Tuesday 05 May 2015
Ұлы Жеңіске биыл 70 жыл толып отыр. 1945 жылдың 9 мамыры күні дәл осы шаттық хабарды естіп бүкіл әлем теңселіп кетті. Жер жүзі халықтарының жүректері қуныштан лүпіл қақты... 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің 70 жылдығы құрметіне, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ерлігіне, қаһармандығы мен қайсарлығына ерекше құрмет көрсету- әрқайсымыздың басты парызымыз. Ел басына қасіретті күн туғанда қолдарына қаруларын алып, еліне қорған болуға ұмтылған, ауданымыздан аттанған жан қаншама дессеңізші... Солардың ішінде қазір ауданымыздағы соғыс ардагерлері де бар: Жұматай Құтжанов, Мұқажан Ақажанов және т.б.
Өкінішке орай қатарлары сиреп қалды, ал олардың ерліктері ешқашан ұмытылмайды.
Аудандық мұражайда «Жеңісті жақындатқан жерлестер» атты соғыс және тыл ардагерлерімен кездесу кеші болып өтті.
Кешке кешегі сұрапыл қан майданның шебінде қолында қару, жүрегінде намыс, бойында қайсарлық пен ерлікті ту еткен майдангер Ақажанұлы Мұқажан атамыз , сонымен қатар соғыс жылдары елінің бейбітшілігі үшін Ұлы Жеңіске жету жолында жанқиярлық істерімен тарихта қалған Шәукей Жұқанұлы атамыз, майдан мен тылдың біртұтас қимыл-әрекетінің арқасында келген Жеңістің куәсі болған, тыл ардагерлері - Өкен Жуасбайұлы, Шәйкен Әлғожаұлы, Егінбай Көкенұлы, Социал Жақсыбеков, Медет Байтанасов, Қуаныштай Сейілбеков, Социал Жақсыбеков аталарымыз ортамызда болды. Сол бір жылдардың ізі ел көкейінен өшкен жоқ, соғыс өртінің шарпуы тимеген шаңырақ бар ма екен, сірә? «Майдан», «тыл» деген- бірі мылтықты, бірі мылтықсыз- екеуі де жанкешті шайқас болды емес пе!
Мұражайда Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерін ардақтап, құрметтеу мақсатында мұражай қызметкерлерімен бірге Ы.Алтынсарин мектебінің ұстазы П.Қуанышбекованың жетекшілігімен 7 а сыныбы оқушылары келіп қатысты. Мұражай директоры З.Сүйіндіков майдангерлерге арнап өзінің жүрекжарды тілегін білдірсе, сынып жетекшісі П.Қуанышбекова мен мұражай қызметкері С.Қамытбаева қанқұйлы сұрапыл соғыстың зардаптарына тарихи шолулар жасап , Ұлы Жеңіске қол жеткізген майдангер аталарымыздың ерліктері жайлы оқушыларға айтып берді.
Ал, мектеп оқушылары Жеңіс мерекесіне арнап жырдан шашу шашты. Әскери әндер айтылып, монтаж –қойылым көрсетті. Олардың орындаған «Ана туралы баллада» әні, «Катюша» биі, «Бейбіт күн тілегі» атты хоры ардагерлердің көңілін бір көтеріп тастады. Ерлік, батырлық туралы мақал-мәтелдер айтып, кештің сәнін аша түсті. Әсіресе, ардагерлердің көңілінде ерекше әсер қалдырған «Әлияның соғысқа аттануы» атты соғыс жылдарынан үзінді көрініс болды. Ардагер аталарға барынша құрмет көрсетуге әр бала өзінше атсалысып, қарттарды риза етті. Мұражай қызметкерлері «Ұлы Жеңіске 70 жыл» , «Қазақ хандығына 550 жыл», «Шоқан Уалихановтың 180 жылдығы» атты арнайы жасаған жаңа экспозицияларға шолу жасады.
Мұражайға келіп іс-шараға қатысқан, ортамызда болған майдангер-ардагер аталарға айтар алғысымыз шексіз.