Monday 23rd September 2013
Ол кезде аудандық мұражай тек сөз жүзінде ғана бар еді, ешқандай жөндеуі жоқ, безендірілмеген, жылу, жарық жүйелері істен шыққан, штат бірліктері селолық клуб қызметкерлерінің есебінен 1-2 адам ұсталып, жәй есепте тұрған еді, тіпті мұражай ғимаратының өзі мұражайға бекітілмеген.
Ең алдымен сот арқалы мұражай ғимаратын мекемеге заңды бекітіп, одан аудан, облыс басшыларына шығып, 2008 жылы юстициядан тіркеуден өткізіп, жеке өз алдына мекеме болып ашылды.
Шет аудандық археологиялық-этнографиялық мұражайы болып біртіндеп өз күштерімен жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 2010 жылы жол картасымен 12 млн.теңгеге жеке отқазандық салдырып, жылу, жарық жүйелеріне, жалпы сапалы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Мұражайдың 5 залы бүгінде күн талабына сай безендірілген, оргтехника, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Сол жылы ауданға қарасты Өспен елді-мекенінде Сәкен Сейфуллин атындағы тарихи-этнографиялық мұражайы ашылып, бүгінде филиал ретінде қызмет атқарып келеді.
Биыл 2013 жылы Өспен мұражайына жаңадан отқазандық салынып, жылу жүйелері жасалды. Жабдықтау, безендіру жұмыстары жүргізілді.
Мұражайлардың материалдық-техникалық базасының нығайып, ғылыми-зерттеу, жинақтау жұмыстары кейінгі жылдары өз дәрежесінде жүргізіліп, оң нәтижесін бере бастады.
Бүгінгі күні мұражайлар қорында 2786 экспонат бар.
Мұражай қорын байытуда қалың жұртшылық, мектеп ұжымдары , т.б. қоғамдық ұйымдар белсене атсалысты. Бүгінгі күндері мектептер тарих, жаратылыстану сабақтарын, тәрбиелік сынып сағаттарын, белгілі тарихи тұлғалар туралы мұражай қызметкерлерімен бірлесе өткізу үрдіске айналды.
Мұражай қызметкерлерінің басты назарында «Халық-тарих толқынында» бағдарламасы негізгі бір шараға айналған. Тек биылғы жылдың өзінде Жидебай, Дербісалы батырлардың 300 жылдық мерейтойы тәрбиелік мәнімен өз дәрежесінде өткізілуіне мұражай қызметкерлері белсене ат салысты. Енді кешегі Қыздарбек, Сембек, Әбди, Әбікен ,Аққыз шертпе күй шеберлерінің күй мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізуде аудандық мұражай үлкен сүбелі үлес қосып келеді.
2008 жылы Республика бойынша аудандық жерде бірінші рет «Күй- керуен» байқауы өткізіліп, халықтың ықыласын алды.
2013ж.20-шы қарашасында ұлы күйшілердің ізбасары Дәулетбек Сәдуақасұлының туғанына 75 жылдығына орай Астана, Алматы, Қарағанды облыстарының күйшілерінің қатысуымен әдеби-сазды кеш өткізу жоспарланып отыр. Оның алдында «Дала дауысы» байқауы өткізіліп, халықтың ризашылығына бөленді.
«Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес жер-су аттарының топонимикалық картасын жасауда мұражай қызметкерлері тікелей ат салысып жатыр. Осындай бүгінгі күн талабына сай шаралар жалғасын табуда.