздарын жер аударып, мерт етті, ұлтымыздың рухын әлсіретті, содан әлі бойымызды тіктей жаза алмай келеміз. Осындайда рухты көтеретін шығармалар, шаралар әлі де болса қажет-ақ. Есімізге жыр дүлділі, өз ұлтының қорғаны Расул Гамзатов есімі ойға оралды.Кеңестің дүрілдеп тұрған кезінде Орталықтан ақынға: екі күн ішінде «Литературная» газетаға Дағыстан туралы мақала беріңіз»-деген нұсқау келеді. Осынау ғажап елдің тарихын 2 күнде жазып, жарты бет газетке сиғыз» деген  нұсқау ақынның ашу-ызасын тудырады.

Атақты «Менің Дағыстаным» кітабының тууына осы себеп болған. Ол кітапты үйінде ұстамаған, оқымаған адам дағыстандық боп саналмайды екен. Содан шығар тау халқының ұлы қолбасшысы Шәміл «кіші елге үлкен қанжар» керек деген қағидасын заманға сай «кіші елге үлкен рух керек» деп ұлы ақын жар салды. Міне-даналық!

Немесе Ұлы Отан соғысының  шешуші шайқастар кезінде И.В.Сталин талантын ескере отырып  А.А.Фадеевті шақырып, мынау қиын-қыстауда елдің, оның ішінде жастардың рухын көтеретін кітап керек, оны бәрі оқитындай жазу керек деген талап қойған.

Атақты «Молодая гвардия» осылай туған. Сол жастарға еліктеп Ұлы Отан соғысында қаншама ерліктер жасалды.

Шынын айту керек, бізде ұлы тұлғаларымызды айшықтайтын кітаптар бар болғанымен әлі аз, ал кинофильмдер жоқтың қасы.

Бүгінгі қолдарыңызға тиіп отырған Айдаболұлы Дербісалы батыр туралы кітап, өткізіліп отырған іс-шара, ерлік рухтың теңізіне тамған бір тамшыдай болса, еңбегіміздің далаға кетпегені деп түсінуіміз керек.

 

Құрметті халайық! Дербісалы батырдың ұрпақтары!

Осынау қазақ халқының даңқты ұлы Дербісалы батырдың өміріне зерттеу жұмыстарын жүргізуді бастап, құнды-құнды пікір білдірген ғалымдарға: профессор, техникалық ғылымының докторы, Халықаралық ғылым Академиясының (Москва. Бауман атындағы МВТУ және Санкт-Петербург

қаласы) корреспондент мүшесі, осы салада мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Меккеге жаяу 5 ай жүріп барған, Жаяу қажы Махаббат Рымқұл Түсіпбекке, философия ғылымының докторы, профессор Мәуен Хамзинге, философия ғылымдарының докторы, профессор Е.А. Бөкетов атындағы КарМУ-дің философия факультетінің деканы Мұхаммеддин Ілиясұлы Әбдуовке, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Мәдениет саласының үздігі, тарихшы, қаламгер М. Баймұхановқа, этнограф –жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері Төрехан Майбасқа, өлкетанушы, этноархеолог Темірғали Аршабековке, аңыз-әңгімелеудің негізгі денін жинақтаған  Ғалым Мұсатайға, әкеміз орнындағы Жақсыбек ұрпағы Социал, Төлеуқадыр  ағаларымызға, қазақтың ақиық ақыны, жыр

дүлділі, Қазақстан Республикасының қайраткері Серік Ақсұңқарұлына, батырға дастан арнаған талантты ақын Бақтыбай Аманжоловқа, Ұлы тұлға  Дербісалы батыр туралы кітапты  құрастырушы   тау тұлғалы,   Қажы Мұса Әрінұлына, осы шараға барынша қолдау көрсеткен аудан әкімі Р.Қалиақпарұлына, мәслихат хатшысы Ә.Смағұловқа, спорт түрлеріне демеушілік    көрсеткен Отыншының Серігінің немересі Қуан Балғанұлына, атақты Сембай жылқышының немересі Жамбылға, Амандықтың немересі Балхашбай баласы Мейрамға тағы да басқа атсалысқан азаматтарымызға ұрпақтары атынан басымызды иіп,

рахметімізді айтамыз. Сіздерге  Алланың нұры жауып, отбасыларыңызға  береке-бірлік, бақыт әкелсін деп тілейміз.

Өздеріңізге белгілі баба ұрпақтары 1987 жылы батырдың басына белгі қойып, қоршады, ал 2008 жылы батыр баба басына  құран оқытып, арнайы зәулім кесене тұрғызды.

Оның көктасына:

...Жауына жекпе-жекте дес бермеген,

Дебем-ай, жолбарыс ең сескенбеген!-деген ел аузындағы жыр жолдары мәңгілік ұрандай, өшпестей болып қашалып жазылды.

 

Бүгінгі біздер өзімізді бақытты санауымыз керек, өйткені айбынды Айдаболұлы Дербісалы батырдың кесенесін көтеріп, кітабын шығарып, құран оқытып,ас беру мәртебесі бүгінгі ұрпақтың маңдайына жазылған екен. Осынау қастерлі де қасиетті шарамыз баянды болсын, Еліміз тыныш, ұрпақтарымыз аман болсын.

Қазақ халқының  елдігі мен жер тұтастығын найзаның ұшы, білектің күшімен қорғаған даланың көкжалы, жекпе-жектің көзсіз батыры, қолбасшы   Дербісалы Айдаболұлы Тағылы- Бұғылының сілемі Құсмұрынның қойнауында, Нұраның бойында мәңгілікке дамылдап жатыр.

"Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, батыр баба" дейді бүгінгі ұрпақтары.

 

Зәрубай Сүйіндікұлы.

Ақын, күйші-композитор,

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің

үздігі.