Вторник 28 Июля 2015

 

 

Әке аманаты

(Шертпе күй шебері Қайролла Дәулетбекұлының шығармашылық кешінен үзік ой)

 

 

Елге танымал шертпе күй шебері Қайролла Дәулетбекұлының Қарағанды қаласындағы Кеншілер сарайында өткен «Күй-ғұмыр» шығармашылық кешіне арнайы шақырылып, күй додасына қатысып қайттым. Небір хас шеберлер қатысқан осынау іс-сапардан алған әсерім қандай?

 

Қайролланың әкесі  дарабоз күйші Дәулетбек Сәдуақасұлымен сырлас, мұңдас болдық. Несін айтасың шебердің шебері еді ғой, адамгершілігі қандай, көпке үлгі болатындай тұлға еді. Қайталамай-ақ қояйын, еске алу кітабында, 75 жылдық мерейтойын жүргізгенде, Дәукең туралы деректі фильмде де көп ойларым, пікірлерім айтылған.

Сонымен, бірде Қайролла жұмыс орныма кіріп келді: «Зәке, Шетке арнайы   Сізге сәлем берейін, әкемнің аманатын орындайын деп келдім-деп жымиды.

Есіңізде ме, бірде әкем: «Қайролла, маған жасаған домбыраң бүгінде қолымнан түспейді, енді сен осы Зәрубайға осы үлгіде  бір домбыра жасап бер,  саған бұл арнайы тапсырыс»-деді. «Жақсы, әке»-деп  басымды изедім. Сөйтіп жүргенімде аттай бес жыл өтіп кетіпті, әкем о дүниелік болды. Бірақ осы әке аманаты ойымнан шыққан емес. Ақыры қолға алдым. Жасаған соң небір шеберлерге көрсеттім, жақсы баға берді. Сол домбыраны алдыңызға әкеп тұрмын, қабыл алыңыз. Сізді көргенде әкемді көргендей боламын »-деп толқыды.

Көп рахметімді айттым.

Көп әңгімелестік, қаншама пікірлер айтылды. Сөз аяғында Қайролла: Мен әкемнің домбыра мектебінен  тәлім-тәрбие алдым, шыңдады. Бағымды байқап әр –түрлі додаларға қатысып, Алматыда, Астанада «Күй-керуенде» Қыздарбек, Әбди, Сембектің күйлерін орындадым. Әкемнің көзін көрген  кейбір шеберлер : «Мынау аумаған Дәукеңнің көзі ғой»-деп мақтау сөздерін айтып жатты, осы мені қанаттандырды.

Енді ойым шығармашылық кеш өткізсем, соған пікіріңізді біліп, ақыл қоссаңыз»- деп ағынан жарылды.

Құптай кеттім, бірақ оның оңай шаруа емес екені таразыланды, өткізу жолдары туралы пікірлестік.

Көп ұзамай Қайролла 7-ші ақпан күні өтетін шығармашылық кештің  жарнамасы, шақыру билеті бар, ауданға ат басын  бұрыпты.

Аудан әкімі Рысқали Қалиақпарұлы, аудандық Мәдениет  саласының басшылары қолдау көрсетті.

Енді шығармашылық кешке атағынан ат үркетін, ұран күйдің хас шебері «Құрмет» орденінің иегері, профессор, Ақтаулық Сержан Шәкірат, құран күйдің тарланы, ұстаз-ғалым, Астанадан Жанғали Жүзбаевтың келіп қатысуы абырой-даңқын арттырып жіберді. (Осының алдындағы мақалада тартқан күйлері туралы толық жазылғандықтан қайталамадым).

Кеншілер сарайының басшылары  Жаролла мен Саят бауырларымыз керемет режиссерлық шешімнің үлгісін көрсетті. Сағынышқа айналған Дәулетбек Сәдуақасұлы  экранда «Телағыс» бейнефильмінде күй орындап жатқанда аспаннан түскендей сахна биігінен ақырындап күйшінің қара домбырасы төмендеп келе жатты, сол сәтте Қайролла ұмтыла басып домбыраны қолға алып, сүйіп, басын иді де, атақты «Мұңқосбасарды» төгілдірді.  Жанарына қарасам жасқа толы екен. Күй аяқталысымен іле сахнаға Дәукеңнің немересі, шебер күйші Жүсіп көтерілді,  Құрманғазының «Адайы» кең даланы шарлап кетті.

Алдында дайындықта Жүсіп күй тартқанда, аузы ауыр Сержан ағамыз: «Мына баланың болашағы зор екен» -деп үлкен баға берді.

Сценарийге қарасам, менің кезегім күй перілері Жанғали мен Сержан ағаның ортасында тұр екен. Қайроллаға қарап: «Бауырым , мені тым қиын жерге қойған екенсіңдер»-деп күлдім.

Дайындықта Жанғали жаныма келіп: «Аға, Әбікеннің «Қоңырын» орындайды екенсіз, бұл бір киелі күй, домбыра таңдайды, тартыңызшы тыңдайын»-деді. Орындадым.

-Бәрі тамаша,  бірақ  бұл күйді мына домбырамен тартыңыз- деп қолындағы домбырасын ұсынды.

-Өзім   осында  бір https://www.acheterviagrafr24.com/viagra-ordonnance/ шәкіртеріме домбыра алғызам, сонымен тартам-деді.  Домбыраның тұрпаты да үні де ерекше, жанға жайлы, қоңыр үнді екен.

Артынан білсем Көкшетаудың ағашынан, құны 2 мың доллар тұратын, атақты Мағауия күйшінің домбырасының үлгісімен жасалған ғажап дүние екен.

Екінші тартқан күйім өз туындым Дербісалы батырға арналған «Ерлік толғауы» еді. Артынан Жанғали: «Зәке, домбыраны күйге дұрыс таңдасаңыз, нұр үстіне нұр болатынын естен шығармаңыз, мен өнер жолында соны байқадым . Ал өз шығармаңыздың нотасын беріңіз, мұны үлкен дүниеге айналдыруға болатындай екен, жалпы шығармашылық байланыс жасайық» деп бір көтеріп тастады. Атақты Аққыз апаның жиені, шертпе күй шебері Болат Жұматайұлы да : мына домбыраның үні ғажап, күйді күңірентіп жіберді» -деп қолымды алды. Айтпақшы, сол бауырым биыл Ақтоғайда теңдессіз күйші Аққыз апаға арналған шертпе күй додасын өткізуге  дайындалу рәсімдері  жүріп жатқанын хабардар етті.

Шығармашылық кеште шертпе күй шебері Қайролла Қыздарбек, Әбди, Сембек шығармаларынан 6 күй орындады, Қарағандының өнер сүйер қауымы әр күн сайын зор ілтипат жасап, ыстық ықыластарын білдіріп отырды. Марқұм Дәукең әруағы риза болып, бір аунап түскен шығар деп ойлаймын.

Жалпы, Сержан Шәкірат ағамыз, Жанғали бауырымыз  екі күн бірге жүргенде  күйшіліктері  өз алдына парасаттылықтарымен, адами болмыстарымен бәрімізді тәнті етті.  Соның әсері болу керек, өзім күй тартар алдында сиясы кеппеген мына жыр жолдарын үлкен сахнадан оқыдым.

Жанғалидың  жан тебірентер шертпесі,

Көңіліңнің дөп басады-ау серппесін.

Күй толқыны қалар ма екен ортайып,

Жүсіп бауырым сендер келіп кеткен-соң.

 

Қарағандыға келе қалып әз Ақтау,

Бар қазақты жалт қаратып жатыр-ау...

Не сиқыр бар саусағыңда Сері аға,

Домбыраңыз адамша , егіледі япыр-ау!

 

Тектіліктің бойыңнан лебі еседі,

Қай қазақ өзіңменен теңеседі.

Құшақ жайып қарсы алды Арқа елі,

Алыстағы армандай елес едің.

Елес едің Сері аға елес едің,

Өнерімнің кеңейткен келешегін!

 

Күй дегенің киелі ғой, киелі,

Қайроллаға қарасам кемсеңдейді иегі...

Домбыраңның сырға толып шанағы,

Күй теңіздің көрінбейді-ау жиегі...

Күй дегенің киелі ғой, киелі,

Ұлылыққа мен басымды иемін!- дедім де домбырамды қолға алдым.

 

Осынау тәрбиесі мен тәлімі мол іс-шара қас-қағымда өткенімен мәңгілік есте қалатындай үлкен әсер қалдырды.

Кетерде Сержан Шәкірат ағамыз : «Шырағым, елдің бәрі менің күйіме қол соғады, бірақ арнап жыр жаза бермейді, өлеңіңді бер ескерткішке ала кетейін, мамандығым журналист екенін ескертіп қояйын»-деді. Өлеңді қолына алып тұрып: «Ал, бауырларым, Арқаның күйлеріне тәнті еттіңдер, мен де шертпе күйлерді репертуарыма енгізіп келесі кездескенде міндетті түрде орындайтын боламын. Шетті шертпе күйдің отаны дейсіңдер, шақырсаңдар аман болсам келемін»-деп қимастық сезім білдірді.

Жанғали да: «Шет менің өз ауылым. Шертпе күй шеберлері Дәукең, Орал сияқты ағаларыммен талай күй додаларында болғаным бар»-деді.

 

Қазақтың осынау маңдай алды бас күйшілерімен бірге күй тартып, екі күндей сырлас, сапарлас болғанымыз сірә да естен кете қоймас.

Қайролла бауырыма домбыраңның шанағынан төгілген күй селі толассыз жауған ақ жауындай еселей түссін деп тілеймін.

 

 

З.Сүйіндікұлы

ақын, күйші- композитор